23 мамыр, ЖҰМА
Әзербайжанның Экология және табиғи қорлар министрлігі қызметкерлерінің күні. Әзербайжан Республикасы Президентінің Қаулысымен 2007 жылғы 16-шы мамырдан бері жыл сайын атап өтіледі.
Ямайкада еңбек күні. Алғашқы рет 1939 жылы атап өтілген. Бұл күні Ямайка тұрғындары қоғам игілігі үшін тегін еңбек етуді дәстүрге айналдырған.
Бүкіләлемдік тасбақалар күні. Бұл мереке 2000 жылы Малибуда 1990 жылы құрылған Американың тасбақаларды қорғау қоғамының бастамасымен өмірге келген.
Басты мақсаты - адамдардың кесірінен тасбақалардың кейбір түрлерінің азайып бара жатқандығына қоғамның назарын аудару.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
7 8 жыл бұрын (1936) Мәскеу қаласында өткен қазақ өнері мен әдебиеті онкүндігінің қорытынды концертінде Құрманғазы атындағы Қазақ халық аспаптары оркестрі «Адай», «Серпер», «Көбік шашқан», «Қос алқа», «Қызыл бидай» күйлерін, ал Жамал Омарова «Қараторғай», «Ертіс» әндерін нақышына келтіре орындады.
22 жыл бұрын (1992) Лиссабонда Қазақстан, Ресей, Беларусь, Украина және АҚШ елдері өкілдері 4 елдің жерінде орналасқан стратегиялық ядролық күштерге қатысты бесжақты стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақты қысқарту және шектеу туралы Келісімге қол қойды. Келісімде, сондай-ақ, Қазақстан, Беларусь және Украина елдері ядролық қаруды таратпау туралы келісімге ядролық қаруы жоқ елдер ретінде қатысу міндеттері белгіленді.
18 жыл бұрын (1996) Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Л.Гумилев атындағы Еуразия университеті туралы» Жарлығы шықты.
14 жыл бұрын (2000) Еуропарламент өкілдері «Қазақстан Республикасы - Еуропа Одағы» бағдарламасы шеңберінде парламенттік әріптестік комитетінің алғашқы мәжілісін өткізді.
14 жыл бұрын (2000) Минскіде Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы мен Тәжікстан Республикасы мемлекеттері басшыларының саммиті өтті, онда Кеден одағына қатысушы елдердің жетекшілері интеграциялық үдірістерді одан әрі дамытудың өзекті бағыттарын белгіледі. Мемлекет басшылары «1996 жылғы 29 наурыздағы экономикалық және гуманитарлық салалардағы интеграцияны тереңдету туралы Шартқа қатысушы мемлекеттердің 2000-2004 жылдардағы гуманитарлық саладағы ынтымақтастығының негізгі бағыттары туралы», «Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің әлеуметтік және гуманитарлық салалардағы ұлттық заңнамаларын үйлестіру барысы» туралы құжаттарды бекітті.
13 жыл бұрын (2001) Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында Дина Нұрпейісованың туғанына 140 жыл толуына орай республикалық домбырашылар байқауы өтті.
9 жыл бұрын (2005) ұлтымыздың біртуар азаматы, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлының жетекшілік етуімен 1913 жылдан бастап Орынбор қаласында шығып тұрған «Қазақ» газетінің электронды нұсқасы жасалынды. Жоба ҚР Ұлттық кітапханасы жанындағы «Құс жолы» қайырымдылық қорының ұйытқы болуымен отандық «Қазкоммерцбанкі» және халықаралық «АБМ Глобал Сервис» корпорациясының қаржылай қолдауы арқасында жүзеге асты. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қолға алынып отырған бұл жоба Орталық Азия аумағындағы алғашқы сандық құжат болып есептеледі. Онда зерттеушілер мен ғалымдар электрондық жүйе арқылы төл газетіміздің 247 нөмірімен бір мезетте таныса алады.
