2021 жылға қарай күтілетін өмір сүру ұзақтығы 73 жастан асады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2021 жылға қарай күтілетін өмір сүру ұзақтығы 73 жастан асады, өлім-жітім деңгейі 10 пайыздан астамға азайып, мың адамға шаққанда 7,6-дан 6,28-ге дейін төмендейді. Бүгін «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVII съезінде қабылданған партияның «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасында осы мәселе қамтылып отыр.

Сайлауалды бағдарламаның басты бөлімдерінің бірі жаңа өмір сапасына, соның ішінде денсаулық сақтау мен білім беруді үздік әлемдік стандарттарға жеткізуге межеленіп отыр.

«Ең дамыған мемлекеттердің отыздығына қарай табысты ілгерілеу жаңа өмір сапасына көшуді көздейді. Сондықтан да, «Нұр Отан» партиясы үшін қамқорлық жасалатын айрықша сала - денсаулық сақтау мен білім беру. Мұнда біз экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымы елдерінің стандарттарына бағдар ұстанамыз», - делінген партиялық құжатта. Бұдан бөлек, партияның бесжылдық бағдарламасында бастапқы денсаулық сақтауды дамытуға басымдық берілетіні қарастырылып отыр. Бұл пациенттердің шынайы мұқтаждықтары төңірегінде түзілген денсаулық сақтаудың интеграцияланған жүйесінің негізі болмақ.

«Отбасылық дәрігерлер медицинаның орталық және үйлестіруші буыны болуы керек. Ол халықтың да, мемлекеттің де мүддесіне сай келеді. Нәтижесінде 2021 жылға қарай күтілетін өмір сүру ұзақтығы 73 жастан асады, өлім деңгейі, өлім-жітім деңгейі 10 пайыздан астамға азайып, мың адамға шаққанда 7,6-дан 6,28-ге дейін төмендейді», - делінген бес жылға арналған бағдарламада.