25 маусым. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 25 маусым. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 25 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.

25 маусым, ДҮЙСЕНБІ

Мозамбик Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1975). Мозамбик Африканың оңтүстік-шығысында орналасқан. Солтүстігінде Танзаниямен, батысында Малави, Замбия, Зимбабвемен, оңтүстігінде Свазиленд және Оңтүстік Африка Республикасымен, шығысында Үнді теңізімен шектесіп жатыр. Әкімшілік жағынан 11 провинцияға бөлінеді. Астанасы - Мапуту қаласы. Ресми тілі - португал тілі, сондай-ақ жергілікті халықтардың макуа, малави, тсонга, шона, суахили тілдері де кеңінен қолданылады. Ақша бірлігі - метикал. Мемлекет басшысы - Президент. Жоғары заң шығарушы органы бір палаталы парламент - Республика ассамблеясы. Жоғары атқарушы органы - Үкімет.  

Словения Республикасының Ұлттық мейрамы - Словен мемлекеттілігінің күні (1991). 16 жыл бұрын ел парламенті Скупщина Словения Республикасының тәуелсіздігі мен егемендігін жариялайтын Декларация қабылдады.

Украина кеден қызметінің күні. 1991 жылғы маусымның 25-де Украинаның Жоғарғы Радасы Кеден ісі туралы Заңын қабылдаған күннен бастап жыл сайын атап өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

96 жыл бұрын (1916) орыс патшасының майдандағы қара жұмысқа Қазақ және Түркістан өлкелерінің және ішінара Сібірдің 19-дан 43 жас аралығындағы ер-азаматтарын шақыру жөніндегі жарлығы шықты. Бұл жарлық қазақ жеріндегі ұлт-азаттық көтерілістің тұтануына түрткі болды. Жалпы майдан тылындағы қара жұмысқа Қазақстан мен Орта Азиядан 400 мың адам шақырылған. Көтерілістің аса ірі ошақтары Жетісу мен Торғайда  болды. Осы тарихи кезеңде «Қазақ» газетінің төңірегіне топтасқан қазақ зиялылары А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатовтар халықты қарсылық көрсетпеуге шақырса, Т.Бокин бастаған интеллигенция өкілдері жарлыққа қарсы шығып, көтеріліске бастады. 

78 жыл бұрын (1934) академик Ахмет Жұбановтың ұйымдастыруымен Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік оркестрі құрылды. Ахмет Жұбановтан кейін ұжымды қырық жылға жуық КСРО халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының, «Парасат» орденінің иегері, профессор Қажығалиев Шамғон Сағитдинұлы басқарды. Оркестр көптеген халықаралық, республикалық форумдарға, фестивальдерге, конкурстарға қатысқан. Оған 1967 жылы «Республиканың еңбек сіңірген ұжымы», 1978 жылы «академиялық» құрметті атақтары берілсе 1984 жылы қарашаның 29-да Халықтар достығы орденімен марапатталған. Оркестр көптеген шет елдерде: Польша, Румыния, Венгрия, Германия, Франция, Швеция, Португалия, Дания, Үндістан, Қытайда өнер көрсеткен.

11 жыл бұрын (1991) Қазақ КСР-нің «Қазақ КСР Министрлер Кабинеті туралы» Заңы қабылданды. Заңға сәйкес Министрлер Кабинетінің мәртебесі, құрылуы мен құрамы сондай-ақ негізгі міндеттері мен өкілеттілігі анықталды.  1995 жылы тамыздың 30-ында жүргізілген референдумның нәтижесінде бұрынғы мемлекеттік құрылыстың кемшіліктерін жойған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданып, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітілді.

16 жыл бұрын (1996) Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университетіне жазушы Мұхтар Әуезов есімі берілді.

13 жыл бұрын (1999) Алматыдағы Ғалымдар үйінде 10 томдық «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының алғашқы томының тұсаукесер рәсімі өтті.

13 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының тұңғыш директоры Ораз Жандосовтың 100 жылдық мерейтойына арналған көрме өтті.

