2014 жылы ЖІӨ-нің нақты өсу болжамы 6 пайыз деңгейінде бағаланып отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы Қазақстан экономикасының негізгі өсу факторлары ішкі сұраныстың артуы мен экспорт үшін сыртқы жағдайлардың жақсаруы есебінен болады. 2014 жылы әлемдік экономиканың 3,7 пайыз деңгейіндегі неғұрлым жоғары өсімі күтілуде. Бұл өсу негізінен дамыған елдердегі экономикалық дамуды қалпына келтіру есебінен қамтамасыз етіледі. Жалпы әлемдегі және ішкі үрдістерді ескере отырып, бүгін Министрлер кабинеті 2014 жылға нақтыланған бюджетті мақұлдады.

Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың сөзіне қарағанда, Мемлекет басшысының тапсырмаларын уақтылы іске асыру мақсатында, макроэкономикалық көрсеткіштердің 2014 жылға нақтыланған болжамын есепке ала отырып, ағымдағы жылғы республикалық бюджеттің параметрлері нақтыланды. Нәтижесінде, 2014 жылға арналған республикалық бюджеттің түсімдері 6 206,1 млрд. теңге көлемінде немесе бекітілген бюджетпен (5 773,7 млрд. теңге) салыстырғанда 431,7 млрд. теңгеге өсумен айқындалды. Республикалық бюджеттің кірістері (трансферттер түсімдерінсіз) бекітілген жоспардағы 4 029,4 млрд. теңгеге қарағанда, 331,7 млрд. теңгеге ұлғайтыла отырып нақтыланды және 4 360,9 млрд. теңгені құрайды.

Өз кезегінде Премьер-Министр Серік Ахметов бүгін осы құжат толық пысықталып, ертең бюджеттің нақтыланған жобасы Парламентке енгізілетінін атап өтті.

Алдымен мұнай саласындағы көрсеткіштерге тоқталатын болсақ, халықаралық ұйымдардың болжамдары бойынша 2014 жылы мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 105,1 АҚШ доллары (болжам-консенсус) деңгейінде болады. АҚШ долларының нығаюын ескере отырып, 2014 жылға арналған болжамды нақтылау кезінде орташа жылдық баға барреліне 95 АҚШ доллары болып айқындалды. Бұған дейін мұнай бағасы барреліне 90 АҚШ доллары болған.

Министрдің айтуынша, 2014 жылы елдің жалпы ішкі өнімінің нақты өсу болжамы бұрынғы 6 пайыз деңгейінде бағаланып отыр. Номиналды жалпы ішкі өнім 2014 жылы 39 623,7 млрд. теңгені құрайды, бұл тамыз айында мақұлданған көрсеткішке қатысты 999,3 млрд. теңгеге жоғары.

«Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,7%-ға өседі, ол бұған дейін болжанған мәніне тау-кен өндіру өндірісі көлемінің 1,6 %-ға өсуі есебімен сәйкес келеді, өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 4%-ды құрайды.Мұнай өндірісінің көлемі болжанған 83 млн. тонна деңгейінде сақталуда», - деді Е. Досаев.

Бұған дейінгі мақұлданған болжам бойынша ауыл шаруашылығы саласының 3,9 пайызға өсуі сақталады. Құрылыс секторы көлемдерінің өсуі бойынша болжам нақтыланып, 2,5%-ға дейін ұлғайды.

Атап айтқанда, болжамдар бойынша тауарлар экспорты 86,3 млрд. АҚШ долларын құрайды, бұл мақұлданған болжаммен салыстырғанда 1,6 млрд. долларға жоғары. Тауарлар импорты 52,2 млрд. АҚШ долларын құрамақ, бұрын мақұлданған болжамнан 6,4 млрд. долларға төмен. Бұрын мақұлданған болжам деңгейіндегі: саудада 11,8%-ға, көлікте 7,0%-ға, ақпарат және байланыс қызметтерінде 7%-ға өсу сақталады. Жалпы министрліктегілер инфляция бойынша параметрлер жылдың соңына болжанған 6-8% дәлізінде сақталатынын уәде етуде.

