22 қыркүйек. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2015 жылғы 22 қыркүйекке. арналған күнтізбесін ұсынады. 22 қыркүйек, СЕЙСЕНБІ

Қазақстан халқының тілдері күні. 1998 жылдың 20 қаңтарында елімізде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 22 қыркүйек - Қазақстан халқы тілдерінің күні болып жарияланды.

Жыл сайын бұл мерекені Қазақстанда тұратын ұлт өкілдері мен ұлыстар тойлап келеді. Атап айтқанда, Қазақстанда 100-ден асатын ұлттардың біразында өз тілдерін оқытатын мектептері бар және оларды мәдени-рухани қолдау бағытында Қазақстан халқы Ассамблеясы да жұмыс істеп тұр.

Бүкіләлемдік автокөлікті пайдаланбау күні. Автокөлікті пайдаланбау күнін өткізу күні 1998 жылы Францияда дүниеге келді. Сол күні бұл мейрамға жиырма шақты қала ғана қатысты. Бірақ 2001 жылы бұл қозғалысқа 35 елдің мыңдаған қалалары қосылды. Бұл күні Еуропаның ірі қалалары автокөлікті пайдалануын қысқартады, қала ішінде трамваймен, троллейбуспен, автобуспен, метромен және де қоғамдық көліктің басқа түрлерімен, сонымен қатар жаяу жүреді немесе велосипедті пайдаланады. Мали Республикасының ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1960). Мали - Батыс Африкадағы мемлекет. Астанасы - Бамако қаласы. Мемлекеттік тілі - француз тілі. Мемлекет басшысы - президент. Жоғарғы заң шығарушы органы бір палаталы парламент - Ұлттық жиналыс. Ақша бірлігі - мали франкі. Болгария Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні. 1908 жылғы қыркүйектің 22-інде Велико-Тырново қаласында Болгария княздігінің Осман империясынан тәуелсіздік алғанын айқындайтын манифест жарияланды. Болгария - Еуропаның оңтүстік-шығыс бөлігінде, Балқан жарты аралында орналасқан мемлекет. Солтүстігі Румыниямен, оңтүстігі Түркия, Грекиямен, батысы Сербия және бұрынғы Македония Югославия Республикасымен, шығысы Қара теңізбен шектеседі. Астанасы - София қаласы. Мемлекеттік тілі - болгар тілі. Ақша бірлігі - лев. Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы маусымның 5-інде орнатылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

26 жыл бұрын (1989) жылы «Тілдер туралы» Заң қабылданды. Бұл сол кезде әлі егемендігін алмаған Қазақстанның ана тілі туралы маңызды бірінші құжаты еді.

Осыдан кейін 1997 жылы Қазақстанда «Тіл туралы» жаңа Заң қабылданды.

20 жыл бұрын (1995) Қазақстандағы Украина елшілігі ашылып, оған екі ел президенттері қатысты. 14 жыл бұрын (2001) Қазақстанға мемлекеттік іс-сапармен келген Рим папасы Иоанн Павел II-іні Елбасы Н.Назарбаев Астана әуежайында қарсы алды.

12 жыл бұрын (2003) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Грузияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нугзар Дучидзеден сенім грамотасын қабылдады.

9 жыл бұрын (2006) Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында ақын, композитор Мұхит Мералыұлының (1841-1918) кесенесі ашылды. 6 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шымкентте Тәуелсіздік монументінің ашылу салтанатына қатысты. Ескерткіш Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би атындағы көшелердің қиылысында орналасқан «Ордабасы» алаңында бой көтерді. Биіктігі 24 метрлік үш қырлы стелла ел халқының бірлігін бейнелейді, монументтің әр қырына дана билердің сөздері қашап жазылған. Монументтің ұшар басына «Жер-Ана» мүсіні орнатылған. Стелланың іргесі ою-өрнектермен безендірілген. Монумент авторлары - Насыр Рүстемов пен Бақытжан Әшірбаев.

