55 жыл бұрын (1968) Қазақстан Республикасының Марокко Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Сәулекүл САЙЛАУҚЫЗЫ дүниеге келді.
Алматыда туған. Алматы педагогикалық шет тілдер институтын, ҚР СІМ Дипломатиялық академиясын бітірген, халықаралық қатынастар саласындағы маман.
Еңбек жолы: 1992-1993 жылдары Алматы мемлекеттік университетінің француз тілі оқытушысы, 1993-2012 жылдары ҚР СІМ Орталық аппаратында түрлі лауазымдарда жұмыс істеді, Қазақстанның Франциядағы, Израильдегі, Бельгиядағы, Вьетнамдағы елшіліктеріне іс-сапарға жіберілді. 2012-2015 жылдары - ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы жанындағы Дипломатия институтының басшысы, 2015-2021 жылдары - ҚР СІМ Таяу, Орта Шығыс және Африка елдері департаменті директорының орынбасары.
Қазіргі қызметінде - 2021 жылғы наурыздан бастап.
53 жыл бұрын (1970) «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ басқарма төрағасы Бақыт Бектұрғанұлы ҚОҒЫЛОВ дүниеге келді.
Алматы облысында туған. 1970 жылы Қазақ басқару академиясын «Экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолы: 1991-1993 жылдары «Алтынданбанк» АКБ бас маманы, 1993-1994 жылдары Ұлттық Банктің Алматы облыстық басқармасы коммерциялық банктермен жұмыс бөлімінің экономисі, 1994-1996 жылдары Ұлттық Банктің Алматы аумақтық басқармасының жетекші экономисі, 1996-2003 жылдары Ұлттық Банк Қаржылық қадағалау, сақтандыруды қадағалау және банктік қадағалау департаменттерінің инспекциялау басқармасының бас маманы-экономисі болып еңбек етті. 2004-2005 жылдары ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі банктерді қадағалау департаменті инспекциялау басқармасының бас маманы, 2005-2009 жылдары ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі банктерді қадағалау департаменті инспекциялау басқармасының бастығы, 2009-2013 жылдары ҚР Қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды бақылау және реттеу агенттігі қаржы ұйымдарын қадағалау департаменті директорының орынбасары, 2013-2014 жылдары ҚР Ұлттық Банкінің Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау және қадағалау комитетінде департамент директоры болды. 2014-2018 жылдары «Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ төрағасы, 2018-2020 жылдары «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі» РММ Атырау филиалының директоры қызметтерін атқарды. 2020-2022 жылдары «Интертич» Қазақ Денсаулық сақтау және медициналық сақтандыру Корпорациясы» АҚ төрағасы, басқарма мүшесі болды.
Қазіргі қызметін 2022 жылдың мамыр айынан атқарып келеді.
«Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Теңгеге 20 жыл» мерейтойлық медальдарымен, «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісімен марапатталған.
34 жыл бұрын (1989) ҚР Парламенті Мәжілісінің VІI шақырылымы депутаты, Экология және табиғатты пайдалану мәселелері комитетінің мүшесі ШИПОВСКИХ Геннадий Геннадьевич дүниеге келді.
Қызылорда облысы, Арал ауданының Сексеуіл кентінде туған. Әкесі Шиповских Геннадий Павлович пен анасы Куликова Лидия Николаевна қайтыс болғаннан кейін 2004 жылы Макаренко атындағы Қызылорда қалалық балалар үйіне түскен. Сол жылы қазақ отбасы асырап алады.
2009 жылы Қызылорда қаласындағы №6 кешкі мектепті бітіргеннен кейін Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде №5 кәсіптік лицейіне «Машинист көмекшісі» мамандығы бойынша оқуға түседі. 2010 жылы оқуды үздік бітіріп, Қызылорда Локомотив жөндеу депосына жылжымалы құрам слесарі ретінде жұмысқа орналасады. 2013 жылы Қызылорда Локомотив пайдалану депосына «машинист көмекшісі» лауазымына ауыстырылды. 2014 жылы Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда агротехникалық колледжіне оқуға түседі. Облыстық және қалалық бірнеше қоғамдық шараларға белсене қатысқан. «Қазақстан темір жолы» АҚ «Evolution» атты «Көңілді тапқырлар клубының» мүшесі болды. 2016 жылғы наурызда алтыншы шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына сайланды.
