Тоқтала кететін жайт, министр келтірген болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай Қазақстан халқының саны 20,3 млн. адамды құрайды.
«Бұл 20,3 млн. адамның 52,7 пайызы 2030 жылға қарай негізгі бес өңірге тиесілі болады. Мәселен, Алматы облысында - 2,5 млн. адам, Жамбыл облысында 1, 249 млн. адам, Оңтүстік Қазақстан облысында - 3 млн. 660 мың адам, Астана мен Алматы қалаларында 3,3 млн. адамды құрайды. Ал осы кезең ішінде Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында халық саны кеми түседі. Егерде, біз көші-қонға қатысты үдеріс өзгертпестен ұстап тұрсақ, онда оңтүстік өңірлерде туу есебінен халық саны артып, керісінше солтүстік өңірлерде төмендей береді», - деді Тамара Дүйсенова.
Келтірілген мәліметтерге қарағанда, 2050 жылға қарай ішкі көші-қон саласында теңгерімсіздіктер орын алуы ықтимал. Мәселен, 2050 жылға қарай солтүстік өңірлердегі халықтың саны шамамен миллион адамға қысқарса, керісінше оңтүстік өңірде бұл 5,2 млн. адамға өседі. Болжамды деректер бойынша оңтүстік өңірдегі халықтың қоныстану тығыздығы солтүстік өңірден 4 есеге артатын болады.
«Сонымен қатар,оңтүстік өңірлерде (Алматы қаласын қоспағанда) халықтың 38 пайызы шоғырланса, сөйте тұра олардың жалпы аймақтық өнімдегі үлесі 17 пайызды ғана құрайды. Ал батыс өңірлерде халықтың 11 пайызы тұрып, жалпы аймақтық өнім үлесі 22 пайыздан асады. Солтүстік аудандарда халықтың 29 пайызы шоғырланып, жалпы аймақтық өнімі 25 пайызды құрауы мүмкін», - деді Т. Дүйсенова. Бұл ретте министр оңтүстік өңірлерде адамдардың басым бөлігі сауда және басқа да қызметтерге тартылса, солтүстік аумақтардың экономикасы жеткілікті деңгейде сараланғанын атап өтті.