Министрдің сөзіне қарағанда, кірістерді бірқатар факторлар есебінен 505,5 млрд. теңгеге ұлғайту болжанады. Осы орайда Қазақстан 1 сәуірден бастап шикі мұнайға экспорттық-кедендік баж мөлшерлемесінің мұнайдың тоннасы үшін 60 АҚШ долларынан 80 АҚШ долларына дейін жоғарылауы ықпал етпек. Сонымен қатар макроэкономикалық көрсеткіштердің өзгеруі себебінен 191,5 млрд. теңгеге ұлғаюы да қамтылмақ.

Жалпы, қосымша қаражат Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында, сондай-ақ ағымдағы жылғы 14 ақпандағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында айтылған тапсырмаларды іске асыруға бағытталатын болады. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын қолдау мақсатында 121,6 млрд. теңге қосымша қаржы бөлу қарастырылды. Аталған қаржының ішінде ағымдағы жылғы 1 сәуірден бастап азаматтық қызметшілердің лауазымдық жалақысына 10 пайыз мөлшерінде ай сайынғы үстемеақыға 63,5 млрд теңгеге, зейнетақылық және мемлекеттік әлеуметтік төлемдердің мөлшерлерін 53,4 млрд. теңгеге жоғарылату ескерілген.

Сонымен қатар мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында оқитын студенттердің шәкіртақы мөлшерін 10 пайызға өсіру аясында жалпы сомасы 4,7 млрд. теңгеге жоғарылату көзделген.

«Балапан» бағдарламасының аясында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыруға 6,7 млрд. теңге мөлшерінде қаражат бөлінетін болады», - деді министр.

Айтпақшы, ҚР Үкіметі теңге бағамының өзгеруіне байланысты кейбір жобалар бойынша өтемақы төлейді. «Бұдан басқа, теңге бағамын түзету нәтижесінде пайда болған шығындарды өтеу мақсатында, бюджеттің шығыс бөлігінің жеке баптарына оларды ұлғайту жағына қарай 40,3 млрд. теңге сомасына қайта есептеу жүргізілді. Теңге бағамын өтеу ағымдағы жылы дереу қаржыландыруды талап ететін жобалар бойынша төленетін болады»,-деді министр. Осы орайда Е. Досаев қажет болған жағдайда, өзге жобалар бойынша өтеу 2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде қаралатынын атап өтті.

Мұнымен қоса, министрліктегілер ҚР Үкіметінің резервін ұлғайтуды ұсынып отыр. Болжанбаған, оның ішінде экономикадағы өзгерістерге байланысты туындаған жағдайларға уақтылы ден қою үшін Үкіметтің резервін 45 млрд. теңге сомасына ұлғайту ұсынылды.

Сонымен қатар 2014 жылы республикалық бюджет шығыстары 7 124,8 млрд. теңгені құрайтыны мәлім болды. Ведомство басшысының айтуынша, мемлекет қаржысының фискалдық тұрақтылығын нығайту және үкіметтік борышқа қызмет көрсету бойынша жүктемені одан әрі төмендету үшін қарыздар есебінен қаржыландырылатын бюджет тапшылығын 40 млрд. теңгеге қысқарту ұсынылады. Нәтижесінде, бюджет қаражатының 16,3 млрд. теңге сомасындағы бос қалдықтарын тартуды ескере отырып, нақтыланған тапшылық 918,7 млрд. теңгені құрайды.

«Түсімдер және тапшылықтың нақты азаюы бойынша нақтыланған болжамды, сондай-ақ 2013 жылғы бюджет қаражатының қалдықтарын тартуға байланысты бұрын жүргізілген түзетуді ескере отырып, 2014 жылы республикалық бюджет шығыстары бекітілген көлемге қатысты 408,7 млрд, теңгеге ұлғаюмен 7 124,8 млрд. теңгені құрайтын болады»,-деп атап өтті Е. Досаев.