Қазіргі қызметінде 2021 жылдың қаңтарынан.
«20 жыл Астана», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», «Ерен еңбегі үшін» медальдарімен марапатталған.
53 жыл бұрын (1970) «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Өндірістік процестер бойынша басқарушы директоры Бауыржан Пазылбекұлы ОРЫНБАСАРОВ дүниеге келді.
Қызылорда облысында туған. 1993 жылы Алматы теміржол көлігі инженерлері институтының «Теміржол көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты басқару» мамандығын бітірген.
Еңбек жолы: 2004 жылы Батыс Қазақстан темір жолы Қызыл-Орда теміржол станциясында жолдар бойынша кезекші болып еңбек жолын бастаған. 1994-1996 жылдары Алматы темір жолының Алма-Ата 2 станциясында кезекші, 1996-1997 жылдары Алматы темір жолы Алма-Ата 2 станциясының пойыз диспетчері, 1997 жылы «Қазақстан темір жолы» РМК жол диспетчері, Жүк және коммерциялық жұмыс тасымалдары бас басқармасының аға диспетчері, 1998 жылы «Қазақстан темір жолы» РМК Жүк және коммерциялық жұмысты тасымалдау бас басқармасының жетекші инженері, бас маманы болып еңбек етті. 1999 жылы «Қазақстан темір жолы» РМК өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы, 1999-2001 жылдары «Қазақстан темір жолы» РМК бас директоры бірінші орынбасарының көмекшісі, кеңесшісі, 2001-2002 жылдары «Қазақстан темір жолы» РМК тасымалдау процесін үйлестіру басқармасының бас инженері, 2002 жылы «Инфрақұрылым» ЕМК тасымалдарды үйлестіру басқармасының бас инженері, 2002-2006 жылдары «ҚТЖ» ҰК» АҚ Тасымалдау дирекциясының бас инженері, 2006-2007 жылдары «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Магистральдық желі дирекциясы» филиалы директорының орынбасары - бас инженері қызметтерін атқарды. 2007-2008 жылдары «ҚТЖ» «ҰК» АҚ «Қарағанды жол бөлімшесі» филиалының директоры, 2008-2010 жылдары «ҚТЖ «ҰК» АҚ «Тасымалдау процесі дирекциясы» филиалының атқарушы директоры, директоры болды. 2010 жылы «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Алматы жол бөлімшесі» филиалының директоры, 2010-2012 жылдары «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарушы директоры – бас инженері, 2012-2014 жылдары «ҚТЖ «ҰК» АҚ пайдалану жұмысы жөніндегі басқарушы директоры, 2014 жылы «Қазтеміртранс» АҚ президентінің міндетін атқарушы, 2014-2016 жылдары «ҚТЖ «ҰК» АҚ вице-президенті, 2016-2017 жылдары «ҚТЖ «ҰК» АҚ бас инженері, 2017-2018 жылдары «ҚТЖ «ҰК» АҚ инфрақұрылымдық жобалар жөніндегі вице-президенті, 2018-2020 жылдары инфрақұрылым жөніндегі басқарушы директор - «ҚТЖ» ҰК «АҚ» Магистральдық желі дирекциясы» филиалының директоры қызметтерін атқарды.
Қазіргі қызметін 2020 жылдан атқарып келеді.
«Құрмет» (2011), «Парасат» (2016) ордендерімен, ҚР мерекелік медальдарымен марапатталған.
80 жыл бұрын кеңес және қазақстандық ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Жеңіс Рахметұлы ЖОТАБАЕВ дүниеге келген.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Томск электромеханикалық көлік инженерлері институтын тәмамдаған.
Қазақстан Ғылым академиясы Ядролық физика институтының инженері, аға инженері, аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1994-2000 жылдары Атом энергиясы институты Алматы бөлімшесінің институт директорының орынбасары, директоры болған. 2000 жылдан бастап «Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы» (Курчатов қаласы) мемлекеттік кәсіпорны бас директорының бірінші орынбасары болып істеді.
Ғалымның 150-ден астам ғылыми еңбегі жарық көрген. ҚР Кандидаттық және докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі диссертациялық кеңес мүшесі.