43 жыл бұрын (1969) «Машина времени» тобы құрылды.

7 жыл бұрын (2005) Фин шығанағы жағалауындағы Выборг портында қазақстандық «Алматы» екінші танкерін салтанатты қабылдап алу рәсімі өтті.

«Алматы» танкерінің негізі 2004 жылы сәуірдің 28-де Выборг кеме жасау зауытында қаланған болатын. Кеменің құрылысы 13 айға созылды. 2005 жылы мамыр айының соңында кеме Балтық теңізінде сынақтан өтіп, тапсырыс беруші «Қазтеңізтасымалфлоты» Ұлттық компаниясына табыс етілді.

Танкердің ұзындығы - 50 метр, ені - 17,3 метр, отыруы - 7 метр, борт биіктігі - 10,1 метр, жылдамдығы - 10 узел деп бекітілді.

Кеме Құмкөл тобы, Теңіз және Бозашы кеніштерінің мұнайын тасу үшін Ақтау-Махачкала, Ақтау-Баку бағыттары бойынша пайдаланылатын болады. Айына орта есеппен 7-8 рейс жасайтын танкер жылына 1 миллион тоннадан астам мұнай тасымалдамақ.

3 жыл бұрын (2009) Алматы қалалық поштамттың филателистиялық салонында «Ғарыш және астрономия» топтамасының екi көркем пошталық маркаларының тұсау кесер рәсімі өттi.

Жаңа маркаларда Мақсұтов телескобы және астрономиялық обсерватория бейнеленген.

Әрбiр марканың тиражы - 50000 дана, қалпы - 37 х37 мм. Маркалар Пекин пошта және телекоммуникация министрлігінің пошталық төлем таңбалары фабрикасында басып шығарылған. Николай Соколов ресімдеген.

Бұл Қазақстанның пошталық марка топтамасының 666-шы және 667-ші маркасы.

2 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «2009 жылғы қарашаның 27-сіндегі Кеден одағының кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы»» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

2 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Кеден одағының кеден кодексі туралы шартты ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

ЕСІМДЕР

119 жыл бұрын (1893) ақын ЖҰМАБАЕВ Мағжан дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысының Булаев ауданында туған. Әуелі ауыл молдасынан сабақ алады. Бұдан соң әкесі Бекен Мағжанды Қызылжардағы Бегішев медресесіне оқуға береді. Мұсылмадық орташа дәрежелі білім беретін бұл медресені бес жылдай оқып бітірген соң, 1910-1913 жылдары Уфа қаласында «Ғалия» медресесінде оқиды. Осында жүріп «Садақ» журналын шығарысып, өзінің өлеңдерін жариялайды. Абайдың өлеңдер жинағымен танысады, татар ақын, жазушыларымен достасады. Араб, парсы, түрік тілдерін оқып үйренуін жалғастырады. Орыс тілінен сабақ алады. Абай үлгісімен Шығыс пен Батыс поэзиясынан бірдей нәр алады. 1913-1917 жылдары Омбыдағы мұғалімдер даярлайтын семинарияда оқып, оны үздік бітіреді. Омбыда оқып жүрген кезінде сондағы жастармен тізе қосып, «Бірлік» әдеби үйірмесін құрысып, оның «Балапан» атты қолжазба әдеби журналын редакциялайды. 1917-1923 жылдары «Бостандық туы», «Ақжол» газеттерінде және «Шолпан» журналында істеп жүріп халық ағарту жұмысына белсене араласады. 1923-1926 жылдары Мәскеуде көркем әдебиет институтында оқиды. 1927-1929 жылдары Бурабайда, одан соң Петропавлда оқытушылық қызметтер атқарады. 1912 жылы Қазан шаһарында «Шолпан» атты өлеңдер жинағы жарық көреді. «Батыр Баян», «Оқжетпестің қиясында», «Қойлыбайдың қобызы», «Өтірік ертегі», «Шын ертегі» поэмаларында адам жанының, психологиялық әлемнің құпия сырларын, иірімдерін, даму диалектикасын асқан шеберлікпен кестелеп өрнектей білген. Кеңес жылдары екі өлеңдер жинағын жарияланған. Алғашқысы - 1922 жылы Қазанда, екіншісі Ташкентте басылып шыққан. Мектеп оқушыларына, мұғалімдерге арнап «Педагогика», «Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жөні» еңбектерін жариялаған. 1929 жылы Жұмабаев «Алқа» атты жасырын ұйым құрғаны үшін деген айыптаулармен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жыл айдауға кесілген. 1936 жылы М.Горький мен Е.Пешкованың араласуымен бостандық алып, Қазақстанға оралып, Петропавл қаласындағы мектепте  орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген. 1937 жылы наурызда Жұмабаев Алматыға келіп, аударма ісімен айналысқан. 1938 жылы қайтадан қамауға алынып, ату жазасына кесілген. Жұмабаевтың «Алыстағы бауырыма» өлеңін Мұстафа Шоқай «Яш Түркістан» журналында жариялай отырып, оны түрікшілдік күресі үшін ең пайдалы өлең деп бағалаған. Жұмабаев - философ ақын. Ақын «Қорқыт» поэмасында философиядағы мәңгілік тақырып - өмір мен өлім мәселесін Қорқыт пен ажалдың аңдысуы түрінде суреттеген. Жұмабаев Ақан сері, Базар жырау, Әбубәкір Диваев туралы зерттеу үлгілерін жинауға жәрдемдескен. Ол орыс ақын-жазушылары И.Гете, Г.Гейне, Әбу Фирас, А.Кольцов, М.Лермонтов, А.Фет, И.Дмитриев, И.Мятлов, А.Блок өлеңдерін, М.Горький, В.Иванов, Д.Мамин-Сибиряк, т.б. әңгімелерін қазақ тіліне аударған. Жұмабаев «Шолпанның күнәсі» әңгімесі арқылы қазақ әдебиетіне психологиялық талдау, сана ағымы әдістерін енгізген. Ақын 1960 жылы ақталған соң, кітаптары Түркияда жарық көре бастаған. Қазақстанда Жұмабаев шығармалары 1989 жылы ғана қайтадан жариялана бастады. Алматы және Петропавл қалаларында көшелерге Жұмабаев есімі берілген. Петропавл қаласында және ақынның туған ауылында ескерткіш қойылған. Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Булаев ауданына М.Жұмабаев ауданы болып аталды.

69 жыл бұрын (1943) Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Алтын адам» сыйлығының лауреаты,  Ресей мемлекеттік сыйлығының лауреаты ТОЛОКОННИКОВ Владимир Алексеевич дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Ярослав театр училищесін бітірген. 1973 жылдан М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік орыс драма театрының актері. Осы театр сахнасында орыс және шет ел драматургиясы бойынша қойылған спектакльдерге қатысқан. Актер «Иттің жүрегі», «Тоғысқан тағдырлар», «Шанхай» сияқты 40-қа жуық киноға түскен.

88 жыл бұрын (1924) соғыс және еңбек ардагері, Кеңес Одағының Батыры ИСЕТОВ Расул дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласында туған. 1943 жылы Қызыл Армия қатарына лаынып, 138-ші атқыштар дивизиясының бөлімше командирі болды. 1944 жлы қазанның 11-інде оның бөлімшесі жау бекінісіне басып кіріп, дұшпанның 50 солдаты мен офицерінің көзін жойып, қару-жарақтарын, оқ-дәрі қоймасын қолға түсірді. Осы ерлігі үшін батыр атағына ұсынылды. Соғыстан кейінгі жылдар Түркістан қаласында қызмет етті.

1-2-ші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, медальдармен марапатталған.

73 жыл бұрын (1939) экономика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ғылым академиясының, Инженерлік академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасы Жаратылыстану ғылымдары академичсының академигі, Өскемен қаласының құрметі азаматы БАТАЛОВ Юрий Васильевич дүниеге келді.

