2011 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде Қазақстанның жастар құрамасы швециялық футболшылармен 1:1 есебімен тең түсті

АЛМАТЫ. Қазанның 12-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ -  Кеше  Астанада футболдан 2011 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турниріндегі 6-шы ойынын Швеция футболшыларымен өткізген Қазақстанның жастар құрамасы  1:1 есебімен тең түсті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жаңадан тағайындалған бас бапкер Павел Петрович Роденканың  өз тәлімгерлерімен өткізген алғашқы   ойыны еді. Сербиялық Бошко Йованетичтің қазылығымен өткен кездесудің екінші бөлігінде  жартылай қорғаушы Павел Шабалин (51 минут) алаң қожайындарын алға шығарған болатын. Қонақтар ойынның  соңғы сәттерінде ғана Никита Калмыков қорғаған қақпаға қарымта доп соғып (88 минут) есепті теңестіріп кетті.

Ел құрамасы келесі ойынын енді қазанның 14-і күні Черногорияның Никсич қаласындағы «Градский» стадионында өткізеді. Бұған дейін Сергей Гороховодацкийден тәлім алған олар  маусымның 7-сі күні  Алматыда черногориялықтарға 0:2 есебімен есе жіберген болатын. Жалпы қазіргі таңда Душан Власавлевич жаттықтыратын қарсыластар 3 кездесуден кейін 4 ұпаймен 4-ші орында келе жатса, қазақстандықтар 6 ойыннан кейін 5 ұпаймен 3-ші орында тұр. Алдыңғы екі орынға 3 ойында 7 ұпайдан жинаған Швеция мен Израиль құрамалары жайғасса, 5 ойында    4 ұпай жинаған  Болгария футболшылары 5-ші орынды қанағат етуде.