2015 жылы Қостанай облысында Торғай жылу электр стансысының бірінші блогын іске қосу жоспарланып отыр

АСТАНА. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - 2015 жылы Қостанай облысында Торғай жылу электр стансысының қуаты - 500 мегаватт болатын бірінші блогын іске қосу жоспарланып отыр.

Бұл туралы бүгін Астанадағы брифингте «Тобыл» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Марат Толыбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның сөзіне қарағанда, Торғай электр стансысы еліміздің солтүстік және батыс өңірлерін электр қуатымен қамтамасыз етуді көздейді. Алдын ала есеп бойынша, оның құрылысын 2011 жылдың орта шенінде бастап, 2015 жылы аяқтау көзделіп отыр. Сол жылы қуаты 500 мегаваттық бірінші блок іске қосылмақ. Электр стансысында әрқайсының қуаты шамамен 500 мегаватт болатын барлығы төрт блок салу жоспарлануда. Қалған үш блокты араға 1,5-2 жылдан салып барып пайдалануға беру көзделуде. М. Толыбаев құны - 3,8 млрд. долларға жуық жоба бес кезеңге бөлініп жүзеге асырылатынын, қазір оның техникалық-экономикалық зерттеуінің дайын болғанын, ал техникалық-экономикалық негіздемесі бір жылдың ішінде әзірленетінін жеткізді. «Біз инвесторды жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайын болғаннан кейін іздемекпіз. Себебі бұл құжаттан инвестор жобаның қаржылық жағының жай-жапсарын, одан қанша пайда табуға болатынын білетін болады. Кез келген инвестор үшін бұл маңызды мәселе. Сондықтан бұл жобаны толықтай кім қаржыландыратынын қазір дөп басып айту қиын», - деді ол. Оның айтуынша, Торғай электр стансысы көмірмен жұмыс істейтін болады. «Қостанай табиғи байлықтардан кенде емес. Облыстағы Торғай көмір бассейнінде 20 млрд. тонна қоңыр көмірдің қоры бар. Мұның 5,6 млрд. тоннасы ашық тәсілмен өндіріледі. Біз бұл байлықты тиімді пайдалануымыз қажет. Осындай алғышарттарды негізге ала отырып бір жыл бұрын біз осы жобаны қолға алдық», - деді М. Толыбаев. Оның сөзіне қарағанда, электр стансысының экологияға әсерінің де есеп-қисабы жасалған. «Бұл стансының көмірмен жұмыс істейтіні экологиялық көзқарас тұрғысынан идеалды болмағанымен, қазіргі сәтте әлемдегі электр стансыларының 40 пайызы көмірмен жұмыс істейді. Дейтұрғанмен, бізге экологиялық салдардан қорқудың қажеті жоқ. Өйткені, жобаға ең заманауи экологиялық талаптар енгізіліп отыр», - деді ол. М. Толыбаев Торғай электр стансысының электр қуатын перспективада Ресейге де экспорттау қарастырылып отырғанын атап көрсетті. «Торғай жылу электр стансысын қазіргі Екібастұз жылу электр стансысымен және қуаты жағынан салынуы жоспарланып отырған Балқаш электр стансысымен салыстыруға болады. Яғни, еліміздің солтүстік өңірінде біз аталмыш электр стансыларымен тең тағы бір алыпты салуды жоспарлап отырмыз», - деді «Тобыл» ӘКК басшысы. Айта кетейік, электр энергиясының тапшылығы Қазақстанның алдында тұрған негізгі проблемалардың бірі. Бұл мәселені шешу үшін осыдан бір жыл бұрын Үкімет «Тобыл» ӘКК-ге Қостанай облысында электр стансысының құрылысын салу мәселесін пысықтауды жүктеген болатын. Қазақстанның «Энергия» ғылыми-зерттеу институтының есеп-қисабы бойынша, еліміздің солтүстік аймағындағы электр қуатының тапшылығы 2020 жылға қарай 1800 мегаватқа, ал 2030 жылға таман 2000 мегаватқа жетпек.