2010 жылы Қазақстанда астықтың жиынтық көлемі 12,2 млн. тоннаны құрады - алқа мәжілісі

АСТАНА. 20 қаңтар. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - 2010 жылы Қазақстанда астықтың жиынтық көлемі 12,2 млн. тоннаны құрады.

Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтың қатысуымен өткен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2010 жылғы жұмысының қорытындысына және алдағы жоспарына арналған алқа мәжілісінде ведомство басшысы Ақылбек Күрішбаев айтты.

«Өсімдік шаруашылығындағы жұмыстардың нәтижесіне тоқтала келе, есептік кезеңде астықтың жиынтық көлемі өңделгеннен кейін 12,2 млн. тоннаны құрағанын атап өткім келеді. Бұл ішкі нарық сұранысын толығымен қанағаттандырады және болжанғандай 7 млн. тонна көлемде экспорттық жеткізілімдерді қамтамасыз етеді», - деді министр.

А.Күрішбаев сондай-ақ, өткен жылы 775,5 мың тонна майлы дақылдар, 2 млн. 576,9 мың тонна көкөніс және 2 млн. 554,6 мың тонна картоп өндірілгенін атап өтті. «Бұл алдағы егінге дейін ішкі нарық сұранысын жабуға жеткілікті», - деді ол.