24 шілде, БЕЙ СЕНБІ Эквадорда азат етуші - Симон Боливар күні. Симон Боливар Америкадағы испандық колониялардың тәуелсіздігі үшін күресуші жетекшілердің бірі. 1813 жылы Венесуэланың Ұлттық конгресімен Азат етуші болып жарияланды. Қытайда Аспан құдайына құрмет білдіру күні. Бұл күн - ризашылық айту және дұға тілеу күні. Барлық отбасы мүшелері арнайы жоралғы түскі асына жиналады. Мал бауыздап, тоқаштар пісіреді. Қағаздар мен хош иістендіргіштерді жағады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
70 жыл бұрын (1944) Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесі 1944 жылы қазанның 1-де Алматы мемлекеттік өнер институтын ашу туралы қаулы қабылдады. Аталмыш мекеме Алматының музыкалық-хореографиялық комбинаты негізінде құрылды. Сондықтан комбинат директоры И.Круглихин алғашқы ректоры міндетін атқарды. 1945 жылы консерваторияға Құрманғазы есімі беріліп, басшылыққа Ахмет Жұбанов келді.
1 3 жыл бұрын (2001) Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласындағы «Еменді бақта» жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезов ескерткішінің ашылу салтанаты өтті.
7 жыл бұрын (2007) Мемлекет басшысы елордамыздың жұмыс істеу саласында қоғамдық қатынастарды реттейтін «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасы астанасының даму мәселелері жөнінде Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдарға қол қойды.
7 жыл бұрын (2007) Павлодарда қазақтың кәсіпқой халық аспаптар оркестрі құрылды.
Ұжым репертуарында ұлттық және шетелдік композиторлардың туындылары.
7 жыл бұрын (2007) Пекинде ҚХР ұлттардың iстерi жөніндегі комитеттің баспаханасында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, драматург, жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Соғыстың соңғы бомбасы» (қытай тілінен аударғанда - «Хэй Сюаньфэн» - «Черный смерч» деген мағынаны білдіреді) атты әңгімелер жинағы қазақ (арабтың өрме жазуымен) және қытай тілінде жарық көрді.
Тұсаукесер рәсімге көркем-өнер зиялыларының және Қытайдағы қазақ диаспорасының, Қытайдың және Синьцзянь Жазушылар одағының, Қытай ұлттық университетінің, ҚХР ұлттардың iстерi жөніндегі комитеті Аударма бюросының, Қытайдың орталық радиосының және тағы да басқа медиа құрылымдарының өкілдері қатысты.
5 жыл бұрын (2009) Атырауда Хиуаз Доспанова атындағы жаңа заманауи Мұз айдыны сарайы пайдалануға берілді.
Жаңа спорт кешенінің көлемі 1800 шаршыметрден астам аумақты алып жатыр, онда жаттығулармен қатар командалық жарыстар өткізіледі.
Доспанова Хиуаз Қайырқызы (1922-2008) - қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы. Атырау облысында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысында әскери ұшақпен аспан төрінде майдан салған ерлігімен танылған, ал соғыстан кейінгі бейбіт өмірде қайраткерлігімен дараланған қазақтың қаһарман қызы. Өжеттілігі мен ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз, ІІ дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Ту ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. Ұлы Жеңістің 60 жылдық мерейтойы қарасаңында соғыс ардагері, ұшқыш қызы Доспанова Хиуаз Қайырқызына Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілді. Атырау қаласында ескерткіш орнатылып, оның есімі бір көшеге берілген.
5 8 жыл бұрын (1956) физиктер қаласы - Дубнаның негізі қаланды. Дубна - РФ Мәскеу облысының ең солтүстігіндегі қала. Мәскеуден 125 шақырым жерде орналасқан.
6 9 жыл бұрын (1945) Потсдамда (Берлиннің маңы) Америка президенті Гарри Трумэн КСРО басшысы Иосиф Сталинді АҚШ-та жаңа аса мықты «суперқарудың» жасалғандығы туралы хабардар етті.
