26 маусым, СЕЙСЕНБІ Нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымымен халықаралық күрес күні. 1987 жылы қабылданған БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімі бойынша өткізіліп келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының азаптау құрбандарына қолдау көрсетудің халықаралық күні. 1997 жылғы маусымның 26-да азаптау және басқа да адамшылыққа жат жазалау түрлеріне қарсы Конвенция күшіне енді. Оңтүстік Африканың бостандық үшін күрес күні. 1960 жылдан бері Гвинеяның Конакри қаласында 1960 жылғы 11-15 сәуір аралығында өткен Азия және Африка елдері халықтарының бірлігінің ІІ конференциясының шешімімен аталып өтіледі. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 22 жыл бұрын (1992) «Қазақстан Республикасының Халықаралық қаржы қорына, Халықаралық қайта құру және даму банкіне, Халықаралық қаржы корпорациясына және Халықаралық даму ассоциациясына мүшелігі туралы» Заң қабылданды. 22 жыл бұрын (1992) «Қазақстан» газетінің ағылшын тіліндегі бірінші саны жарық көрді. Бас редакторы - Нұрмахан Оразбеков. 18 жыл бұрын (1996) Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының, Дж. Неру атындағы сыйлықтың лауреаты Әнуар Әлімжановтың Алматы қаласында тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. 18 жыл бұрын (1996) Тегранда Иран радиосының Қазақ редакциясы ресми түрде жұмыс істей бастады. 18 жыл бұрын (1996) ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев «ҚР Ұлттық қауіпсіздігі туралы» Заңға қол қойды. 8 жыл бұрын (2006) Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті германдық «Нибелунгтар туралы жыр» эпикалық туындысын қазақ тілінде басып шығарды. Кітап 2004 жылдан бері университет қолға алған «Дала даналары» жобасы аясында жарық көрді. Университет ғалымдары есімдері дала халықтарының тарихында сақталған атақты көшпелілер туралы құжаттар мен аңыз-жырларды жинаумен айналысады. Ежелгі германдық «Нибелунгтар туралы жыр» аңызының кейіпкерлерінің бірі - ежелгі түркі мәдениетінің өкілі, ғұндардың көшбасшысы Аттила. Ғұн көшбасшысының өмірі мен қазасы туралы баян ететін бұл жырда ежелгі түркі тайпаларының әдет-ғұрыптары, діни рәсімдері, салт-дәстүрлері жарқын көрсетілген. Ортағасырлық эпосты неміс тілінен қазақ тіліне Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры Айжан Қалиева мен мәдениетаралық коммуникациялар ғылыми-тәжірибелік орталығының ғылыми қызметкері Хабдыхалел Мағзұмов аударып шықты. 5 жыл бұрын (2009) Талдықорғанда «Ардагер» клубының жаңа ғимаратының тұсаукесер рәсімі өтті. Клуб Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлері үшін құрылған. «Ардагер» өзінің бірінші күнгі қызметінен бастап жастарды әскери-патриоттық сезімге тәрбиелеуге атсалысып келеді, әскери оқиғалар мерекелеріне, оқу орындарындағы кездесулерге арналған шараларды өткізеді. 4 жыл бұрын (2010) «Қазақстанның мемлекеттік наградалары» сериясымен «Құрмет» орденінің белгісі» естелік монетасы айналымға шықты.
3 жыл бұрын (2011) Ресейдің Омбы қаласында Қажымұқан Мұңайтпасовтың (1871-1948) туғанына 140 жыл толуына орай «Мөлдір» қазақ мәдениетінің аймақтық сібір орталығының ұйымдастыруымен «Той-думан» мерекелік шарасы болды. Онда қазақ күресінен жарыстар, ақындар айтысы, тоғызқұмалақтан сайыс, ұлттық ойындардың тұсаукесері өтті. Түрлі қолөнер шеберлерінің көрмесі болды. Шара соңында Омбы облысындағы қазақ халқының ұжымдары концерт қойды.
3 жыл бұрын (2011) Қазақстан астанасында Журналистер аллеясы ашылды. Ол Бейбітшілік және келісім сарайы жанындағы саябақта орналасқан.
