2015 жылы сандық телехабар тарату желісінің құрылысы аяқталады

АЛМАТЫ. 23 тамыз. ҚазАқпарат - «Қазтелерадио» АҚ-ы сандық телехабар тарату желісінің құрылысы аяқталғанға дейін, қолданыстағы хабар таратудың ұқсас желілерін қатар пайдалануды қамтамасыз ететін болады.

 Еліміздегі  эфирлік хабар таратудың ұлттық операторы ұқсас телехабар таратудан жаңа сандық технологияларға өту бойынша мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуын жүзеге асырады.

 «Осы уақытқа дейін біздің республика тұрғындарының 50 пайызы  саны 4-тен кем емес отандық телеарналарды эфирлі телехабар таратудың ұқсас желілерінде көре алатын. Сандық хабар тарату енгізілгеннен кейін, қамту аймағы шегіндегі елді мекен тұрғындары саны 30-ға дейінгі телеарнаны көру мүмкіндігіне ие болады. Бұл ақпаратқа қол жетіміділікті барынша арттырады», - дейді акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Абай Қадыралиев. Оның айтуынша, сандық хабар таратуға өту «Женева 2006» (G06) халықаралық келісімі аясында жүзеге асырылуда.  Бұл келісімге Қазақстан Республикасы 2006 жылы қосылған болатын. 2011-2015 жылдарға жоспарланған ұқсас сандық  эфирлік телехабар таратуға өту жобасы кезең-кезеңімен жүргізілмек. Онда 2015 жылға қарай ел халқының 95 пайызға қамтылуын қамтамасыз ету қарастырылған.

Жалпы телеарналарды сандық DVB-T2, MPEG-4 форматта таратуды қамтамасыз ететін ұлттық эфирлік сандық телехабар тарату желісі (ЭЦТТ) 3 шілде күні  Елбасының қатысуымен Астана қаласындағы Медиа орталықта салтанатты түрде іске қосылған болатын. ЭЦТТ желісінің басқару және мониторингтеу бас орталығы  Алматы қаласындағы «Көктөбе» телемұнарасында ұйымдастырылған. Телехабар таратудың эфирлік желісі құрылысының бастапқы кезеңін іске асыру аясында Астана, Алматы, Қарағанды, Жезқазған, Жаңаөзен қалалары мен қала маңындағы елді мекендер тұрғындары отандық телеарналарды сандық форматта тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

Эфирлік телехабар таратудың сандық желісі облыс орталықтары мен Астана және Алматы қалаларында 30 телеарнаны (тегін), ал өзге аймақтарда 15 телеарналардың таратылуын қамтамасыз етуді алдын ала ескерген. Жалпы алғанда, желіге сандық хабар таратуды қамтамасыз ететін  827 радиотелехабар тарату стансасы енгізіледі.  Желі құру технологиясы республикалық деңгейдегі орталық мемлекеттік және коммерциялық телеарналар, сондай-ақ облыстық, жергілікті арналарды қосумен арналар топтамасын (мультиплекстер) қалыптастыруға мүмкіндік береді.