Ядролық қарудың шынымен де қорқынышты күші туралы әлемдік қоғамдастық 1945 жылдың 6-9 тамызында білді. Бұл күндері Америка Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларын бомбалап, онда жүздеген мың бейбіт халық қырылды.
31 3 жыл бұрын (1701) Детройт қаласының негізі қаланды. Қаланың негізін салушы Солтүстік Америкадағы француздық жерлердің иесі Антуан Кадиллак болды. Оның есімі кейін автомобиль маркасына берілді. Қала бастапқыда аң терілері сатылатын ауыл болды.
16 3 жыл бұрын (1851) Британияда терезелерге салық алынып тасталды.
7 5 жыл бұрын (1938) суда еритін кофе ойлап шығарылды.
7 3 жыл бұрын (1941) Американың болашақ президенті Г.Трумэн Германия жеңіп жатқанда КСРО-ға, және КСРО жеңіп жатқанда Германияға көмектесуге шақырды.
2 1 жыл бұрын (1993) Ресей Орталық Банкі кеңестік үлгідегі купюралардың айналымда болуын және олардың белгіленген мерзімде ауыстырылуын тоқтату туралы хабарлама таратты. Ресейдің жаңа рублі күшіне енді.
ЕСІМДЕР
15 6 жыл бұрын (1858-1931) қазақ ақыны, ойшыл, композитор, аудармашы, XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихындағы ірі тұлғалардың бірі ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ Шәкерім дүниеге келді.
Ақын қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданына қарасты Қарауыл ауылында дүниеге келген. Әкесінен жастай жетім қалып, немере ағасы Абай Құнанбайұлының қолында тәрбиеленген. Бұл жағдай Шәкерім Құдайбердіұлының дүниеге көзқарасының қалыптасуына, ақындық шеберлігінің шыңдалуына зор әсер еткен. Орыс, араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгеріп, Батыс, Шығыс әдебиетін зерек білген. Жеті жасынан бастап өлең жазып, өмірінің ақырына дейін ағартушылық бағыт ұстанған. Абайдың жаңашылдық дәстүрін дамытып, Абайдан кейінгі екінші реалист ақын атанған. Ақынның творчествосы сан-салалылығымен ерекшеленді, оған көңілдің шат-шадыман әуені де, көкіректі қарс айырған трагизм де тән. Ақын нақты өмір суреттерін, туған табиғаттың әсемдігін тебірене жырлады. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басындағы қазақ өміріндегі оқиғаларға, құбылыстарға қызу үн қосты. «Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық!» өлеңінде талапты жастарды ұлы Абайдан үлгі-өнеге алуға, содан үйренуге шақырса, «Жастық туралы», «Кәрілік туралы» өлеңдері Абай үлгісінде жазылып, адамның өмір жасын жыр етті. «Өмір», «Сәнқойлар», «Ызақорлар», «Құмарлық», сияқты дидактикалық өлең-жырларында боямалы ажарды, жасанды мінез бен жағымсыз қылықты сынға алды. Ғашықтық сезім таза, пәк жүректен маздайтынын айта келіп, («Анық асық әулие», «Шын сырым») адамгершілік ақ жолға, өнер-білімге үндеді. «Жастарға», «Арман», «Насихат» атты өлеңдерінде әртүрлі тап пен топ өкілдерінің ниет, мақсаттарын шеней келе, қоғамда әлі моральдық өлшемнің дұрыс қойылмағанын сөз етті. Ақынды қатты толғандырған мәселенің бірі - қару-жарақтың адам мен табиғатқа қарсы жұмсалуы, империалистік соғыс кезінде адамның қырылуы, озбырлық пен зорлықтың орын алуы болды. Мұндай келеңсіз кесепаттарға қарсы