2 жыл бұрын (2012) ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағаттар комитеті Астанада «Солай болған» және «Был случай» атты журналистік естеліктер кітаптары сериясының тұсауын кесті. Бұл «Қазақстандық журналистердің естеліктерінен» сериясындағы алғашқы ұжымдық жинақ. Онда қазақстандық қаламгерлердің кәсіби шығармашылық жолынан алынған ерекше оқиғалар баяндалған. Басылым Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күніне арналды. Жинақтарды ҚР бас редакторлары клубының өкілдері - белгілі журналистер құрастырды.
1 жыл бұрын (2013) әйгілі Euronews ақпараттық арнасы өзінің «Le mag» тележурналында «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының ашылуы және онда «Біржан-Сара» операсының тұсаукесері өткендігі туралы сюжет көрсетті. Онда «Астана Опера» театры қазірдің өзінде әлемнің ең үздік өнер ордаларымен - La Scala, San Carlo және Үлкен театрмен салыстырылып отыр», делінген.
ЕСІМДЕР 108 жыл бұрын (1906-1980) химик-органик, химия ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері ШОМБАЛОВ Тайыр Көкешұлы дүниеге келді. Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданында туған. Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын бітірген. 1933-1934 жылдары - Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтының оқытушысы. 1934-1979 жылдары Қазақ мемлекеттік университеті органикалық химия кафедрасының доценті, меңгерушісі, табиғи қосылыстар химиясы кафедрасының меңгерушісі. Негізгі ғылыми еңбектері табиғи қосылыстар химиясына арналған. Ол органикалық химияда жаңа ғылыми бағыт - өсімдіктер химиясын қалыптастырған. Қазақстанның 300-ден астам өсімдігінің полифенолдық құрамын зерттеп, көптеген биологиялық активті заттар, жаңа емдік дәрілер алған және оларды медицинаға енгізген. Ғалымның 10 авторлық куәлігі бар. 108 жыл бұрын (1906-1983) геолог, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген геолог-барлаушысы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты БЕСПАЛОВ Вениамин Федорович дүниеге келді. Ресейдің Сызрань қаласында туған. Қазақ кен-металлургия институтын бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қазақ мемлекеттік университетінің және Қазақ политехника институтының доценті, Қазақ КСР-і Ғылым академиясының Геология ғылымдары институты тектоника секторының меңгерушісі қызметін атқарған. Негізгі ғылыми еңбектері аймақтық геология мен тектоника мәселелеріне арналған. Қазақстанның көптеген тау-кен аймақтарының, көрші республикалардың геологиялық карталарының авторы және редакторы болған. Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған. 90 жыл бұрын (1924-2010) геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы ДАЛЬЯН Иван Борисович дүниеге келді. Украинада туған. А.Горький атындағы Пермь мемлекеттік университетін бітірген. 1953 жылдан «Ақтөбе мұнай-газ геология» бірлестігі Ақтөбе мұнай мен газ геологиялық барлау экспедициясының бөлім бастығы болып істеген. 1964 жылдан «Ақтөбе мұнай барлау» тресінің бөлім бастығы, «Дүние» университетінің кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері мұнай мен газ геологиясы, Каспий маңы ойпатының мұнайлылығы мен газдылығын анықтауға арналған. Ол Ақжар, Жаңажол, Кеңқияқ, Бозой, Қожасай газ кендерін ашушылардың бірі. И.Дальянның 230-дан астам ғылыми еңбегі, оның ішінде 4 монографиясы жарық көрген. «Құрмет» белгісі орденімен, медальдармен марапатталған. 88 жыл бұрын (1926) Қазақстанның халық мұғалімі, КСРО-ның және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі, Көкшетау қаласының құрметті азаматы БАЛАХМЕТОВ Қожахмет Балахметұлы дүниеге келді. Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында туған. Семей педагогикалық институтын бітірген. 1960-1968 жылдары - Көкшетау облыстық партия комитеті мектеп бөлімінің меңгерушісі, қалалық партия комитетінің хатшысы, екінші хатшысы, облыстық партия комитеті үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі. 1968-1970 жылдары - Көкшетау облыстық халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі. 1970-1974 жылдары - Қазақстан Компартиясы ОК-інің ғылым және оқу орындары бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 1974-1987 жылдары - Қазақ КСР-інің Білім министрі. 