2010 жылы елге төтенше жағдайлардан келген зардап 222 млрд. АҚШ долларын құрады

АНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Сақтандыру компаниялардың мәліметіне сәйкес, 2010 жылы елге төтенше жағдайлардың барлық түрінен келген зардап 222 млрд. АҚШ долларын құрады.

Бұл сандарды бүгін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтың қатысуымен өткен Төтенше жағдайлар министрлігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Владимир Божко келтірді.

«Сақтандыру компаниялардың мәліметі бойынша, 2010 жылы табиғи апаттар салдарынан елімізге 130 млрд. АҚШ долларына залал келді. Ал антропогендік апаттарды қоса есептегенде - 222 млрд. АҚШ долларын құрады», - деді ол.

В.Божко, 2010 жыл ел үшін төтенше жағдайлар тұрғысынан алып қарағанда оңай болмағанын айта келе, осы жылы апаттардың қауіптерін азайту және төтенше жағдайлардың салдарын тиімді жою бойынша мемлекеттің әлеуетін дамыту бағытында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Мәселен, бақылау қызметіндегі материалдық резервті құру, сондай-ақ қауіп-қатерлерді тәуелсіз бағалау, өнеркәсіптердің өрт қауіпсіздігіне жүргізілетін аудит мәселесіне қатысты заңнамалық базалар жетілдірілді. Бизнес үшін рұқсат беру қағаздары 199-дан 135-ке дейін қысқартылды. Аудан әкімдіктері дала өрттерін сөндіруге қаржыландыруды арттырды.

«Барлығы 2010 жылы бұл мақсаттарға 800 млн.-нан астам теңге бөлінді. Өртке қарсы мемлекеттік қызметтер жоқ аумақтарда ерікті өрт сөндірушілерді құру жұмыстары басталып, жалғастырылуда», деп түйіндеді министр.