жазылған өлеңдері Шәкерімнің интернационалдық ой, толғаныстарының биіктігін, заманалылығын аңғартады. «Патшалар сансыз шығыс қылады», «Адам немене», «Бостандық таңы атты», «Бостандық туы жарқырап» өлеңдері Қазан төңкерісіне арналған. Ақын жарқын өмірді, болашақты, бейбітшілік пен берекелі тұрмысты жырға қосты. Шәкерім ауыз әдебиетінің суырыпсалма ақындар поэзиясының жазба әдебиетке ауысуына зор қызмет етті. Лирикалық жанр түрлерінің дамуына, мазмұнының етене жақындасуына мол еңбек сіңірді. Көптеген өлеңдеріне ән шығарды. Абайдың кеңесі бойынша «Қалқаман - Мамыр» дастанын жазды. Мұнда кіршіксіз махаббат дәріптеліп, ел билеушілер орнатқан қатыгез тіршілікке қарсылық, оны айыптау бар. «Еңлік - Кебек» дастанында бірін-бірі сүйген екі жастың қасіретін ескілікті салт-сананың қатып қалған уағыздарымен байланыстырады. «Әділ - Мария» романында шынжыр балақ, шұбар төс алпауыттардың зорлық-зомбылығына қарсылық білдіріп, революцияның жеңісін хабарлаумен аяқтайды. Сондай-ақ ақынның «Қодардың өлімі», «Крез патша» атты дастандары бар. 1905 жылы Шәкерім Құдайбердіұлы қажылық сапар шегеді. Меккеге барған бұл сапарын пайдаланып, ақын өзінің байырғы арманын жүзеге асырады. Ыстамбұл, Париж кітапханаларынан туған халқының тарихына байланысты кітаптарды оқиды. Осылай жинаған материалдары негізінде «Түрік, қырғыз, қазақ Һәм хандар шежіресі» кітабын, ислам дінін қазақ мүддесіне үйлестіре түсіндіру мақсатымен «Мұсылмандық шарты» атты еңбегін жазған. Бұл тұста ақынның діншілдігі ғана емес, үлкен ойшыл философ екендігі айқын танылды. Ол жаратушы алланы ақылға салып түсінуге ұмтылып, дін бұзушыларды қатты сынға алған. Абай сияқты Шәкерім де феодалдық-рулық ортаның мінез-құлқын, моралін жат көріп, сол кездегі қазақ қоғамындағы әлеуметтік жарықшақты көре білген. Шәкерім патриархалдық пен кертартпалыққа қарсы күресте мәдениет пен ғылымның жетістіктеріне сүйенді, халықтар достығы мен туыстығын қуаттаған. Орыс, батыс әдебиетінің тамаша үлгілерін қазақ оқырмандарына таныстырған. Лев Толстойдың шығармашылығын аса жоғары бағалап, өз халқын дүние жүзінің озық мәдениетін игеруге шақырған. Өзін ғұмыр бойы Л.Толстойдың шәкіртімін деп санап, онымен хат жазысып тұрған. Американ жазушысы Гарриет Бичер-Стоудың «Том ағайдың балағаны» романын, Л.Толстойдың «Асрхадон патша», «Үш сауал» т.б. әңгімелерін, А.Пушкиннің «Боран», «Дубровский» повестерін қазақ тіліне аударған. Физулидің «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын нәзира үлгісімен жырлаған. Идеялық мақсат-мұраттары жағынан Шәкерім үнемі демократтық, халықтық, гуманистік-ағартушылық бағытта болған. Бұл орайда 20-шы ғасырдың басындағы озат ойлы қазақ зиялыларымен үндес болып, Алашорда қайраткерлерінің еңбегін бағалай білген. Абайдың реалистік дәстүрлерін жалғастырып, эпикалық жанрдың дамуына үлкен үлес қосқан. Шығармаларында демократиялық, халықтық және гуманистік көзқарастырды насихаттаған. Таза да жарқын махаббатты жырлай отырып, бас бостандығы идеясын алға тартқан, оның асыл мұраттары үшін күреске шақырған.
