24 қазан. ЖҰМА
«Байқоңыр» ғарыш айлағында қаза тапқан сынақшыларды еске алу күні. 1955 жылғы ақпанның 12-інде КСРО Үкіметі «Байқоңыр» ғарыш айлағын салу туралы шешім қабылдады.
1960 жылғы қазанның 24-інде М.Янгель құрастырған Р-16 атты жаңа континентаралық баллистикалық зымыран сынақ барысында апатқа ұшырады. Электрлік сынақ жүргізу сәтінде жанармаймен жабдықталған зымыранның 2-інші сатыдағы қозғалтқышы жүйеге рұқсатсыз қосылып кеткен. Осының нәтижесінде өрттен және жанармайдан уланған 76 әскери қызметкер мен өнеркәсіп өкілдері опат болды. Олардың ішінде артиллерияның бас маршалы М.Неделин, полигоннан сынақ жетекшілері полковниктер А.Носов пен Е.Осташев бар. Бүгінде олардың есімдері Байқоңыр қаласындағы көшелерге берілген.
Біріккен Ұлттар Ұйымы күні. 1945 жылы 51 мемлекет қол қойған және бекіткен БҰҰ Жарғысы күшіне енді. Бүгінде БҰҰ-ға 192 мемлекет кіреді. АҚШ осы ұйым бюджетінің төрттен бірін қамтамасыз етеді.
Бүкіләлемдік даму мақсатындағы ақпарат күні. БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен атап өтіледі.
Қарусыздану апталығы. Бүкіләлемдік бейбітшілік кеңесі мен Қарусыздану жөніндегі БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы сессиясының шешімімен қазанның 24-і мен 31-і аралығында жыл сайын атап өтіледі.
Замбия Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік жариялаған күні (1964). Замбия - Орталық Африканың оңтүстігінде орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Конго Демократиялық Республикасымен, Танзаниямен, шығысында Малавимен, оңтүстік-шығысында Мозамбикпен, оңтүстігінде Зимбабве, Ботсвана, Намибеймен, батысында Анголамен шектеседі. Астанасы - Лусака қаласы. Мемлекеттік тілі - ағылшын тілі. Ақша бірлігі - квача.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1 8 жыл бұрын (1996) Алматыда жазушы Балғабек Қыдырбекұлының тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды.
1 4 жыл бұрын (2000) Павлодарда Сұлтанмахмұт Торайғыровқа ескерткіш ашылды.
8 жыл бұрын (2006) Қарағандыда «ЭкоМұражай» қоғамдық бірлестігінде қазақстандық өнер қайраткерлері мен табиғат қорғау белсенділерінің «Киіксіз далалық жер - келінсіз той тәріздес» жобасы аясында «Бөкен туралы сага» мультфильмі және «Қазақстан даласының кереметтері» оқу құралының тұсаукесері болып өтті. Экологтардың мәліметі бойынша қазақ даласында жиырма жыл бұрын бір жарым миллион киік өмір сүрген болатын, ал 2005 жылы бар әлемде олардың саны небары 55 мыңды құраған.
9 жыл бұрын (2005) Павлодар мемлекеттік педагогика институтында жаңа жайлы қоныс - Студенттер үйі ашылды. Бұл еліміздің жоғары оқу орындарындағы пәтер үлгісіндегі бірден-бір жатақхана. Жатақханада тұруға рұқсатты облыс әкімі грантының иегерлері бірінші болып алды. Олар Студенттер үйінде тегін тұрады.
7 жыл бұрын (2007) Алматыда «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Әлемдік классика» сериясымен жарық көрген «Экономика» және «Адамзат ақыл-ойының қазынасы» сериясымен жарық көрген «Психология» атты қос 10 томдықтың таныстырылымы өтті.
5 жыл бұрын (2009) «Байқоңыр» ғарыш айлағында оттегі-азот зауыты іске қосылды. Ол зымырантасығыштарды ұшыру үшін отын компоненттерін өндірумен айналысатын болады.Зауыт жылына екі рет - күздің екінші жартысында және қыстың аяғында іске қосылады.
