2014 жылға дейін Ақтөбе облысында 100-ге жуық ірі өндіріс құрылатын болды - аймақ әкімі

АҚТӨБЕ. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Облыс әкімі Елеусін Сағындықов Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын талқылауға және оны жүзеге асыруға байланысты актив кеңесін өткізді.

Актив жұмысына қала мен облыс аудандарының әкімдері, облыстық мәслихаттардың депутаттары, облыстық департаменттер мен басқармалардың, кәсіподақтардың, ҮЕҰ-лардың басшылары, ардагерлер мен өзге де қоғам өкілдері қатысты.

«Елдің экономикалық прогресі біздің аймақтың экономикалық прогресімен тығыз байланысты. Соңғы алты жылда біздің тарапымыздан үдемелі индустриялық-инновациялық дамуға қатысты үлкен де жоспарлы жұмыс жасалды», - деп атап өтті Елеусін Сағындықов.

Тек 2010 жылы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Ақтөбе облысында 24 жоба іске қосылды, ол жалпы санның 18 пайызын құрайды.

«Біз индустрияландырудың республикалық көшбасшысы болып отырмыз және экономикалық өсу қарқынын бір сәтке де бәсеңдетпек емеспіз. 2014 жылға дейін Ақтөбе облысында 100-ге жуық ірі өндіріс ошағы құрылады», - деп қорытты ол.