23 1 жыл бұрын (1783-1830) Оңтүстік Америкадағы Испания отарларының тәуелсіздік күресін басқарушылардың бірі БОЛИВАР Симон дүниеге келді.
Венесуэланың Каракас қаласында туған. Жастық шағын Европада (Испания, Франция, Италия) өткізген. Дүниетанымының қалыптасуына ұстазы С.Родригес пен Еуропаның алдыңғы қатарлы ойшылдары әсер еткен. Отанына қайтып оралған соң, Венесуэладағы испан үстемдігіне қарсы күреске белсене араласты. Бұл кезде Оңтүстік Америкада отаршылдарға қарсы қозғалыстар кең қанат жая бастаған. Боливар Венесуэлада испандықтар үстемдігін құлату жөніндегі 1811 жылы наурыздың 2-інде 7 провинциясының өкілдері қатысқан Ұлттық конгрестің шақырылуын ұйымдастырушылардың бірі болды. Конгресс 1811 жылы шілденің 5-інде Венесуэланың тәуелсіздігін жариялап, сол жылы желтоқсанның 21-інде өз Конституциясын қабылдады. Ол республиканы испандықтар құлатқаннан кейін, Боливар Жаңа Гренадаға (қазіргі Колумбия) қоныс аударып, күресін жалғастырды. Боливар ондағы қозғалыстарға (1812 жылдың аяғы - 1813 жылдың басы) араласып, әскер жасақтап, 1813 жылы Каракасты басып алды да, Екінші Венесуэла республикасын құрды. Осы еңбегі үшін Боливарға «Венесуэланы азат етуші» деген құрметті атақ берілді. 1814 жылы Боливар әскері жеңіліс тапқан соң, басқа елге кетуге мәжбүр болды. 1819 жылы Боливар әскері Жаңа Гренаданы азат етіп, құрамына Венесуэла мен Жаңа Гренада кірген Ұлы Колумбия республикасының президенті болып сайланды. 1824 жылы Боливар әскері Жоғарғы Перудегі испан жауынгерлерін талқандап, сонда құрылған Боливия (Боливардың құрметіне аталды) Республикасын басқарды. 1830 жылдың басында Боливар биліктен кетті.
7 5 жыл бұрын (1939) Орта Азияда және Қазақстанда тұңғыш рет шахматтан КСРО спорт шебері атағын алған шахматшы, Қазақстанның 10 дүркін чемпионы МҮСІЛІМОВА Аида дүниеге келді.
Тараз қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Ол 1956 жылы мектеп оқушыларының республикалық спартакиадасында чемпион атағын жеңіп алды. А.Мүсілімова 1958 жылы Қазақстан әйелдері арасында чемпион атанды, кейін бұл атаққа 10 рет (6 рет жеке, 4 рет командалық) ие болды. Шахматшы 1992 жылы Филиппиннің Манила қаласында өткен Бүкіләлемдік шахмат олимпиадасында 8-ші орынға табан тіреген Қазақстан Республикасы құрама командасының капитаны болды.
18 5 жыл бұрын (1829-1889) орыс жазушысы ЧЕРНЫШЕВСКИЙ Николай Гаврилович дүниеге келді.
Саратов діни семинариясында, Петербор университетінің тарих-филология бөлімінде оқыған. Н.Чернышевский университетте оқып жүрген кезінде өз бетімен білімін жетілдірумен шұғылданып, тарих, философия, социология туралы еңбектерді мұқият зерттеді. Оның көзқарасының қалыптасуына орыс әдебиетшілері А.Пушкин, М.Лермонтов, И.Гоголь, тағы басқалар үлкен ықпал етті. А.Герценмен саяси байланыста болуы себепті 1862 жылы тұтқындалып, Петропавл қамалына жабылды. Ол қамауда отырған кезде «Не істеу керек?» романын жазды. Тұтқындалуға үкім кесіліп, Мытинск алаңында қара бағанға таңылып жазаланғаннан кейін Н.Чернышевский көп кешікпей Сібірге жер аударылды. Жиырма жылдан астам айдауда жүргенімен шығармашылық жұмыспен шұғылдануын тоқтатқан жоқ.
