22 мамыр. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 22 мамыр. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 22 мамырға арналған күнтізбесін ұсынады.

22 мамыр, СЕЙСЕНБІ

Халықаралық биологиялық әралуандық күні. 2000 жылдың 30-шы желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы 22-ші мамырды Биологиялық әралуандық туралы конвенцияның қабылданған күні, Халықаралық биологиялық әралуандық күні деп жариялады. Бұған дейін бұл атаулы күн желтоқсанның 29-да аталып өтілетін. Қазақстанның экологиялық жүйесі бірегей биологиялық әралуандығымен ерекшеленеді. Жалпы Қазақстанда өсімдіктердің 15 мыңдай түрі бар. Оның 2 мыңнан астамы балдырлар, 5 мыңға жуығы саңырауқұлақтар, 600-ге жуығы қыналар, 500-ге жуығы мүк тәрізділер және 6 мыңнан астамы жоғары сатыдағы түтікті өсімдіктер. Жоғары сатыдағы өсімдіктердің түр байлығы, интродукцияланған, мәдени дақылдар мен кездейсоқ әкелінген 500-ден аса түрлерін қоспағанда, 161 тұқымдасқа және 1120 туысқа жататын 6 мыңнан астам түрден тұрады. Оның ішіндегі 730 түр тек Қазақстанда өсетін - эндемиктер. Қазақстан жануарларға да өте бай. Сүтқоректінің 180, құстың 500, бауырымен жорғалаушылардың 52, қос мекенділердің 12, балықтың 104-ке жуық түрі мекен етеді. Ал омыртқасыз жәндіктер, шаян тәрізділер, ұлулар, құрттар бұдан да көп. Тек жәндіктер түрлерінің өзі 30 мыңнан асады. Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізіліп, қорғауға алынған аңдардың 40, құстың 56, бауырымен жорғалаушылардың 10, қосмекенділердің 3, балықтың 16 түрі бар.

Қазақстанның биологиялық әралуандығын сақтау мақсатында 1994 жылы Биологиялық әралуандық жөніндегі конвенция бекітіліп, биологиялық әралуандық балансын пайдалану және сақтау жөніндегі іс-әрекеттер жоспары мен ұлттық стратегиясы жасалынды. Бүгінгі таңда осы жұмыстар 2003 жылғы желтоқсанда Елбасы қол қойған Қазақстанның 2004-2015 жылдардағы экологиялық қауіпсіздігі конвенциясы шеңберінде атқарылуда.

Йемен Республикасының Ұлттық мейрамы - Ұлт күні. Осыдан 16 жыл бұрын (1990) Йемен Араб Республикасы мен Йемен Халық Демократиялық Республикасы ерікті түрде қосылды. Йемен Арабия түбегінің оңтүстік және оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан мемлекет. Солтүстігі мен шығысында Сауд Арабстанымен және Оманмен, батысы Қызыл теңізбен шектесіп жатыр. Әкімшілік жағынан 16-ы провинцияға бөлінеді. Астанасы - Сана қаласы. Ресми тілі - араб тілі. Ақша бірлігі - йемендік реал. 1991 жылы қабылданған Конституциясы бойынша мемлекет басшысы Президент пен Вице-президент 5 жыл сайын жалпыхалықтық сайлауда сайланады. Осы екі лауазымды басшы Президенттік кеңес құрады. Жоғары заң шығарушы органы  бір палаталы парламент (801 депутаттан тұрады).

Қазақстан Республикасы мен Йемен Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1997 жылғы желтоқсанның 29-да орнатылды.   

Қырғызстан Республикасы Қарулы Күштерінің күні.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

20 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы ЮНЕСКО-ға кірді.

6 жыл бұрын (2006) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «ҚР Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымырандарды ұшыру кезінде апаттар болған жағдайдағы өзара іс-қимыл тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңға қол қойды.

6 жыл бұрын (2006) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Шанхай ынтымақтастық ұйымы аймақтық лаңкестікке қарсы құрылымының Мәліметтер базасы туралы келісімді бекіту туралы» Заңға қол қойды.

13 жыл бұрын (1999) Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданындағы Атансор көлінің маңынан жаңа темір кені көздері табылды.

