2012 жылғы қаңтар-шілдедегі сыртқы сауда айналымы 78 млрд. АҚШ долларына жуық қаржыны құрады

АСТАНА. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - 2012 жылғы шілдеде халықтың орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары 51068 теңгені құрады. Бұл туралы бүгін брифингте ҚР Статистика агенттігінің басшысы Әлихан Смайылов мәлім етті.

«2012 жылғы қаңтар-шілдедегі сыртқы сауда айналымы 78 млрд. АҚШ долларына жуық қаржыны құрап, 2011 жылғы қаңтар-шілдемен салыстырғанда 17 пайызға өсті, оның ішінде экспорт - 54087,5 млн. АҚШ долларын (13,8% өсті), импорт  - 23894,5 млн. АҚШ долларын құрады (25,1% өсті)»,-деді агенттік басшысы.

Бұдан бөлек, 2012 жылғы шілдеде халықтың орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары бағалау бойынша 51068 теңгені құрады. Өсім 2011 жылғы шілдемен салыстырғанда атаулы ақшалай табыстар үшін 9,9 пайызды, нақты ақшалай табыстар үшін - 5 пайызды құрады.

Биылғы жылғы шілдеде қызметкерлерге есептелген орташа айлық атаулы жалақы 106620 теңгені құрады. 2011 жылғы шілдеге қарағанда 14,7 пайызға өсті. Нақты жалақы индексі 2011 жылғы шілдеге 109,5 пайызды құрады.

«2012 жылғы тамызда жұмыссыздар саны бағалау бойынша 467,8 мың адамды құрады. Жұмыссыздық деңгейі экономикалық белсенді халық санына 5,2 пайызды құрады. Жұмыспен қамту органдарында жұмыссыздар ретінде тіркелгендер саны 2012 жылғы тамыз соңына 61,5 мың адамды құрады немесе экономикалық белсенді халық санына 0,7 пайыз. Жасырын жұмыссыздық деңгейі бағалау бойынша экономикалық белсенді халық санының 0,3 пайызын құрады»,-деп түйіндеді Ә. Смайылов.