Н.Чернышевскийдің «Бір қыздың тарихы», «Барбарустардың ұрпағы», тағы басқа повестері мен әңгімелері, «Шешусіз драма», «Жаны ғажап күйеу» пьесалары бар. Кеңес үкіметі тұсында Н.Чернышевский тұлғасы мен еңбектері патшалық Ресейдегі халықтың азаттық күресіне дем беруші күш ретінде бағаланады.
7 4 жыл бұрын (1940) Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі БАЛАЕВ Геннадий Николаевич дүниеге келді.
Ақтөбе қаласында туған. Консерваторияның фортепиано классы бойынша 3 курсын, Ташкент театр институттын бітірген.
Самарқандтың орыс драма теарында, М.Горкий атындағы Владивосток өңірлік орыс драм театрында актер қызметін атқарған. 1971 жылдан - М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының актеры.
Театр сахнасында Кардинал Вулсидің (Г.Гориннің «Патшалар ойыны»), Актердің (М.Горкийдің «На дне»), Игорь (Н.Птушкиннің «Пока она умирала»), Стомильдің (С.Мрожектің «Тангосында»), Того (Л.Андреевтің «Тот, кто получает пощечины») және т.б. жүзге жуық басты рөлдерді сомдаған.
«Саранча», «Мне не забыть, не простить», «Примите Адама!», «Шоқан Уалиханов», «Перекличка» атты кинофильмдерде ойнаған.
4 8 жыл бұрын (1966) шахматшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, зағиптар арасындағы әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері ЖҮНІСОВ Мұрат Сатыбалдыұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысының Балқаш қаласында туған. Алғашқы жаттықтырушылары - Ерғазы Әлімжанов, гроссмейстер Болат Асанов. Қарағанды облысының екі дүркін чемпионы (1990, 1991), республикалық студенттер ойындарының чемпионы (Алматы, 1989), Қазақстан зағиптар қоғамының төрт дүркін чемпионы (Алматы, 1990, 1992, 1994, 1997), халықаралық турнирлердің жүлдегері (Брно, Чехия, 1994; Москва, 1994; Петропавловск, 1994; Бенавенте, Испания 1995; Нью-Йорк, США 1995). Шахматты шапшаң ойнаудан Астана қаласының чемпионы (2000), Алматы қаласының чемпионы (1997, Алматы; 2000, Астана). Қазір Астана қаласындағы шахмат клубында жаттықтырушылық қызмет атқарады.
5 3 жыл бұрын (1961) ҚР ауыр атлетика бойынша командасының бас жаттықтырушысы НИ Алексей Геннадьевич дүниеге келді.
Жамбыл қаласында туған. Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтын, Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтын бітірді, ауыр атлетика бойынша жаттықтырушы.
Аталған қызметінде 1994 жылдан бастап. Халықаралық дәрежедегі 2 спорт шеберін, 9 спорт шеберін, Олимпиада чемпионы Илья Ильинді, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегерлері Серге й Филимоновты, Ирина Некрасованы, Алла Важенинаны, Мария Грабовецкаяны, әлем чемпиондары Владимир Седов пен Светлана Подобедованы тәбиеледі.
«Құрмет» орденімен мапаратталған.
7 8 жыл бұрын (1936) "КИМЭП" АҚ президенті, ғылым докторы Чан Йан Бэнг дүниеге келді.