1988-1998 жылдары - Ленин атындағы Кеңестік балалар қоры Қазақ республикалық бөлімшесінің (1992 жылдан бастап Қазақстан балалар қоры) басқарма төрағасының бірінші орынбасары, төрағасы. 1999-2000 жылдары - Халықаралық балалар қорлары қауымдастығының вице-президенті. 1998 жылдан бастап Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі болған. «Парасат», үш мәрте Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, Ы.Алтынсарин, Н.Крупская, К.Ушинский атындағы медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 84 жыл бұрын (1930-2010) Заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері, прокуратура қызметкері САПАРҒАЛИЕВ Ғайрат Сапарғалиұлы дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысында туған. Саратов заң институтын бітірген. 1956-1992 жылдары - Қазақ КСР Ғылым академиясының қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің кіші ғылыми қызметкері, ғылыми хатшысы, Философия және құқық институты директорының орынбасары, бөлім меңгерушісі. 1992-1994 жылдары - Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты заң факультетінің деканы. 1995-2008 жылдары - Қазақ гуманитарлық заң университеті Мемлекет және құқық институтының директоры қызметтерін атқарған. Ғайрат Сапарғалиев 1978 жылғы Қазақ КСР Конституцияның, 1993 және 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциялардың жобаларын жасаушылардың бірі, Қазақстан Республикасының көптеген маңызды заңдарын жазуға қатысқан. 2007 жылғы 18 мамырда Қазақстан Республикасы Парламентімен қабылданған «1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгертулер және толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын дайындау жұмыс тобының мүшесі. 6 заң ғылымдарының докторы мен 40 астам заң ғылымдарының кандидатын дайындаған. 450-ден аса ғылыми еңбектердің авторы. «Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған. 83 жыл бұрын (1931) тоқыма суретшісі, Шоқан Уәлиханов атындағы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ЯРЕМА Ирина Зиновьевна дүниеге келді. Украинаның Львов облысында туған. Львов Мемлекеттік қолданбалы және декоративтік өнер институтын бітірген. Самарқанд жібек-мата фабрикасында, Алматы қаласындағы Қазақстан Жергілікті өнеркәсіп министрлігі жанындағы эксперименталды институтында еңбек еткен. Ол шығыс тақырыбына арналған «Ескі Самарқанд», «Әлішер Науаи», «Регистан» атты гобелендер топтамасының, Қазақстандағы жартастарға салынған суреттер желісі бойынша салынған «Алатау», «Ежелгі аңшылық», т.б. суреттердің, сондай-ақ табиғат көріністеріне, индустрияға арналған көптеген өнер туындыларының авторы. 80 жыл бұрын (1934) милиция генерал-майоры, ішкі істер саласының еңбек сіңірген қызметкері ИСАБАЕВ Әбдіқайым Нұрқаұлы дүниеге келді. Алматы облысының Райымбек ауданында туған. Қазақ политехникалық институтын, КСРО Ішкі істер министрлігі академиясын бітірген. 1960-1985 жылдары - Алматы облыстық ішкі істер басқармасында, облыстық еңбекпен тәрбиелеу мекемесінде жауапты қызметтер атқарған. 1985-1989 жылдары - Семей облыстық ішкі істер басқамрасының бастығы. 1989-1992 жылдары Қазақ КСР Ішкі істер министрінің орынбасары болған. 1992 жылы зейнет демалысына шыққан. «Қызыл Жұлдыз» орденімен, медальдармен марапатталған. 78 жыл бұрын (1936-2007) ғалым, техника ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы Минералды ресурстар академиясының корреспондент-мүшесі, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы, Қазақстан өнеркәсібіне еңбек сіңірген қызметкер, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері МҰҚАНОВ Дымкеш дүниеге келді. Қарағанды облысы Тельман (қазіргі Бұқар жырау) ауданында туған. Ленинград (Санкт-Петербург) электротехника институтын бітірген. 1971-1980 жылдары - Бүкілодақтық автоматика ғылыми-зерттеу институтында директор, 1980-1992 жылдары «Черметавтоматика» ғылыми-өндірістік бірлестігінде бас директор, 1992-1999 жылдары «Казчерметавтоматика» АҚ-ның директоры, 1999 жылдан Қазақстан Республикасы Шикізатты кешенді өңдеу ұлттық орталығында директордың орынбасары қызметтерін атқарған. Негізгі ғылыми еңбектері қара металлургия мәселелеріне арналған. 