8 жыл бұрын (2006) Орал қаласында «Сардар» кемесі суға түсірілді. Бұл - Қазақстан шекара қызметінің тапсырысымен құрастырылып жатқан «Барыс» тобындағы алғашқы катер, әрі елде бұрын-соңды мұндай үлкен кеме шығарылмаған. Атырау теңізіндегі ел шекарасын күзететін кеме экипажының құрамында жиырма бір адам бар. «Сардар» - бұрын осы «Зенит» зауытында құрастырылған «Бүркіт» кемелерінен төрт есе қуатты. Жаңа кеменің ұзындығы 41 метрге жетсе, ені - 7,5 метр. Су сыйымдылығы 210 тонналық «Сардардың» жылдамдығы да жоғары - 28 узел (1 теңіз узелі 1,862 шақырымға тең), сонымен бірге ол жеті баллдық дауылға төтеп бере алады.
7 жыл бұрын (2007) Алматыда Азия және Тынық мұхит елдеріне арналған Экономикалық және Әлеуметтік комиссиясы, БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясы және Еуразия экономикалық бірлестіктің ықпалдастық комитеті хашылығының арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Меморандум Еуразия экономикалық бірлестіктің хатшылығымен және екі аймақтық комиссиясы аралығындағы ынтымақтастықты күшейтуге және Мыңжылдық даму мақсатына қолдау көрсетуге бағытталған.
5 жыл бұрын (2009) Алматыда бірінші мамандандырылған құзға өрмелейтін «Skala» орталығының тұсаукесер рәсімі өтті. Кешен қаланың әдемi және экологиялық таза аудандарының бiрі - Үлкен Алматы шатқалында салынған.
Үш қабатты ғимараттың астынғы қабатындағы үлкен боулдринг залында екі түсіп тұратын сталактика және әр түрлі карниздер орналасқан. Осы жерде биіктігі 15 метрлік ғимараттың барлық қабаттарынан өтетін, өрмелеушілерді кешеннің кез-келген қабаттынан бақылауға болатын негізгі қабырға орналасқан.
8 жыл бұрын (2006) аризоналық жеті жасар Брэкстон Билбрей Сан-Франциско шығанағын жүзіп өтті. Бала Алькатрас аралынан Сан-Франциско авкапаркіне дейінгі 2 шақырымнан астам арақашықтықты судың температурасы -13 градуста жүзген. 47 минутқа созылған жүзу барысында балаға жаттықтырушысы мен екі азамат еріп отырған. Брэкстон осы арқылы 1962 жылы әйгілі Алькатрас абақтысынан американдық қылмыскерлер Фрэнк Ли Моррис пен ағайынды Энглиндердің сенсациялық қашып шыққандағы жүзіп өткен жолының жартысын қайталаған. Бұл абақты ұзақ уақыт бойы қылмыскердің қашып шығуы мүмкін емес орын деп саналған. Оған су температурасының өте төмен болу себеп болған. Онда Аль Капоне сынды АҚШ-тың ең танымал қылмыскерлері қамалған. Моррис пен ағайынды Энглиндер қашып шыққанан кейін жабылған абақты бүгінгі таңда жыл сайын бірнеше миллиондаған туристер келетін орынға айналды.
3 жыл бұрын (2011) ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша ұлттық комиссия отырысында Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Дамаск (Сирия) қаласындағы Сұлтан Бейбарыс музейі және кітапханасының толығымен қайта жаңғыртылатыны жайлы хабарлады.
2 жыл бұрын (2012) Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі акционерлерінің Лондондағы жиналысында Беларусь, Қазақстан және Ресей елдері арасындағы Кедендік Одақ және Бірыңғай экономикалық аймақтың тұсау кесілді.
ЕСІМДЕР 121 жыл бұрын (1893-1971) Қазақстан Ғылым академиясын ұйымдастырушылардың бірі, биология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбегі сіңірген ғылым қайраткері ПАВЛОВ Николай Васильевич дүниеге келді.