1936 жылы Кореяда дүниеге келген. 1963 жылы Йонсей университетін үздік бітіріп, экономика саласынан өз білімін жалғастыру үшін АҚШ-қа келеді.Д-р Бэнг ph.D. дәрежесін алғаннан кейін Лос-Анджелестегі Калифорния университетінде экономикадан сабақ береді, 1978 жылы Сан-Франциско университетінде уақытша жұмыс істейді, ал 1978 жылдан 1988 жылға дейін осы университетте Азия және Тынық мұхит зерттеулер институтының атқарушы директоры міндетін атқарады. КСРО-дағы экономикалық реформалар, Корея мен Солтүстік Кореяның экономикалық дамуы туралы ғылыми еңбегін жариялайды. 1971 жылы Колорадо университетінің экономика кафедрасында және 1974 жылы Лос-Анджелестегі Калифорния университетінде оқытушылардың арасында ең жоғары бал алған ол өзінің оқыту әдістемесінің нәтижесінде танымал болды.
Д-р Бэнг Қазақстанға 1990 жылы келіп, экономикалық саясат мәселелері бойынша кеңес беру, Қазақстанда нарықтық реформалар мен жекешелендіру жұмыстарын іске асыру барысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен жұмыс істейтін Сараптау комиссиясы төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды.
Кейін д-р Бэнг 1992 жылы Алматы қаласында посткеңестік кезеңдегі Қазақстан экономикасының қалыптасуына жетекшілік ететін басшы позициялар үшін білікті мамандар даярлау міндеті жүктелген Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтының негізін қалаушы-президенті болды. Оңтүстік Кореяда өткізген біраз уақыттан кейін д-р Бэнг Қазақстанға қайта оралып, 1997 жылы ҚМЭБИ Қамқоршылар Кеңесінің төрағасы, ал 2000 жылы ҚМЭБИ Президенті болды.
Институт акцияларының үлесі келесі түрде бөлінді: акцияның 40%-ы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне, ал 60%-ы д-р Бэнгке тиесілі. ҚМЭБИ толығымен тәуелсіз жоғары оқу орны болып табылады, 1992 жылғы Жарғыға сәйкес оның мақсаты - Қазақстан азаматтарына заманауи үлгідегі жаңа білім беру.
7 3 жыл бұрын (1941) ҚР Көркемсурет академиясының мүшесі, КСРО Суретшілер одағының, КСРО кинематографистер одағының мүшесі БЕЙСЕМБИНОВА Елена Сергеевна дүниеге келді.
Саратов қаласында (Ресей) туған. Мәскеу жоғары көркем-өнеркәсіптік училищесінің маталарды көркем безендіру факультетін бітірген.
32 балалар және көркем әдебиет кітаптарын безендірген. Шығармашылық жөніндегі газет-журналдардағы көптеген мақалалардың авторы. 10 мультипликациялық фильмдердің қоюшы-суретшісі. Кескіндемеші, график. Жұмыстары ХШЖК-де көрсетілді. Көптеген шетелдік және халықаралық көрмелерге қатысты. Алматыда, Сеулде, Киевте және басқа да көптеген қалаларда жеке көрмелерін өткізді. Жұмыстары Чехияның, Венгрияның, Ресейдің, Түркияның, Оңүстік Кореяның, Украинаның, Швецияның, Канаданың, АҚШ-тың, Германияның, Қазақстанның, Үндістанның, Австралияның мұражайлары мен жеке коллекцияларында сақтаулы. 1967 жылдан Киев көркемсурет қорында суретші-монументалист, 1968 жылдан - «Өнер» көркемсурет қорының суретшісі, «Жалын» және «Жазушы» баспаларында суретші-безендіруші. 1968-1997 жылдары - республикалық, аймақтық және бүкілодақтық көркемсурет көрмелеріне қатысты. 1974-1984 жвылдары - «Қазақфильм» киностудиясында мультфильмдер қоюшысы.
Халық Шаруашылығы Жетістіктері көрмесінің қола медалімен марапатталған. 15 4 жыл бұрын (1860-1939) чех кескіндемешісі, театр суретшісі, безендіруші Альфонс МУХА дүниеге келді.