5 жыл бұрын (2007) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев заңдарда қолданылатын терминдерді «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» Заңға сәйкестендіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының әскери қызмет мәселелері жөніндегі бірқатар заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

5 жыл бұрын (2007) Бөкей хандығының тарихы туралы Қожантай Қасеновтің «Нарын» атты кітабы жарық көрді.

Роман-дилогия екі бөлімнен тұрады, оның біріншісі «Жәңгір хан» аталса, екіншісі -«Нарын». Орыс тілінде жарық көрген кітапта Бөкей хандығындағы тарихи оқиғалар автор көзімен суреттелген. Кітапта Жәңгір ханнан бастап осы өлкенің Құрманғазы, Дәулеткерей, Салық Бабажанов, Ғұбайдолла Жәңгіров, Шәңгерей Бөкеев сынды ірі тұлғалары жөнінде баяндалады.

Қожантай Касенов - танымал ғалым, профессор, медицина ғылымдарының докторы, медицина маманы болғанымен, өзі туып өскен өңірдің өткені туралы барынша зерттеген.

3 жыл бұрын (2009) Қазақстан-Британ техникалық университетінде (КБТУ) әлемдегі тұңғыш рет технологияны өңдейтін, программамен қамтамасыз ететін және консалтингтік қызметтерiнің жетекші халықаралық серіктестігі (IPS) «Invensys Process Systems» инновациялық виртуалды технологияны ұсынды.

«Immersive Virtual Reality Process» жаңа өнiм қайта өңдейтiн өнеркәсiп саласындағы энергетика, химия, мұнай, газ тағы да басқа маман-инженерлер мен стажерлерді дайындауға жасалған. Қолданушылар стереоскопиялық құлаққаптар және дулыға арқылы зауытты басқару процесстерiн үйренедi және нақты бизнес тәжiрибесінде пайда болатын кез келген ахуалдарды шеше алады.

3 жыл бұрын (2009) Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде КазРЕНА қауымдастығының бас директоры Борис Жапаров «Республикалық жоғары оқу орындары аралығында таралған электронды кітапхана» (РЖТЭК) ұсынды. Жоғарғы оқу орындарында электронды кітапхана енгізу оқу материалдарының санын үлкейтеді, білім және ғылыми-зерттеу қызметінің сапасын жоғарлатады, отандық және шетел кітапханалар, ақпараттық орталықтар мен ұйымдар арасындағы электрондық қорларды айырбастауға мүмкіндік береді. Оның қорларына Science Directтiң арнайы жасалған программалық платформасы мен Scopus-тың электрондық анықтамасы арқылы кіруге болады.

ЕСІМДЕР

88 жыл бұрын (1924) этнограф, археолог, тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген жоғары мектеп қызметкері, Ұлы Отан соғысының ардагері ШАЛЕКЕНОВ Уахит Хамзаұлы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысында туған. Қарақалпақ мемлекеттік педагогикалық институтын, КСРО Ғылым академиясы Этнография институтының аспирантурасын бітірген. Өзбек КСР Ғылым академиясы Қарақалпақ бөлімшесінің сектор меңгерушісі, Шымкент мемлекеттік мәдениет институтының кафедра меңгерушісі болған. 1973 жылдан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысады.

У.Шалекеновтің 200-ден астам ғылыми еңбегі, оқу құралдары мен типтік бағдарламалары жарық көрген. Ол кезінде Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының жұмыстарына қатысып, ұзақ жылдар бойы Қазақ мемлекеттік университетінің археологиялық экспедициясын басқарды. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері түріктердің  ортағасырлық қалалық мәдениеті мен жазба ескерткіштері, қазақ халқының этнологиясына арналған. Ол Шу өзені бойындағы ортағасырлық Ақтөбе (Баласағұн) қаласында археологиялық оқу базасын құрды.

