Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын мақұлдады.
Құжатқа сәйкес, Мемлекет басшысының Жолдауда жүктеген міндеттерін жүзеге асыру көзделеді. Атап айтқанда, 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы төлемдерінің мөлшері 30 пайызға артады. Бұл ретте зейнетақы төлемдерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыстың шегін 32 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру, ал әскери қызметшілер қатарынан шыққан зейнеткерлер үшін 86 АЕК-тен 104 еселенген көрсеткішке дейін көтеру көзделеді. Бұл қазір зейнетақы алып жүрген зейнеткерлер және зейнеткерлікке енді шыққан зейнеткерлер үшін теңдей жағдай жасауға мүмкіндік береді. Құжат бойынша баяндаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықованың айтуынша, 8 мың теңге шамасындағы базалық зейнетақыны есепке алғанда, Қазақстандағы зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 24 мың 47 теңгені құрайды. Ал орташа мөлшері 35 мың 950 теңге, ең жоғарысы 52 мың 226 теңгені құрайды.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.