5 жыл бұрын (2009) Астанада халқымыздың көрнекті қаламгері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, профессор-ғалым Ақселеу Сейдімбекке арналған мемориалдық тақта орнатылды.
Ақселеу қай бағытқа ізін салса да, өзінің ерекшелігімен, ұтқыр ойларымен, биік парасаттылығымен айрықша көзге түсетін. Жан-жақты, қарымды қаламгер болатын. Оның қаламынан 30-дан астам көркем, ғылыми-танымал монографиялар мен кітаптар жарық көрген.
Көрнекті қоғам қайраткері әр жылдары «Жас Алаш», «Орталық Қазақстан», «Егемен Қазақстан» газеттерінде жұмыс істеген. «Зерде» журналының және «Әлем» альманахында бас редактор болған. М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында бөлім меңгерушісі, Ы. Алтынсарин атындағы Білім беру институтының директоры, Қазақ ұлттық білім беру академиясының бірінші президенті, Президенттік мәдениет орталығы директорының орынбасары қызметтерін атқарған. Өмірінің соңына дейін Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры болды.
5 жыл бұрын (2009) Астанадағы № 54-ші қазақ мектеп-лицейі көрнекті ғалым, белгілі қайраткер, марқұм Ақселеу Сейдімбектің есімімен аталған.
№54 мектеп-лицейі Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша бой көтерген алғашқы мектеп және ол барлық жағынан заманауи талаптарға сәйкес келеді.
5 жыл бұрын (2009) Бурабайда Абылай хан атындағы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық паркінің экспозиция кешенінің ашылуы барысында Тарихта «Шаңды жорық» деген атаумен қалған оқиға Бурабайдағы Абылай хан мұражайының бір қабырғасына безендірілді Абылай хан алаңындағы айтулы кешен тақырыптық жазулардан, «Әскери кеңес» сәулет композициясынан, ақпараттық стендіден тұрады. Игілікті істің ұйытқысы болған ҚР Президентінің Іс басқармасы мен «Нұр Отан» халықтық -демократиялық партиясы. Кешеннің басты мақсаты - кең көлемді, танымдық, идеологиялық және отансүйгіштік рухтағы тәрбиелік жұмыстарды атқаруды көздейді.Сонымен қатар жас буынды Қазақстанның бай тарихынан, мәдениетінен хабардар етіп, өңірде туристік кластерді кеңінен өрістестуге бағытталған.
2 жыл бұрын (2012) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Чехия Республикасының Президенті Вацлав Клаус Қазақстан-Чехия бизнес-форумының ашылуына қатысты.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы Чехия Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропадағы маңызды сауда серіктесі екенін атап өтті.
Бір жыл бұрын (2013) Қазақстанда қазақ тіліне аударылатын өзекті 100 кітапты анықтау үшін онлайн дауыс беру жүргізілді.
«100 кiтап - 100 книг» жобасы - бұл мемлекеттік тілге аударылуға ұсынылатын өзекті кітаптарды анықтау байқауы. Байқау мақсаты - қазақ тіліне аудару үшін қазақстандық оқырмандар арасында танымал кем дегенде жүздеген кітаптардың тізімін құру.
Бір жыл бұрын (2013) Минскіде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес пен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мемлекет басшыларының кезекті отырысының жұмысына қатысты.
Еуразиялық экономикалық кеңес аясында Қазақстан Кедендік одақты дамытудың өзекті мәселелері мен перспективаларын сөз етті. Еуразиялық экономикалық алқасының қызметкерлері мен оған қатысты мүшелерінің маңызды шешімдеріне, сонымен бірге 2012 жылға арналған комиссия бюджетінің орындалуына қол қойылды. Отырыс қорытындысы бойынша, маңызды келісімдерге, жекелей алғанда, құпия ақпаратты қорғау, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету бойынша Мемлекетаралық кеңестің білім алуы туралы келісімдерге қол қойылды.
178 жыл бұрын (1836) Филлипс сіріңкеге патент алды.
12 8 жыл бұрын (1886) Менделеев атындағы Ресей химиялық қоғамы құрылды.