«Қызыл жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

43 жыл бұрын (1969) «Ар-продакшн» студиясының директоры,  Қазақстан Республикасы Журналистер академиясының академигі ЖҰМАБАЕВ Айдар Әбілмәжінұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. А.Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген. Қазақ теледидарының редакторы, Қазақ мемлекеттік университетінің оқытушысы қызметтерін атқарған. 1993-1995 жылдары - «Таң» телекомпаниясының бас редакторы. 1995-1997 жылдары - «Акбар» халықаралық журналистика орталығының президенті. 1997-2000 жылдары - «НТК» телекомпаниясының бас директоры. 2000 жылдан - Қазақстан телерадио хабарларын таратушылар қауымдастығының президенті, «Мир» халықаралық телерадиокомпаниясының Қазақстандық филиалының директоры болды.  «Құрмет» орденімен марапатталған.

87 жыл бұрын (1925-1994) жазушы, аудармашы МЕРКУЛОВ Олег Борисович дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Ресей Федерациясының Брянск қаласында туған. Санкт-Петербор шет тілдер институтын бітірген.

«Казахстанская правда» газетінің аудармашысы, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі комитетінің аға редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы орыс редакциясының әдеби кеңесшісі қызметтерін атқарған.

«Ради тебя», «На двух берегах» романдары мен «Комбат Ардатов» повесінің авторы. Р.Райттың «Протяжная песня темнокожего» повесін, Дж. Б.Пристилдің «Герой - чудотворец» романын басқа да көптеген ағылшын жазушыларының әңгімелерін орыс тіліне аударған.

1-дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

106 жыл бұрын (1906-1968) сәулетші, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты РИПИНСКИЙ Николай Иванович дүниеге келді.

Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында туған. Киев сәулет-құрылыс институтының сәулет факультетін бітірген. Киев, Мәскеу, Өскемен, Алматы қалаларындағы жобалау институттарында қызмет атқарған.

Оның негізгі еңбектері қатарында Хабаровскідегі театр ғимараты, Мәскеудегі шетел мамандарына арнап салынған тұрғын үй мен 8 қабатты «Авиапром» үйі, Өскемендегі Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің ғимараты, Алматыдағы қазіргі Республика сарайы бар. Сондай-ақ ол қанаттас қалалар мен тұрғын үй құрылыстарын жобалауда да елеулі еңбек еткен, Алматы қаласының орталық аудандарындағы жер сілкінісіне төзімді 4-5 қабатты тұрғын үйлердің, Қазақ балалар мен жасөспірімдер театрының, «Алматы» қонақ үйі жобасының авторы, қаладағы Достық даңғылын қайта құру жобасын жасаушылардың бірі.

«Құрмет белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған.

96 жыл бұрын (1916-1967) актриса, Қазақстанның халық әртісі СЕМЯТОВА Мариям Тохтаханқызы дүниеге келді.

Алматы облысының Шелек ауданында туған. Сахналық жолын көркемөнерпаздар үйірмесінен бастаған. 1935 жылы Алматыдағы педагогикалық училищеге түсіп, ал 1937 жылы Ұйғыр музыкалық драма театры студиясында оқыған. 1935-1967 жылдары осы театрдың труппасына қабылданып, әр алуан рөлдерде ойнаған. Кәсіби театр сахнасында тұңғыш ойнаған рөлі - Узеир Гаджибековтің «Аршин мал алан» музыкалық драмасындағы күтуші әйел Телли. Бұдан басқа ұйғырдың ұлттық және шетел драматургиясы бойынша қойылған спектакльдерде ойнаған рөлдері бір-біріне мүлде ұқсамайтын, қызғылықты шешім тапқан сахналық бейнелер. Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдары ерлер рөлінде де ойнады. Қазақ жазушыларының шағармалары негізінде қойылған спектакльдерде, яғни Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Баян және Әбділда Тәжібаевтың «Майра» спектаклінде Майраның рөлдерін орындаған.

Екі орденмен марапатталған. Алматы көшелерінің біріне актриса есімі берілген.

76 жыл бұрын (1936) Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрадалық-цирк колледжінің (Алматы қ.) эстрадалық вокал бөлімінің меңгерушісі ҚАРМЫСОВА Венера Камалқызы дүниеге келді.

Алматы қаласынта туған. Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның вокал факультетін бітірген, опералық және концерттік-камералық әнші.

1960 жылдан - Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының әншісі. 1969 жылдан Телевизия және радио хабарларын тарату мемлекеттік комитетінің әншісі. Қазіргі қызметінде -  2001 жылдан бері. «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталған. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі.