24 желтоқсан. Туған күн иелері

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 24 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.


ЕСІМДЕР

111 жыл бұрын (1910-1982) Екінші дүниежүзілік соғыстағы даңқты қолбасшы, әскери қайраткер, жазушы, Совет одағының Батыры, Халық қаһарманы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бауыржан МОМЫШҰЛЫ дүниеге келген.

Жамбыл облысы Жуалы ауданында туған. Ленинград қаржы академиясы жанындағы курсты, Совет армиясы Бас штабының жанындағы Жоғары әскери академияны бітірген.

1936 жылы Қызыл Армия қатарына алынып, взвод, рота командирі, полк штабы бастығының көмекшісі, Қазақ әскери комиссариатының нұсқаушысы болған. соғыс басталысымен 316-шы атқыштар (кейіннен 8-ші гвардия) дивизиясының жасақталуына белсене қатысып, сол дивизия құрамында майданға аттанған. Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатысып, Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизия батальонының, полкінің командирі болған. 1944-1945 жылдары осы дивизияны басқарған. Оның соғыс кезіндегі ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігі, тапқырлығы мен жеке басының ерен ерлігі ерекше көзге түсіп, батырлық даңқы аңызға айналған.

Батырдың қаламынан туған көркем шығармалар бірнеше шетел тілдеріне аударылған. Ол туындыларын орыс-қазақ тілінде бірдей жазған. Оның «Біздің семья», «Ұшқан ұя», «Генерал Панфилов», «Куба әсерлері», «Москва үшін шайқас», «Майдан», «Төлеген Тоқтаров» атты кітаптары бар.

Сонымен қатар батырдың қаһармандық ерлігі туралы орыс жазушысы Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» атты повесі, Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» атты роман-дилогиясы, Мекемтас Мырзахметұлының «Бауыржан Батыр» атты кітабы, Мағира Қожахметованың «Тосын сыр-сұхбат» атты пьесалары жарық көріп, жазушы-драматург Елен Әлімжанның «Полковниктің жарияланбаған жазбалары» пьесасы қойылды. «Қазақфильм» киностудиясы «Ел басына күн туса» атты көркем фильм түсірді. Москва академиялық драма театры Бауыржан Момышұлы туралы «Волоколамск тас жолы» спектаклін қойды. 2001 жылы Бауыржантану ғылыми зерттеу орталығы ашылған. Батырға туған жерінде, Астана қаласында ескерткіштер қойылып, Мәскеу облысы Волоколамск қаласында батырдың тас мүсіні орнатылды.

Батыр есімі ауылдарға, көшелерге, республикалық әскери балалар мектебіне берілген. Қазақстанда Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған мерейтой республика көлемінде кеңінен аталып өтілді. 2010 жылдың ақпан айында Мәскеу қаласында «Аңызға айналған батыр» кітабының тұсаукесері өткізілді. Жамбыл облысы Жуалы ауданында Бауыржан Момышұлының үлкен мұражайы ашылды. Даңқты батырдың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында Бауыржан Момышұлының 30 томдық академиялық шығармалары 2010 жылдың 22 қыркүйегінде «Өнер» баспасынан толығымен жарық көрді.

2010 жылдың 29 қазанында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында қазақ халқының ұлы перзенті Бауыржан Момышұлына арналған «Қазақтың Бауыржаны» деректі фильмінің көрсетілімі болып өтті.

Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы, 1-дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

93 жыл бұрын (1928-2001) драматург, аудармашы, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Қырғызстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Қалтай МҰХАМЕДЖАНОВ дүниеге келді.

Қызылорда облысының Тереңөзек ауданында туған. Мәскеу мемлекеттік театр өнері институтының театртану факультетін бітірген. Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында, Жазушылар одағында істеген. 1970-1999 жылдары Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитеттің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының 2-ші хатшысы, Кинематографистер одағы басқармасының 1-ші хатшысы, «Ара-Шмель» журналының, «Түркістан», «Заман Қазақстан» газеттерінің бас редакторы болған. Мұхамеджановтың шығармашылық жолы сахна өнері жайлы проблемалық, шолу мақалалар мен спектакльдер туралы рецензия жазудан басталды. Тұңғыш пьесасы «Бөлтірік бөрік астында» 1959 жылы жарық көрді. Осыдан кейін өмірдегі келеңсіздікті шынайы көрсеткен «Құдағи келіпті», «Қуырдақ дайын», «Жат елде», «Өзіме де сол керек», «Көктөбедегі кездесу» (Ш.Айтматовпен бірге), «Біз періште емеспіз» атты пьесалары жарияланды. «Сиқырлы шымылдық», «Дар доброты» жинақтары жарық көрді.

Қаламгердің шығармалары көптеген шет тілдерге аударылып, АҚШ, Ұлыбритания, Болгария, Венгрия, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан, тағы басқа елдердің театрларында қойылды. Ол «Шыңдағы шынар», «Айман-Шолпан» киносценарийлерінің авторы. Көркем аударма саласында «Құлдар» (С.Айни), «Киелі қан» (Айбек) романдарын, «Тоғышарлар» (М.Горкий), «Жүрек сырлары» ( Б.Рахмонов), «Ауру тістер» (А.Қаһар), «Ана-Жер-Ана», «Арманым», «Ақ кеме» (Ш.Айтматов) пьеса, повестерін тәржімалаған. Шығыс классиктері әдебиетінің «Мың бір түн» хикаяларын орыс тілінен аударып, 5 томдығын шығарды. 1998 жылы қаламгердің 3 томдық шығармалар жинағы жарық көрді.

«Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталған.

83 жыл бұрын (1938) Қазақстан Республикасының қоғам қайраткері Салман Сайдарұлы ГЕРОЕВ дүниеге келді.

Шешен-Ингуш АКСР-ында (Ресей) туған. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын, Целиноград инженерлік-құрылыс институтын бітірген.

1957-1964 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Калинин аудандық комитетінің нұсқаушысы, Ақмола облыстық комитетінің нұсқаушысы, Целинный өлкелік комитетінің жауапты ұйымдастырушысы, Вишнев аудандық комитетінің бірінші хатшысы. 1964-1968 жылдары - Вячеслав гидроторабы құрылысы бастығының орынбасары. 1968-1974 жылдары - «Целингидрострой» құрылыс басқармасы бастығының орынбасары. 1974-1983 жылдары - Целиноград облысы құрылысшылары партия комитетінің хатшысы. 1983-1987 жылдары - «Целиноградтяжстрой» тресі партия комитетінің хатшысы. 1987-1999 жылдары - «Ақмолаагрострой» бірлестігі бастығының орынбасары - «Агростройкомплект» өндірістік басқармасының бастығы. 1999-2008 жылдары - «Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық филиалының атқарушы директоры, төрағасының бірінші орынбасары. 2009 жылғы желтоқсаннан бері - Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары.

70 жыл бұрын (1953) белгілі қаламгер, ардагер журналист-жазушы Жанболат Әлиханұлы АУПБАЕВ дүниеге келді.

ҚХР-дың ШҰАӨ-де туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) бітірген.

1974-1986 жылдары - «Лениншіл жас» респубикалық жастар газетінде тәлімгер, кіші әдеби қызметкер, аға тілші, бөлім меңгерушісі. 1986-1991 жылдары - «Қазақстан коммунисі» журналының жауапты хатшысы. 1991-1996 жылдары - «Халық кеңесі» газеті бас редакторының орынбасары. 1996-1998 жылдары - «Ақиқат» журналы бас редакторының бірінші орынбасары. 1998-2003 жылдары «Егемен Қазақстан» республикалық жалпыұлттық газеті бас редакторының орынбасары. 2003-2016 жылдары осы газетте бас редактор болған. 2016 жылғы қарашада Басқарма төрағасының кеңесшісі қызметіне ауысты.

Көптеген танымдық-публицистикалық кітаптардың авторы. О.Сүлейменовтің, С.Санбаевтың шығармаларын қазақ тіліне аударды, «Қажымұқан мен Қажытай», «Хан тәңірі» деректі кинофильмдерінің әдеби сценарийлерінің авторы. Мақалалары мен очерктері республикалық басылымдарда үзбен жарияланып келеді. Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының, Қазақстан Президентінің журналистика саласындағы сыйлығының және Қазақстан жазушылар одағының халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.

50 жыл бұрын (1971) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің меңгерушісі Бақытжан Шөмішбайұлы САРИЕВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын, Қазтұтыну одағының Қарағанды экономикалық университетін бітірген, мамандығы бойынша – инженер, заңгер.

1996-1999 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің маманы, аға маманы, референті, аға референті лауазымдарында жұмыс істеді. 1999 жылғы мамырдан 2019 жылғы наурызға дейін сыртқы саясат ведомствосы жүйесінде қызмет атқарды: 1999-2002 жылдары – Сыртқы істер министрлігінің Әкімшілік департаменті Кадр және бақылау басқармасының Бақылау бөлімінің бастығы; 2002-2003 жылдары – Сыртқы істер министрлігі Аппараты Кадр басқармасының бастығы; 2003-2007 жылдары – Сыртқы істер министрлігінің Аппарат басшысы; 2007-2019 жылдары – Сыртқы істер министрі Кеңсесінің басшысы; 2016 жылғы ақпаннан 2017 жылғы қазанға дейін Сыртқы істер министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі міндетін қосымша атқарды. 2019 жылғы наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңсесі бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды. 2019 жылғы шілдеде Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.

«Құрмет» орденімен (2012), «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2006), 7 мерекелік медальмен, «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен (2017), Қазақстан Республикасының сыртқы саясатына қосқан үлесі үшін Сыртқы істер министрлігінің Нәзір Төреқұлов атындағы медалімен (2019) марапатталған.

І сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежесі бар.

35 жыл бұрын (1986) Қазақстан Республикасы энергетика вице-министрі Жанат Зарубекқызы ЖАХМЕТОВА дүниеге келген.

Қарағанды облысында туған. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін; Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін (2008) және Абердин университетін (2012) тәмамдаған.

Еңбек жолы: «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ сынақ зертханасында жетекші маман (2009); Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға басшылық ететін орталық мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелерінде қызметкер (2009-2016); Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Ақпараттандыру департаменті директорының орынбасары (2016-2017); «Зерде» Ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары (2017-2020) болды.

Қазіргі қызметінде 2020 жылдың ақпанынан бастап.