4 жыл бұрын (2011) Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қауіпсіздік бойынша жоғары деңгейдегі отырысқа қатысты.

БҰҰ-ның Нью-Йорк қаласындағы штаб-пәтерінде өткен отырысқа БҰҰ-ға мүше мемлекеттер: АҚШ, Ресей, Қазақстан, Франция, Корея Республикасы, Жапония, Бразилия және т.б. елдердің басшылары қатысты.

4 жыл бұрын (2011) БҰҰ Бас Ассамблеясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Барак Обама, Ұлыбританияның премьер-министрі Дэвид Кэмерон, Финляндия Президенті Тарья Халонен, Украина Президенті Виктор Янукович, Польша Президенті Бронислав Коморовский, Корея Республикасының Президенті Ли Мен Бак, Латвия Президенті Андрис Берзиньш, Словения Президенті Данило Тюркпен кездесулер өткізіп, БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-шы сессиясының күн тәртібі және екіжақты қатынастар мәселелерін талқылады.

3 жыл бұрын (2012) Шығыс Қазақстанның Тарбағатай ауданындағы Боғас елді мекенінде Дарабоз батыр Қабанбайға арналған ескерткіш ашылды.

Ескерткіш «Менің бабам - Қаракерей Қабанбай» қоры қаражатының есебінен орнатылған. Жобаның құны шамамен 30 млн. теңге.

ЕСІМДЕР 90 жыл бұрын (1925-1997) соғыс және еңбек ардагері, қоғам қайраткері СЫЗДЫҚБАЕВ Ұзақбай Сыздықбайұлы дүниеге келді. Жамбыл облысы Сарысу ауданында туған. Кировоградтағы танк-техникалық училищесін, Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Мәскеу КОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген. Ұлы Отан Соғысына қатысқан. 1947-1959 жылдары Қазақстан Компартиясы Жамбыл облысы Сарысу, Свердлов (қазіргі Байзақ ауданы) аудандық партия комитеттерінің нұсқаушысы, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, үшінші, екінші хатшысы болған. 1961-1963 жылдары - Жамбыл аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы. 1963-1967 жылдары - Қордай аудандық партия комитетінің екіншісі хатшысы. 1967-1983 жылдары Қазақстан Компартиясы Сарысу, Свердлов аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған. 1983 жылдан ардагерлер қатарында қоғамдық қызметке белсене ат салысқан. Екі рет Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», «Отан соғысы» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. Сарысу ауданындағы ауылға, көшеге, Байзақ ауданындағы көшеге есімі берілген. 8 9 жыл бұрын (1926-2003) Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген құрылысшысы, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты СТАТЕНИН Андрей Григорьевич дүниеге келді. Ресей Федерациясының Кемеров облысында туған. Новосібір темір жол көлігі инженерлері институтын, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. 1963-1964 жылдары - Алматы қаласы Совет аудандық, Октябрь аудандық партия комитетінің хатшысы, бірінші хатшысы. 1964-1971 жылдары - Алматы қалалық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары. 1971-1987 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің іс басқарушысы. 1989-1996 жылдары - «ҚазИнПресс» қауымдастығының аға инженері, директоры. 1996-1998 жылдары - «Казахстанская правда» газетінің бөлім меңгерушісі. 1998 жылы зейнет демалысына шыққан. Екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, екі мәрте «Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

6 5 жыл бұрын (1950) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Мұқағали Мақатаев және Халықаралық Жамбыл Жабаев атындағы сыйлықтардың лауреаты, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері АЙТҰЛЫ Несіпбек дүниеге келді.

Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағының Шәуешек ауданында туған. 1962 жылы тарихи отанына оралған. Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. 1974-1984 жылдары - «Балдырған» журналы поэзия бөлімінің меңгерушісі, «Жалын» баспасының редакторы. 1984-1994 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі. 1995-1996 жылдары - «Ақын» қауымдастығының директоры. 1997-2001 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде сын бөлімінің, «Жұлдыз» журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі. 2001 жылдан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде аға ғылыми қызметкері қызметтерін атқарған. 2008 жылдан - «Алтын тамыр» журналының бас редакторы қызметін атқарады. «Балалық» деген алғашқы өлеңі 1965 жылы Шұбартау аудандық «Жаңа өмір» газетінде, алғашқы топтамасы 1972 жылы Мұқағали Мақатаевтың сәт сапар тілеуімен «Лениншіл жас» газетінде, алғашқы кітабы 1974 жылы «Қозыкөш» деген атпен жарық көрген. «Жүректегі жаңғырықтар», «Әке туралы сыр», «Жаңбыр әні», «Түнделеп ұшқан тырналар», «Мұқағали-Желтоқсан», «Бәйтерек», «Балабақшаға барар жолда», «Желкілдеп өскен құрақтай», «Күміс күйме», «Қартаймайды күн неге?» атты кітаптары, «Ескендір қорғаны» (Ә.Науаи), «Игорь жорығы туралы жыр», т.б. аударма кітаптары шыққан. Түріктің VII ғасырда өмір сүрген ұлы ақыны Жүніс Еміре, қытайдың көне дәуір ақыны Бо Цызюдың, италян ақыны Дж.Родаридың, сондай-ақ, М.Исаковский, А.Барто, С.Михалков, С.Баруздин, В.Берестов, Т.Сыдықов, С.Жусуев өлеңдерін қазақ тіліне аударған.

6 2 жыл бұрын (1953) Техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының корреспондент мүшесі ӘБДІРАХЫМОВ Орал Тұтқабайұлы дүниеге келді.

Жамбыл облысының Меркі ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің механика және қолданбалы математика факультетін бітірген. 1976-1988 жылдары - Тараз гидромелиоративтік-құрылыс институтының ассистенті, аспиранты, аға оқытушысы. 1988-1991 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясы Математика және механика институтының аға ғылыми қызметкері. 1991-1995 жылдары - Механика және машинатану институтының зертхана меңгерушісі, Жезқазған университетінің ректоры. 2001 жылдан Алматы технологиялық университетінде факультет деканы болып істейді. Ғалымның 80 ғылыми еңбегі және 16 ғылыми жаңалығы бар. Ғылым мен техникадағы табыстары үшін Ресей инженерлері одағының В.Шухов атындағы алтын медалімен марапатталған.

56 жыл бұрын (1959) «Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның ректоры ӘМІРБЕКОВ Шәріпбек Ағабайұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақталы ауылында дүниеге келген. С.Киров атындағы ҚазМУ-дің тарих факультетін және Мәскеу мемлекеттік әлеуметтік университетінің заң факультетін бітірген. Саяси ғылымдар докторы. 50-ден астам ғылыми еңбегі бар. 1994 жылдан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінің деканы, оқу-әдістемелік басқармасының бастығы қызметін атқарған. 2006-2008 жылдары «Нұр Отан» ХДП партия кеңесінің саяси хатшысы - Орталық аппарат басшысының орынбасары, талдамалық жұмыс департаментінің директоры, 2008-2011 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің деканы, тіл және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры қызметтерін атқарған. Осы қызметке тағайындалғанға дейін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ұйымдастыру және кадр жұмысы департаменті директоры қызметін атқарған.

224 жыл бұрын (1791-1864) ағылшын физигі және химигі, электр магниттік өріс туралы ілімнің негізін салушы Майкл ФАРАДЕЙ дүниеге келді. 115 жыл бұрын (1900-1964) орыс тіл маманы, лексиколог, әдеби тіл тарихшысы, профессор, әлемге танымал «Орыс тілі сөздігінің авторы ОЖЕГОВ Сергей Иванович дүниеге келді. 77 жыл бұрын (1938-1986) Америка әншісі, киноактер, кинорежиссер және қоғам қайраткері Дин РИД дүниеге келді.