*** «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Президенттің жұмыс кестесі: 2013 жылдың негізгі қортындылары» деген тақырыппен көлемді мақала берілген. 2013 жыл - мақсаты Қазақстанның әлемнің анағұрлым дамыған 30 елінің қатарына қосылуын қамтамасыз ету болып табылатын «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың алғашқы жылы болды. Бұл мемлекеттік органдар мен ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қызметінен нақты көрінді. Шетелдік сапарларды, өңірлерге жұмыс сапарларын, түрлі отырыстар мен мәжілістерді, халықаралық және республикалық форумдардың жұмысына, конференциялар мен съездерге қатысу, шетел мемлекет және қоғам қайраткерлерін қабылдау, жұртшылық өкілдерімен және еңбек ұжымдарымен кездесу, өнеркәсіп кәсіпорындары мен әлеуметтік нысандарға баруды қоса алғанда, жыл бойы Президент Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен 700-ден астам хаттамалық іс-шара болып өтті. Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен еліміздің 14 өңірінде болды. Екіжақты қарым-қатынастардың аясындағы 7 шетелдік сапарды, сондай-ақ 9 мемлекетаралық саммит пен 4 халықаралық форумды қоса алғанда, Елбасының қатысуымен 170-ке жуық кездесу мен халықаралық сипаттағы іс-шаралар болып өтті. Н.Ә.Назарбаев 14 баспасөз конференциясы мен брифингтер өткізіп, шетелдік және отандық жетекші БАҚ-қа 8 сұхбат берді. Жыл бойына Президент 6,8 мыңға жуық құжаттарды қарап, қол қойды, олардың қатарында 94 заң, 259 жарлық, 107 өкім, 19 мәжіліс хаттамалары, 2 439 қызметтік құжаттар, 3 640 талдамалық және ақпараттық-анықтамалық материалдар, азаматтардың 232 арыз-шағымдары мен хаттары бар. Осы кезеңде Мемлекет басшысы барлығы 70 күн іссапарда болды, оның 23 күні шетелдерге, 47 күні Қазақстанның өңірлеріне арналды.
Сондай-ақ бас басылымда «Сотталушылар азаймай отыр. Неге?» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Мәжіліс Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченконың жетекшілігімен кеше биылғы жылдың алғашқы Үкімет сағаты «Еліміздегі құқықтық тәртіптің жай-күйі және ішкі істер органдары қызметінің басым бағыттары туралы» деген тақырыппен өтті. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов өз баяндамасында Ішкі істер министрлігі жүйесін реформалау, еліміздегі криминалдық ахуалдың жай-күйі, аса ауыр қылмыстар мен ұрлықтың алдын алуға бағытталған бағдарламаның нәтижесі туралы айтып берді. Келтірілген мәліметтерге қарағанда, 2011 жылы полицияға 800 мыңға жуық қылмыс туралы арыз бен хабарлама келіп түскен болса, 2012 жылы оның көлемі 1,6 миллионға, ал былтыр 2 миллионға жетіпті. Азаматтар арызының 94 пайызын 3 күндік мерзімде қарау жүзеге асырылған. Аса ауыр қылмыстар саны 15 пайызға (2394-ке дейін), кісі өлтіру 12 пайызға (1118-ге дейін), тонау 7 пайызға (18,8 мыңға дейін), ал қарақшылық 18 пайызға (1358-ге дейін) қысқарған. Ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған басшылық ету (52), бандитизм (1) фактілері бойынша 53 қылмыстық іс қозғалған.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Үстіміздегі жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге мүмкіндігіміз бар. Егер алда-жалда ДСҰ-ға кірсек, осы ұйымға мүше елдердегі сауда кезіндегі кемсітушіліктен құтылатын көрінеміз. Мұны Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Тимур Жақсылықов айтты. Оның сөзіне қарағанда, ДСҰ-ға мүше болу үшін жүргізіліп жатқан келіссөздер аяқталуға жақын. Енді тарифтік үйлесімділікке және жергілікті қамтуға байланысты екі мәселеге қатысты келіссөздер аяқталса болғаны. Вице-министрдің жауабына сенсек, шетелден келетін автокөліктерге салынатын кедендік баж салығы ДСҰ-ға енгеннен кейінгі үш жылдан соң ғана төмендей бастайды. «Қазіргі кезде бізде жеңіл автокөліктерге 30 пайыз мөлшерінде импорттық ставка бар. Ол жыл сайын кезең-кезеңмен төмендейтін болады. Осы орайда Қазақстан ДСҰ-ға қосылғаннан кейінгі үш жылдан соң елеулі көлемде төмендей бастайды деп үміттенеміз», деді Т.Жақсылықов. Шыны керек, ДСҰ-ға мүшелікті тағатсыздана күтіп жүргендердің арасында автокөлікқұмар ағайын да бар. Міне, осы топқа асықпаңыз, аптығыңызды басы-ңыз деуге тура келеді. Бұл жайында «ДСҰ-дан дәмелілер аптығын басады» деген мақалада берілген.
Осы басылымда «Мемлекеттік қызметкерлерді міндетті түрде есірткі тестінен өткізген дұрыс па?» деген мәселе көтерілген. Бұл тұрғыда газет тілшісі бірқатар азаматтардың пікірін ортаға салып отыр. Бақытбек Смағұл, Мәжіліс депутаты: - Есірткі - ежелден адамның қас жауы! Сондықтан Ішкі істер министрінің «мемлекеттік қызметкерлерді міндетті түрде есірткі тестінен өткізу қажет және мұны заңдастыру қажет» деп Үкімет сағатында ұсыныс жасағаны өте орынды. Себебі сонау бір жылдармен салыстырғанда, қоғамда есірткіге үйір азаматтар, қыз-келіншектер, тіпті жасөспірімдер де көбейіп кетті. Бұл - біріншіден! Екіншіден, мемқызметкерлерді есірткі тестінен өткізу жөніндегі ұсыныстың мәні де, маңызы да орасан зор. Өйткені соңғы уақытта қайсыбір мемлекеттік қызметкерлердің есірткі тұтынатыны анықталып, кейбіреулері ел алдында масқара болғаны бар. Сонда, қалай? Ісімен де, адамгершілігімен де, тіпті мінез-құлқымен де өзгелерге үлгі-өнеге болуы тиіс мемқызметкер есірткі қолданатын болса, онда қоғам не болмақ?!
Мейрам Майемер, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің оқытушысы: - Соңғы уақытта телеарна жаңалықтарынан, болмаса күнделікті газет-журнал беттерінен еліміздің әлдебір аймағында бәлендей лауазымды мемқызметкердің есірткімен ұсталғаны және одан бәленбей грамм есірткі тәркіленгені туралы ақпаратты естіп-оқығанда, жағамызды ұстап, таңданатынымыз бар. Неге десеңіз, егер мемқызметкер есірткіге тәуелді болса, басқа азаматтарға не жорық?! Осы жағынан алғанда, мемқызметкерлердің арасында есірткі тестін жүргізген жөн.