Ресейдің Санкт-Петербор қаласында туған. Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын бітірген. 1937-1954 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің профессоры, Қазақстан Ғылым академиясы Ботаника институтының директоры болған. Негізгі ғылыми еңбектері флористика, ботаника, география, өсімдік қоры мәселелеріне арналған. Павлов Қазақстанның Қостанай, Ақмола және Қарағанды облыстары, Қаратау, Талас, Іле Алатаулары, Өгем және Піскем жоталары, Батыс және Солтүстік Тянь-Шань өсімдіктерін (флорасын) зерттеген. 1923-1926 жылдары Моңғол-Тибет және 1935 жылы Камчатка экспедицияларына басшылық жасаған. Осы аймақтардың табиғаты мен егіншілігі туралы бірнеше құнды еңбектер жазған. Қазақстанның флорасын зерттейтін экспедициялар ұйымдастырып, республикадағы дәрілік, тағамдық, илік, бояуыш өсімдіктердің табиғи қорларын тапқан. Осы көпжылдық зерттеулерін «Қазақстан өсімдіктерінің қоры» атты кітабында қорытқан. Осы кітапқа 1948 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілген. Өсімдіктің жаңа екі туысын, 140 түрін ашып, оларға сипаттама берген. 1956-1966 жылдары Павловтың басшылық етуімен 9 томдық «Қазақстан флорасы» атты ғылыми жинақ жарыққа шыққан.
«Ленин», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.
90 жыл бұрын (1924-2003) қазақ археология ғылымының негізін қалаушылардың бірі, тарих ғылымының докторы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан Ғылым академиясы Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Герман Археология институтының корреспондент-мүшесі АҚЫШЕВ Кемел дүниеге келді.
Павлодар облысының Баянауыл кентінде туған. Қазақ мемлекттік университетін бітірген. 1950-1955 жылдары - Қазақ Ғылым академиясының аспиранты, кіші, аға ғылыми қызметкері. 1955-1990 жылдары Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты археология бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. 1991 жылдан Ә.Марғұлан атындағы Тарих, археология және этнография институтының бөлім меңгерушісі, бас ғылыми қызметкері болып қызмет атқарып келеді.
К.Ақышев 1954 жылдан бастап Солтүстік, Оңтүстік және Жетісу археологиялық экспедицияларын ұйымдастырушысы және жетекшісі болды. Көне және орта ғасырлардағы Қазақстан ескерткіштерін, әлемдік маңызы зор Есік обасынан табылған «Алтын адам», Бесшатыр, Отырар жәдігерлерін зерттеген. Қола, ерте темір дәуірлерінің мәдениетін кезеңдеу және мерзімдеу мәселелерін анықтады. Ғалым - көне Қазақстан тарихының негізгі тұжырымдарын жасауға белсене қатысты. Орталық Азия өркениеті жүйесінде ежелгі Қазақстанның орнын айқындауға елеулі үлес қосты. Оның 220-ға жуық ғылыми еңбегі, соның ішінде 14 монографиясы бар.
«Парасат» орденімен марапатталған.
7 3 жыл бұрын (1941) ҚР Парламенті Сенатының депутаты АХМЕТОВ Әділ Құрманжанұлы дүниеге келді.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты қызметіне Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен тағайындалған. Алматы шет тілдері педагогикалық институтын бітірген. Орта мектептің ағылшын тілінің, қазақ тілінің мұғалімі. Филология ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі. Дипломаттық дәрежесі I сыныпты Төтенше және Өкiлеттi Уәкiл. Алматы шет тілдері педагогикалық институтында оқытушы, аға оқытушы, ағылшын тілі факультетінің деканы, оқу ісі жөніндегі проректоры, лексикология кафедрасының доценті, Халық депутаттары Алматы қалалық кеңесі атқару комитеті Сыртқы экономикалық байланыстар бөлімінің I санатты маманы, Алматы қалалық әкімшілігі басшылығы аппаратының бас маманы-Алматы қалалық әкімшілігінің Тусон қаласындағы (Аризона штаты, АҚШ) тұрақты өкілі, Халықаралық қатынастар және әлем тілдері Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры, Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің Білім комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер бірінші вице-министрі, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкiлеттi Елшісі сондай-ақ Швеция Корольдігінде, Норвегия және Ирландия Корольдіктерінде осы міндеттерді қоса атқарды, Қазақстан-Британ техникалық университетінің ректоры, халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры болып қызмет істеген. «Құрмет» орденімен, бес медальмен марапатталған. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы бар.
6 8 жыл бұрын (1946) қолөнер шебері, этнограф-ғалым, Қазақстан Суретшілер одағының және Қазақстан дизайнерлер одағының мүшесі, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты ШОҚПАРОВ Дәркембай дүниеге келді.
Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында туған. Қазақ педагогикалық институтын бітірген. 1972-1982 жылдары Республикалық қолөнер мұражайында, «Казреставрация» бірлестігінде бас суретші-реставратор қызметін атқарған. Қазір Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, металл мен ағашты көркемдеп өңдеу кафедрасының меңгерушісі. Сонымен қатар оның жастарды қолөнерге баулитын «Асыл» атты шеберлік мектебі жұмыс істейді. Шоқпаров халық өнерін зерттеп, насихаттау мақсатымен республикалық мерзімді басылым беттерінде 200-ден аса ғылыми-танымдық еңбек, соның ішінде «Ер қанаты», «Өрім өру», «Домбыра жасау», «Қазақтың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері», «Бесікке бөлеу - бабалар дәстүрі», т.б. кітаптар жазған. Шеберлік сыры жөнінде телехабарлар жүргізіп, бірнеше деректі және көркем фильмдерге түскен әрі ғылыми кеңесші болған. Оның металдан, ағаштан, тастан жасаған туындылары бар. Сондай-ақ ол М.Әуезов, Құланаян Құлманбет, М.Шоқай, А.Розыбақиев ескерткіштерінің авторы.
6 8 жыл бұрын (1946) педиатр, медицина ғылымының докторы ӘРІПОВА Айсұлу Абдоллақызы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын, КСРО Медицина ҒА-ның асирантурасын бітірген. 1974-1984 жылдары Қазақ педиатрия ғылыми-зерттеу институтының жаңа туған және мезгілінен бұрын туған балалар бөлімшесінің аға ғылыми қызметкері болған. 1985 жылдан бастап осы бөлімшенің меңгерушісі. Ол мезгілінен бұрын туған балалардың миында оттегі жетіспеуі себептерін зерттеп, бұл дертті анықтау, емдеу әдістерін ұсынды. Қанның цитологиялық құрамын сипаттап, ферменттік көрсеткіштерін анықтады.
6 3 жыл бұрын (1951) шахматтан дүниежүзінің 12-ші чемпионы, жастар арасындағы дүниежүзі чемпионы, халықаралық дәрежедегі гроссмейстер, спортқа еңбегі сіңген шебер, шахматты шапшаң ойнаудан дүниежүзі және Еуропа чемпионы, шахматтан «Оскар» жүлдесінің тоғыз мәрте иегері КАРПОВ Анатолий Евгеньевич дүниеге келді.
Ресейдің Златоуст қаласында туған. Шахмат ойнауды 4 жасынан бастап, 9 жасында 1-ші разряд, 15 жасында КСРО спорт шебері нормасын орындаған. 10 жыл қатарынан чемпиондық атағын қорғап, тек 1985 жылы Г.Каспаровтан жеңілген. Осыдан кейін екі мәрте қарымта матчын өткізгенімен бұрынғы атағын қайтара алмаған.
50 жыл бұрын Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының әкімі МАҚСҰТОВ Халел Мұқатайұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Бақты ауылында туған. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін заң және экономика бакалавры мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Қарқаралы автокөлік кәсіпорнында жүргізуші болып бастады. 1987 жылдан бастап комсомол органдарында қызмет етті. Қарағанды облыстық әкімшілігінде жастар ісі жөніндегі комитетті басқарды. Жастар ісі, туризм және спорт басқармасы бастығының орынбасары, Мичурин аудандық әкімшілігі бастығының орынбасары, Абай ауданы әкімінің орынбасары, облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. 1999 - 2009 жылдары Атырау облысының түрлі мекемелерінде қызмет етті, оның ішінде жұмылдыру, азаматтық қорғаныс, апаттар мен төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы болды. Қарқаралы ауданының әкімі қызметіне тағайындалғанға дейін Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
89 жыл бұрын (1925-2008) америкалық генетик және биохимик, философия ғылымдарының докторы ДЖОШУА Ледерберг дүниеге келді.
АҚШ-тың Нью-Джерси штатында туған. Колубия, Йель университеттерін бітірген.
Висконсинский университетінің, Медицина мектебінің профессоры, Калифорния және Стенфорд университеттерінің молекулалық медицина зертханасының меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Негізгі ғылыми еңбектері генетикалық мәселелерді зерттеуге арналған. Бактерияның генетикалық рекомбинациясының механизмін ашқан.
Физиология және медицина саласындағы микроорганизмдердің генетикасын зерттегені үшін Нобель сыйлығы тағайындалған.