Семей қаласында туған. Семей ауыл шаруашылығы техникумын, Өскемен құрылыс-жол институтын, Мәскеу басқару институтының аспирантурасын бітірген. 1978-2000 жылдары - Өскемен құрылыс-жол институтының аға оқытушысы, деканы, проректоры, ректоры. 2000-2006 жылдары - Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры, бірінші проректоры, проректоры. 2006 жылдан басап аталған университеттің кафедра меңгерушісі болып істейді.

Ғалымның 80-нен астам ғылыми жұмыс мен оқу-әдістемелік ұсынысы бар.

Медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет гармотасымен марапатталған.

108 жыл бұрын (1904-1985) әйгілі сынақшы-ұшқыш, авиация генерал-майоры, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры КОККИНАКИ Владимир Константинович дүниеге келді.

Ол 1939 жылы Мәскеуден АҚШ-қа дейін аялдамасыз ұшып өткен. Авиация саласында 22 әлемдік рекорд жасаған. 40-тан  астам әртүрлі ұшақтарды (оның ішінде ИЛ-2, ИЛ-62) сынақтан өткізген. 1961 жылдан Халықаралық авиация федерациясының вице-президенті, президенті, құрметті президенті болған. Оның есімі Алматы қаласының бір көшесіне берілген.

105 жыл бұрын (1905-1980) Беларусь халық ақыны, Ғылым Академиясының академигі, Социалистiк Еңбек Ері, еңбек сіңірген ғылым қайраткері БРОВКА Петрусь Устинович дүниеге келді.

Беларусь Республикасының Витебск облысында туған. Беларусь мемлекеттік университетін бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

«Полымя» журналының редакторы, Белоруссия КСР Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Белоруссия кеңес энциклопедиясының бас редакторы қызметтерін атқарған.

«Годы как шторм», «Цеховые будни», «Дорога жизни», «Твердым шагом», «А дни идут...», «Дума о бессмертии» кітаптарының, Хлеб», «Всегда с Ле-ниным», «Голос сердца» поэмалардың, «Когда сливаются реки», «Михась Подгорный» либреттоның, «Девушка из Полесья» романының авторы.

Бровканың көптеген шығармалары қазақ және КСРО халықтарының, шет елдердің тілдеріне аударылған.

Үш мәрте Ленин, Қызыл Жұлдыз, «Құрмет Белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

76 жыл бұрын (1936) медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері БЕЛОЗЕРОВ Евгений Степанович дүниеге келді.

Ресейдің Свердлов облысында туған. Свердлов медицина институтын және аспирантурасын бітірген. 1966-1972 жылдары - Түмен медицина институты жұқпалы аурулар кафедрасының ассистенті. 1972-1983 жылдары - Семей медицина институты жұқпалы аурулар кафедрасының меңгерушісі, клиникалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры. 1983-1985 жылдары - Курск медицина институтының клиникалық жұмыстар жөніндегі проректоры. 1985-1987 жылдары - Семей медицина институтының ректоры. 1987-1995 жылдары Алматы мемлекеттік медицина институтының ректоры болған. 1995 жылдан - Санкт-Петербордағы әскери-медициналық академия профессоры.

Негізгі ғылыми еңбектері гепатология мәселелеріне арналған. Ол вирустық гепатит пен өт жүрмеуден болатын гепатитті (бауыр қабынуын) емдеу тәсілдерін ұсынды. Жедел бруцеллездің созылмалы бруцеллезге айналу механизмін ашып, оны емдеу жобасын белгіледі.

254 ғылыми еңбектің, соның ішінде 18 монографияның, 3 оқу құралының және 9 әдістемелік нұсқаулықтардың авторы. 22 ғылым докторы және 88 ғылым кандидатын даярлаған.

«Денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісімен марапатталған.