200-ден аса ғылыми еңбектің авторы. 40-қа жуық авторлық куәлік пен патенттің иегері. «Халықтар достығы» орденімен марапатталған. 68 жыл бұрын (1946) химия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының және Қаныш Сәтбаев атындағы сыйлықтың лауреаты МАНСҰРОВ Зұлхайыр Аймұхаметұлы дүниеге келді. Алматы облысы Сарқанд қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1968-2001 жылдары осы университетте ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, түрлі басшылық қызметтер атқарған. 2001 жылдан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші проректоры болған. Сонымен қатар ҚазҰУ жанындағы докторлық диссертация қорғау диссертациялық кеңесінің төрағасы. Ғалымның 250 ғылыми еңбегі, оның ішінде 3 монографиясы, 3 оқу құралы және 20 авторлық куәлігі бар. 21 ғылым кандидатын және 3 докторын даярлаған. Ғылыми жұмыстарының негізгі бағыты көмірсутектер жануының кинетикасы мен механизмін, суық және күйе түзгіш жалындардың құрылымын, көмірсутектің түзілуі мен оның қолданбалы аспектілерін зерттеуге арналған. Ол табиғи минералды және өсімдік шикізаттарын ауыспалы металл қатысында көміртектендіру арқылы нано-өлшемді талшықты көміртегін алып, оның морфологиясы мен құрылымын терең зерттеді және оларды сорбент, катализатор түрінде қолдануды енгізді. Сонымен қатар мұнаймен ластанған топырақты термикалық әдіспен өңдеу үшін арнайы қондырғы құрастырды. Осы қондырғы арқылы мұнайды топырақтан бөліп алу және мұнаймен ластанған топырақты жол құрылысында суық асфальтты бетон дайындау үшін қолдану әдістерін ұсынды. «Eurasian Chemico-Technological Journal» және «Жану және Плазмохимия» журналдарының бас редакторы, «Жоғары білім берудегі ақпараттық технологиялар» журналы бас редакторының орынбасары, «Жарылыс және жану физикасы» (Ресей) журналы редакциялық кеңесінің мүшесі, «Қазақстан ғылымдарының жаңалықтары», «ҚазҰУ жаршысы» (химия сериясы), т.б. журналдар редакциялық алқасының мүшесі. «Құрмет» орденімен, РФ Жоғары мектеп ғылым академиясының медалімен марапатталған. 64 жыл бұрын (1950) экономика ғылымдарының докторы, Халықаралық Экология, адам және табиғат қауіпсіздігі ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, Қазақстан Республикасы инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының құрметті профессоры СЕРІКБАЕВ Аманқұл Серікбайұлы дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданында туған. П.Лумумба атындағы Халықтар достығы университетін бітірген. Қазақ КСР Ғылым академиясы физика-математика ғылымдары бөлімінің ғылыми хатшысы, Қазақ КСР Ғылым академиясы алқасы бас ғылыми хатшысының орынбасары, Қазақстан Компартиясы ОК идеология бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті аппараты мен Министрлер кабинеті ғылым және жаңа технологиялар жөніндегі бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасының ғылым мен техника жөніндегі жоғары консультативтік кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасының Президенті әкімшілігі ішкі саясат бөлімі секторының меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының ректоры, Қазақстан Республикасының Парламенті аппараты ақпараттық-талдау орталығы меңгерушісінің орынбасары, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің аппараты ақпараттық-талдау орталығының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2007 жылдан - «Нұр Отан» ХДП Парламентаризм институты директорының орынбасары. Ол мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет саласындағы түрлі мәселелерге арналған 50-ден аса ғылыми еңбектердің авторы. 200-ден аса ғылыми, ақпараттық және оқу-әдістемелік еңбектері жарық көрді. «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» медальдарымен марапатталған. 190 жыл бұрын (1824-1907) ағылшынның аса көрнекті физигі, термодинамиканың негізін қалаушылардың бірі ТОМСОН Уильям дүниеге келді. Ол 1892 жылы ғылымға сіңірген еңбегі үшін лорд Кельвин лауазымына ие болды.