Бұл туралы бүгін Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.
«Елбасының тапсырмасымен 6 «Назарбаев Зияткерлік мектебі» құрылып, жұмыс істеуде. 2015 жылдың соңына дейін тағы да 15-ін салу жоспарлануда, оның 12-сінің құрылысы жүргізілуде. Бұл мәселеге біз ерекше көңіл бөлеміз, себебі, мұндай мектептер барлық орта оқу орындары жүйесін дамытудың қозғаушы күші болып табылады», - деді ведомство басшысы.
Еске сала кетейік, Елбасы Жолдауда Қазақстанның барлық білім беру жүйесі Назарбаев Университеті мен Зияткерлік мектептердің деңгейіне жету қажеттігін ерекше атап өткен болатын. Аталған мектептерде еліміздің таңдаулы мұғалімдері жиналған. Олар шетелдік ең үздік тәжірибелерді белсенді меңгеруде және оған жеткілікті қаражат бөлінуде.
Б. Жұмағұлов осы мәселелерді пысықтауды вице-министрге және «Назарбаев Зияткерлік мектебі» АҚ-ның президентіне тапсырды.
«Сонда ғана Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін кеңінен таратуға болады. Дарынды балаларға арналған «Дарын», «Мирас» мектептері мен қазақ-түрік лицейлері туралы да естен шығармаған жөн. Онда да жақсы тәжірибелер бар, соны белсенді түрде пайдалану керек», - деді министр.