54 жыл бұрын (1958) ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары АХМЕТОВ Серік Нығметұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысында туылған. Білімі жоғары. Қарағанды металлургия зауыты жанындағы зауыт-ЖТОО-ын, Ресей Басқару Академиясының аспирантурасын бітірген. Мамандығы инженер-металлург, экономика ғылымдарының докторы.
Еңбек жолын Қарағанды металлургия зауытында бастаған. 1983 жылдан 1990 жылға дейін партия және комсомол органдарында, Қазақстан ЛКЖО Қарағанды облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарған. Кәсіпкерлікпен шұғылданған, Орталық-Қазақстандық «Кең дала» тауар биржасының президенті болған. Теміртау қаласының әкімі, Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің Ұйымдастыру-бақылау басқармасының мемлекеттік инспекциясының меңгерушісі, Қазақстанның кәсіпкерлер мен жұмыс берушілерінің «Атамекен» Одағы басқармасының төрағасы, Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрі, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары қызметтерін атқарды.
2009 жылдың қараша айынан бастап Қарағанды облысының әкімі қызметін атқарды.
2012 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстан Республикасының бірінші вице-премьері болып тағайындалды.
«Құрмет» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, мерейтойлық медальдермен марапатталған.

60 жыл бұрын (1952) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, Халық қаһарманы, генерал-лейтенант  ЕРТАЕВ Бақытжан дүниеге келді.

Жамбыл облысы Жуалы ауданының Кеңес ауылында туған. Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесін (1973), М.В. Фрунзе атындағы Әскери академиясын бітірген (1985). Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің Бас штабы Әскери академиясында оқыған (1996). 1973-1980 жж. - мотоатқыштар взводы, рота командирі. 1980-1982 жж. - Кеңес әскерінің Ауғанстандағы шектеулі контингент құрамында мотоатқыштар батальоны штабының бастығы - командирінің орынбасары, 66-шы жеке мотоатқыштар бригадасында және 68-шы мотоатқыштар дивизиясының 188-шы мотоатқыштар полкында батаольон командирі болып табылды. 1982-1985 жж. - М.В. Фрунзе атындағы Әскери академиясының тыңдаушысы. 1985-1992 жж. - Кеңес әскерінің Германиядағы тобында 35-шы мотоатқыштар дивизиясы полк командирінің орынбасары, полк командирі. 1992 ж. - Қазақстанның Қарулы Күштері құрылғаннан бастап Казақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетінде әскери қызмет өткерген. 1992-1997 жж. - 97751-ші әскери бөлімінің командирі. 1996-1997 жж. - 1-ші әскери корпустың командирі. 1997-2000 жж. - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы. 1999 жылғы тамыздан бастап 1999 жылғы 13 қазанға дейін Қорғаныс министрінің міндетін атқарған. 2000-2002 жж. - Шығыс әскери округі әскерлерінің колбасшысы. 2002 жылғы қаңтар-қырқүйекте - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери академиясының бастығы. 2002-2003 жж. - Қазақстан Республикасы ТМД-ға қатысушы-мемлекеттердің ҰҚШҰ әскери ынтымақтастығын үйлестіру штабында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің өкілі. 2003-2005 жж. - Жауынгерлік даярлық жөніндегі құрлық әскерлері қолбасшысының орынбасары - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлері Бас қолбасшысы басқармасының Жауынгерлік даярлық жөніндегі бас басқармасының бастығы. 2005-2008 жж. - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Бас инспекциясының Жауынгерлік даярлықты бақылау мен ұйымдастыру жөніндегі генерал-инспекторы. 2008 -2011жж. - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Жауынгерлік даярлық жөніндегі штаб бастықтары комитетінің төраға орынбасары. 2009 - 2011 жж. - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Бас әскери инспекциясының бастығы. 2012 жылғы қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі. «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.

«Халық қаһарманы» құрмет атағымен, «Отан», «Қызыл Жұлдыз», II дәрежелі «Данқ» және басқада жауынгерлік ордендермен және медальдармен марапатталған. Неміс тілі меңгерген.

51 жыл бұрын ресейлік клипмейкер, продюсер, кинорежиссер БЕКМАМБЕТОВ Темір Нұрыахытұлы дүниеге келді.