«Құрмет» орденімен марапатталған, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
145 жыл бұрын (1878-1924) ақын Омар ШОРАЯҚҰЛЫ дүниеге келді.
Қызылорда облысының Қармақшы ауданында туған. Ауыл молдасынан сауат ашып, кейін өз бетінше білімін толықтырған.
Он алты жасынан өлең шығара бастаған. Ал алғашқы өлеңдерінде («Сөйле, тілім, жосылып», «Шығарған сөзім шырайлы», «Өмір өрнектері», т.б.) ақындық пен сөз өнерін жырға қосты. «Аталық кеңес», «Жастарға өсиет» өлеңдерінен ұлттық тәлім-тәрбие тағылымы танылады. Діни тақырыптағы «Барамыз байтақ орынға», «Әмманың ажал тағдыр мұрасындай», «Айналайын атыңнан», «Әуелі аспан менен жер жараттың», «Жәрдемші Жаппар атты жалғыз елге», т.б. жырлары мұсылмандықты насихаттап, адамгершілікті уағыздайды. Оның адалдықты үлгі ететін («Жарлы Тәліп», «Қара шекпен»), әйел махаббатының құдіретін ұлықтайтын, зұлымдықтың зардабын сөз еткен («Үш күлше») дастандарымен қатар ислам дінінің қалыптасуы мен таралуын қамтитын, діни-ағартушылық бағыттағы «Мұхаммед», «Мағауия», «Хақ Сүлеймен», «Калимулла», «Әбу Шахыма» сияқты жыр дастандары сақталған. «Тау еліне» атты тарихи хат-дастаны - қазақтың мәдени дәстүрінің өркендеуін мазмұндаған эпикалық шығарма.
Ақынның Таубайдың Жүсібімен, Нұрмақанмен, Қарасақал Ерімбетпен жазбаша айтыстары, сондай-ақ, әдебиет тарихында «Алты ақынның өмір туралы айтысы», «Шәкей сал мен алты ақын» деген атпен белгілі сөз сайыстары сақталған.
Оның шығармалары туралы алғаш рет М. Байділдаев «Ақындар творчествосы» атты кітабын жазды. Ақын өлеңдері «ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындарының шығармалары», «Үш ғасыр жырлайды», «Айтыс», «Бес ғасыр жырлайды», «Ай, заман-ай, заман-ай», «Қазақ поэзиясының антологиясы» атты жинақтарда жарияланған.
99 жыл бұрын (1924-2022) әйгілі қазақ жазушысы, публицист, қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әбдіжәміл Кәрімұлы НҰРПЕЙІСОВ дүниеге келді.
Қызылорда облысы Арал ауданында туған. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Мәскеудегі М. Горький атындағы әдебиет институтын бітірген.
1962-1964 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болған. 1992-2000 жылдары Қазақ ПЕН-клубының президенті, 2000 жылдан «Таң-Шолпан» журналы редакторлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған.
Тұңғыш шығармасы – Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына арналған «Курляндия» романы 1950 жылы жарық көрді. Бұл шығармасы үшін жазушыға Жамбыл атындағы республикалық сыйлық берілді. «Курляндия» романы кейіннен өңделіп, толықтырып, 1958 жылы «Күткен күн» деген атпен қайта жарияланды. «Қан мен тер» трилогиясы және «Сең», «Соңғы парыз» романдары дүниежүзі халықтарының көптеген тілдеріне аударылған. «Қан мен тер» трилогиясы орыс, француз, испан, чех, румын және түрік тілдеріне аударылған. Осы роман бойынша жасалған инсценировкасы М. Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының репертуарынан тұрақты орын алып, экранға шығарылған. Таңдамалы әдеби-сын мақалалары «Толғау» (кейіннен «Жүрегі толы жыр еді») деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап болып шыққан. 1985 жылы «Ақбидай туралы аңыз» атты очерктер жинағы жарық көрген. А. Чеховтың, М. Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы А. Кэсоның шығармаларын қазақ тіліне аударған.
1974 жылы КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 2001 жылы Мәскеудегі Халықаралық Әдеби қордың «За честь и достойнство», 2003 жылы Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтардың лауреаты атанған. Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.