ЕСІМДЕР 119 жыл бұрын (1895-1983) Балалар әдебиетінің негізін салушылардың бірі Сапарғали БЕГАЛИН дүниеге келген. Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Дегелең ауылында туған.
1915 жылы Семей қаласындағы орыс-қырғыз (қазақ) училищесін бітірген. 1929 - 1935 жылдары Дегелең облыстық атқару комитетінің төрағасы, Қарқаралы уездік атқару комитетінің мүшесі. Бөлім меңгерушісінің орынбасары, аудандық халық судьясы болды. Қазақ егіншілік халық комиссариатында, Түріксіб басқармасына жауапты жұмыстар атқарды. 1935-1956 жылдары «Теміржолшы» газетінде, Қазақ КСР ҒА-ның Тіл және әдебиет институтында (қазіргі Әдебиет және өнер институты), Қазақстан Жазушылар одағында қызмет етті.
Алғашқы өлеңі - «Қазақ боз-балаларына» 1914 жылы «Айқап» журналының N2 9 санында басылды. «Қыран кегі» (1943), «Цимлян теңізі» (1953), «Таңдамалы» (1956), «Сырлы қайнар» (1963), тағы басқа өлеңдер мен поэмалар, «Көксегеннің көргендері» (1948), «Ермектің алмасы» (1955, 1985), «Сәтжан» (1947,1973,1978), «Жас бұтақ» (1953),«Жеткіншектер» (1960), «Мектеп түлектері» (1961), «Шоқан асулары» (1971), «Қыран туралы аңыз» (1976), «Екі томдық шығармалар» (1976), тағы басқа әңгіме, повестер жинақтары, «Замана белестері» (1975) романы жарық көрді.
Пушкиннің, Лермонтовтың, Шевченконың жекелеген туындыларын, Д. Н. Мамин-Сибиряктың, Л. В. Соловьевтің кейбір әңгімелері мен повестерін қазақ тіліне аударған. Бегалин Абай шығармаларын насихаттауға мол еңбек сіңірген. Ақынның өнегелі өмірі, мұрасы, замандастары жайлы тың деректер беретін «Қияспай» (Пионер, 1956, №4), «Сауық кеш» (Қазақ әдебиеті, 1971, 10 желтоқсан), «Назипа Құлжанова» (Қазақстан әйелдері, 1973, № 10) тағы басқа мақалаларын жариялаған. Абай рухына арналған «Ұрпақтарға» («Совхоз туы», 1964, 5 май) атты өлең жазған. Абайдың туғанына 70 жыл толуына орай 1915 жылы әдеби кешті ұйымдастыруға қатысқан.
Халық ақындарының шығармаларын сұрыптал жинақ етіп шығарды («Халық ақындары », 1953; «Өмір жыры», 1953), өнер саңлақтары жөнінде («Сахара сандуғаштары»,1976), жыр алыбы Ж.Жабаев туралы монография жазды. Көптеген туындылары шетел тілдеріне тәржімеленді.
Ол "Құрмет белгісі", "Халықтар достығы" ордендерімен марапатталған.
6 6 жыл бұрын (1948) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ЖЫЛҚЫШИЕВ Қойшығұл дүниеге келді.
Атырау облысының Индер ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде, Қазақ теледидарында қызмет істеген. Қазір «Өнерпаз» қоғамдық қайырымдылық қорының президенті. Республикалық «Махамбет» қорының тете-президенті. Ақынның «Тұңғыш», «Мұң-кітап», «Асаукер» атты жыр жинақтары жарық көрген. М.Өтемісұлы туралы публицистикалық мақалалары үшін Қазақстан Журналистер одағының А.Байтұрсынов атындағы сыйлығын алған. «Тамаша» ойын-сауық отауын ашқаны үшін (Л.Есеновпен бірге) авторлық куәлік берілген.
90 жыл бұрын (1924-1993) Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі МЫРЗАТАЕВА Мәриям Нұғыманқызы дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Қарақамыс ауылында туған.
Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық институтын бітірген.