Атырау қаласында дүниеге келген. C.M.Киров атындағы №17 орта мектебін бітірді. Мәскеулік Энергетика Иститутында оқыды, бірақ оқуын бітірмеді. Кейін Ташкент қаласына қоныс аударды.
Еңбек жолын 1986 жылы "Перед большой дорогой на войну" телефильмінде қоюшы- суретші болудан бастаған.1987 жылы А.Островский атындағы Ташкент театр-көркемөнер институтын бітірген. Ол кезде оның мамандығы "театр және кино суреткері "болды. Сонда ол Виктор Вержбицкиймен танысты. Ақырында ол оның тұрақты, үздіксіз актерi болды.
Ашғабадта армияда қызмет етті. "Ильхом" театрында және "Өзбекфильм" киностудиясында суретші болып қызмет істеді. 1978 жылы 17 жасында ол Мәскеуге қоныс аударып бейнебаяндар түсірумен айналысты.
Киномансабы
1989 жылы "Кредит Москва" -банкіне жарнамалық сюжетін даярлады.1989-1990 жылы "Даттана" франциялық компаниясымен "Арал теңізі" көркем фильмнің жобасында қызмет атқарды. 1994 жылы Сорренто кинофестивалінде әділқазылардың арнайы жүлдесі мен арнайы киносыншылардың "Кинотаврдегі" арнайы сыйлығын иеленген "Пешаварский вальс" толықметражды фильмі сценарийінің тең авторы және тең режисері. 1994 жылы "Карловы Вары" Халықаралық кинофестивалінде ең үздік режиссерлік жұмыс пен актерлік құрамның жүлдесіне ие болды." Менатеп" банкінің жарнамалық бейнебаяндарының авторы. 1994 жылы Михаил Лесиный, "Видео Интернешнл" компаниясының жетекшісі арқылы Сергей Родинов, "Империал" банкінің президентімен танысады.1992-1997 жылдар аралығында Cергей Родиновтың тапсырысы бойынша 20 жарнамалық ролик түсірді және түсірген жарнама роликтері кейін оны аудиторияға кеңінен танымал етті. 2002 жылы Сэлдом", "Пепси", "Славянский" банкілері туралы жарнамалар түсірген. "Риал рекордс" компаниясы тапсырысы бойынша Юлия Чичеринамен бірлесіп 3 музыкалық "Ту-лу-ла", "Жара", "Дорога" клиптерін түсірді. "Жара" бейнеклипі Ресей кино академиясының арнайы жүлдесіне ие болып, "MTV Music Awards-2000" номинациясына ұсынылды. РТР телеканалының тапсырысы бойынша сегіз сериялық телевизиялық көркем "Наши 90-e" атты фильмін түсірді. Роджер Корман студиясы үшін "Гладиатрикс" фильмін түсүруге шақырылды. Түсіруі Ресейде басқарылды, фильм 2001 жылы экрандарда жарық көрді. 2002 жылы "ГАЗ-русские машины" атты фильмін түсірді.
2004-2005 жылдары оны атаққа шығарған Сергей Лукьяненконың "Ночной дозор" және "Дневной дозор" аттас романы бойынша түсірілген фантастикалық фильмдерінің режисері әрі тең авторы. 2005 жылы Голивудқа шақырылған болатын.[4]
Эльдар Рязановтың рұқсат етуімен бірнеше ұрпақтың сүйікті киносына айналып үлгерген "Ирония судьбы" фильмінің де жалғасын түсіріп, бұл картина Ресей кинобизнесіндегі долларлық табыс табу рекордын түбегейлі жаңартты.
2006 жылы Жерар Депардье түскен ұялы телефон операторына арналған екі жарнамалық роликтің режисері.
2008 жылы әлемдік прокатқа "Особо опасен" фильмі шыққан алғашқы аптада 80 миллион доллар жинап үлгерген, әйгілі Анджелина Джолидің қатысуымен Голливудта түсірген фильмінен кейін, Темір Бекмамбетов Астанада өткен 5-ші халықаралық "Еуразия" кинофестивалының құрметті қонағы болды.
ЗАО "Империал фильм", киностудия "ТАББАК" және Базелевс Продакшн компаниясының ұйымдастырушысы және бас директоры.