Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА-ның ресми сауалына «Қазақстан темір жолы» компаниясының баспасөз қызметінен хабарланды.
«Болашақта аталған магистральдарды жолаушылар тасымалына да пайдалану жоспарланған. Бұл 2016 жылы үшінші іске қосу кешені пайдалануға берілгеннен кейін, яғни жолаушылар тасымалының қауіпсіздігі үшін барлық алғышарттар мен кепілді шаралар жүзеге асырылғаннан соң болады»,-деп атап өтті ҚТЖ-дан.
Ұлттық компанияның хабарлауынша, қазіргі кезде «Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» жаңа теміржолдарының бірінші іске қосу кешені пайдалануға берілді. Онда өндірістік, энергетика, байланыс, инженерлік коммуникация нысандары қамтылған.
Сонымен қатар екінші іске қосу кешені бойынша да жұмыстар жалғасуда. Бұл бағытта барша іргелес инфрақұрылым техникалық-экономикалық негіздеме параметрлеріне дейін жеткізіледі.
Осы ауқымды инфрақұрылымдық жобалар транзиттік әлеуетті айтарлықтай арттырады, сондай-ақ солтүстік-оңтүстік және батыс-шығыс бағытында жүк айналымының бағдарларын 1000 шақырымнан астам қашықтыққа қысқартады. Қазіргі кезде аталған екі желі бойынша пойыздармен жүк тасымалдау қозғалысы ашылды.
Елбасының қатысуымен аталған теміржолдар 22 тамызда ашылғаннан бері осы жолдармен барлығы 123 мың тонна жүкпен 30 пойыз жүріп өтті. Тек қыркүйек айында бұл бағытта 50 мың тонна жүгі бар 19 пойыз өткізілді.