2021 жылға қарай үштілділік қазақстандық қоғам үшін қалыпты жайтқа айналады - «Нұр Отан»

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2021 жылға қарай үштілділік қазақстандық қоғам үшін қалыпты жайтқа айналады. Бүгін «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVII съезінде қабылданған партияның алдағы бесжылдық сайлауалды бағдарламасында осы мәселе қамтылып отыр.

Атап айтқанда, партияның сайлауалды бағдарламасында жаңа әлеуметтік саясат жеке бағыт ретінде қамтылып, соның ішінде білім беруді үздік әлемдік стандартқа жеткізу жоспарланады.

«Білім беру жүйесінде біз бүкіл өмір бойы оқытуды қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыратын боламыз. Ол бес түрлі сатыдан тұрады: балаларды ерте бастан дамыту, бастауыш және орта білім, кәсіптік даярлық, кәсіпкерлік және жаңашылдық, сондай-ақ дамуға септесетін сапалы жұмыс орындарын құру. Мұндай көзқарас инновациялық өсімді, жұмыс күшінің жұмылғыштығын және өнімді еңбек ету үшін ортаны қалыптастырады», - делінген бағдарламада.

Бұдан бөлек, бағдарламада ағылшын тілін оқытуға дәйектілікпен көшу үшін соған сай кадрлар, ағылшын тілінде оқу құралдары мен білім беру бағдарламаларын дайындау бойынша шаралар қабылдау көзделеді.

«2021 жылға қарай елімізде үштілділік қазақстандық қоғам үшін қалыпты жайтқа айналады. Халықтың 30 пайызы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейтін болады», - делінген бағдарламада.