1948-1953 жылдары - Есіл ауданы Еңбек орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары. 1953-1955 жылдары - М.Жұмабаев атындағы ауданы Еңбекшіқазақ мектебінің мұғалімі. 1955-1982 жылдары 2-қазақ мектеп-интернатының мұғалімі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған.
«Құрмет белгісі» орденімен, «Қазақстанның ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталған.
10 4 жыл бұрын (1910-1987) ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері ДАРҚАНБАЕВ Темірбай Байбосынұлы дүниеге келді.
Қостанай облысының Қарабалық ауданында туған. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін және КСРО Ғылым Академиясы жанындағы биохимия институтының (қазіргі Микроорганизмдердің физиология және биохимия институты) аспирантурасын бітірген.
1941-1946 жылдары - КСРО Ғылым Академиясының Қазақ бөлімшесінде аға ғылыми қызметкер, зертхана меңгерушісі. 1946-1970 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінде оқу ісі жөніндегі проректоры, кафедра меңгерушісі және ректоры. 1972-1983 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясының биологиялық ғылымдар бөлімінің академик-хатшысы. 1983-1987 жылдары - Молекулалық биология және биохимия институтында дәнді дақылдар зертханасының меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Ол Қазақстан бидайының тағамдық маңызы мен технологиялық қасиеттеріне баға беріп, олардың құрамындағы белоктардың түзілу және кебу заңдылықтарын анықтады. Ол бидай дәнінде амилаза ферментінің жасырын түрде кездесетінін дәлелдеп оның биосинтезін зерттеген. Амилаза ферментінің, глиадиндермен қатар, бидай сорттарының сапалық көрсеткіші бола алатындығын анықтаған.
Ленин, Еңбек Қызыл Ту, екі рет «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.
7 3 жыл бұрын (1941) КСРО-ның және Қазақстанның денсаулық сақтау ісінің үздігі ҮРМҮРЗИНА Гүлшара Ғазизқызы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірген. Ұзақ жылдар бойы денсаулық сақтау саласында жемісті еңбек етіп, Алматы қалалық клиникалық ауруханаларында дәрігер-ординатор, бөлімше меңгерушісі, бас дәрігердің орынбасары, бас дәрігері болған. 1986-1987 жылдары - Қазақ КСР Қызыл крест және Қызыл жарты ай қоғамы Орталық комитетінің төрағасы. 1987-1991 жылдары - Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары. 1991-1995 жылдары - Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының бастығы. 1995-1998 жылдары - Міндетті медициналық сақтандыру қоры Алматы қалалық бөлімшесінің директоры. 1999-2006 жылдары «Хоспис» РМҚК-ның директоры. 2006 жылдан бастап зейнет демалысына шыққан.
50 жыл бұрын (1964) ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары Қайырбек Айтбайұлы ӨСКЕНБАЕВ дүниеге келген. КСРО Ішкі істер министрлігінің Қарағанды Жоғары мектебін, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Дипломатиялық академиясын бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты. Индустрия және сауда, туризм және спорт министрліктерінде басшылық қызметтер атқарды. 2007-2011 жылдары ҚР Туризм және спорт вице-министрі, 2013-2014 жылдары Өңірлік даму министрлігінің бірінші орынбасары, қазіргі қызметінде 2014 жылдың тамыз айынан бастап. «Астана», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай» медальдарымен марапатталған.
521 жыл бұрын (1493-1541) дәрігер және алхимик ПАРАЦЕЛЬС (Филип Ауреол Теофраст Бомбаст фон Гогенгейм) дүниеге келді.
38 2 жыл бұрын (1632) нидерланды натуралисі, микроскоп жасаушы, ғылвыми микроскопияның негізін салушы Антони ван ЛЕВЕНГУК дүниеге келді.
13 2 жыл бұрын (1882) венгр композиторы, кең таралған оперетталардың авторы КАЛЬМАН Имре (Эммерих)дүниеге келді.
10 3 жыл бұрын (1911-1987) кеңестік эстрада және театр актері, режиссер, сценарист, сықақшы, КСРО халық әртісі РАЙКИН Аркадий Исаакович дүниеге келді.