Ағымдағы жылдың 3 айында қызылшамен сырқаттанудың 1121 жағдайы тіркелген, ал 2014 жылы 84 жағдай.
Соңғы 3 жылда қызылшамен сырқаттанушылықтың эпидемиологиялық жағдайының өршуі бүкіл әлемде байқалады. Яғни, Батыс Еуропада қызылшаның 100 мыңнан аса жағдайы, ТМД елдерінде (Ресей Федерациясы, Грузия, Қырғыстан) - 14 мыңнан аса жағдай тіркелген.
Ағымдағы жылы 4 наурызда Астана қаласында өткен Еуропа аймағын қызылшаға қарсы иммундау мәселесі бойынша дөңгелек үстел шеңберінде сөз сөйлеген педиатрия бөлімі және Испаниядағы Сантьяго жұқпалы аурулар университеттік клиникалық ауруханасының басшысы доктор Федерико Мартион Торрес вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурулардың, соның ішінде қызылшаны алдын алудың жалғыз әдісі вакцинациялау болып отырғанын атап өткенін естеріңізге саламыз. Вакцинациялау жасанды иммунитетті жасауға ықпал етеді. Осы немесе басқа да ауруларға адам иммунитетінің болмауы аурудың асқынуына және өлім жағдайларына алып келуі мүмкін.
«Вакцина дайындалды және бүкіл әлемде сәтті қолданылуда. Осының арқасында 6 млн. адамның өмірі сақталды, қызылшамен сырқаттанғандардың саны 1 млн. адамға қысқарды, және бұл айтарлықтай нәтиже. Сарапшы мәлімдегендей, 1 мың бала қызылшамен ауырса, оның ішінде 1 бала өледі деп бағаланған».
Алдында хабарлағандай, 2015 жылғы 15 қаңтарда ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен 15 тен 19 жасқа дейінгі жастарды қызылшаға қарсы қосымша иммундауды жүргізу туралы шешім қабылданған.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті (бұдан әрі - ТҚҚК) қызылшаға қарсы сатып алынған моновакцинаның көлемін, қажеттілігін, техникалық сипаттамасын анықтаған.
Қызылшаға қарсы егуді жүргізетін денсаулық сақтау ұйымдарын жоспардан тыс тексеру кезінде, қосымша иммундау кезеңіндегі вакцинаны сақтаудың және тасымалдаудың температуралық режимінің «салқындату тізбегі» бұзылуы анықталмаған.
Иммундау кезінде республиканың 5 облысынан қызылшаға қарсы егуден кейін жасөспірімдерден 396 өтініш тіркелді (Атыраудан - 26, Қарағандыдан - 32, Жамбылдан - 2, Оңтүстік Қазақстаннан - 12, Маңғыстаудан - 324 жасөспірім),оның ішінде 264-і ауруханаға жатқызылған, қазіргі уақытта 264-і емделіп шықты.
Ағымдағы жылғы 19 ақпанда ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен қызылшаға қарсы қосымша иммундауды жүргізу тоқтатылған және ағымдағы жылғы 2-ші наурызда тоқтату 2015 жылғы мамырдың 4-не дейін ұзартылған.
Болған жағдайды зерделеу үшін ҚР ДСӘДМ-де құрамына ТҚҚК, республикалық медициналық орталықтарының өкілдері, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілдігі (бұдан әрі - ДДСҰ) кірген жұмыс тобы құрылған.
Бейінді мамандардың қорытындысына сәйкес, қаралғандардың арасында көп жағдайда эмоционалды жағдайына жататын симптомдарымен белгілері анықталған, бұл аурулардың Халықаралық сыныптамасында «Күйгелектік», «Мазасыздану және қозғыштық» болып сыныпталған. ДДСҰ сарапшылары диагноздардың дұрыстығын және жасөспірімдердің ауруханада ары қарай болуының қажетсіздігін дәлелдеді. Көрсетілген белгілердің себебі болып егудің өзі емес, егу үрдісі болып отыр.
Қазақстанда қосымша иммундаудың соңғы кампаниясы 10 жыл бұрын жүргізілген, бұл республикада қызылшамен сырқаттанушылықтың 16 мыңнан 13 жағдайға дейін 100 есеге дейін жіті төмендеуіне алып келді.