2028 жылға дейін Ұлытау облысында 25 инвестициялық жоба пулы қалыптасады

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM — Биыл Ұлытауда жалпы сомасы 138 млрд теңге болатын 17 инвестициялық жоба бастау алды. Оның ішінде қазіргі таңда мұнай базасының, жел электр станциясының және респиратор шығару зауытының құрылысы аяқталды. 

Фото: Ұлытау әкімдігі

2028 жылға дейін жалпы құны 920 млрд теңгені құрайтын 25 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылып, 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.

Фото: Ұлытау әкімдігі

Экономиканы әртараптандыруды жеделдету мақсатында Сәтбаев қаласында индустриялық аймақ құрылды. Аталған аймақ аясында жалпы құны 5 млрд теңге болатын 3 жоба пысықталып жатыр, нәтижесінде 100 жұмыс орны құрылмақ. Ағымдағы жылы инфрақұрылым тартылу жұмыстары басталып, келесі жылы аяқталатын болады.

Фото: Ұлытау әкімдігі

Жоспарланған жобалардың іске асырылуы шағын және орта өндірістер белдеуін қалыптастырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сауда-көлік байланысын күшейтуге және қаланың бір бағыттағы дамуынан арылып, экономикасын әртараптандыруды жеделдетуге мүмкіндік береді.

Фото: Ұлытау әкімдігі

Сондай-ақ өңірде демеушілік қаражат есебінен түрлі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Олардың жалпы құны — 50,3 млрд теңге.