26 желтоқсан. Туған күн иелері

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін, яғни 26 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

127 жыл бұрын (1894-1938) мемлекет және қоғам қайраткері, Түркістан Республикасы Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасы, Түрксіб құрылысының негізін салушылардың бірі Тұрар РЫСҚҰЛОВ дүниеге келді.

1907-1910 жылдары Тұрар Меркідегі орыс-қазақ бастауыш мектебінде, 1910-1914 жылдары Бішкектегі ауыл шаруашылық училищесінде оқып, бау-бақша мамандығын алады. 1914-1916 жылдары Меркіде және Ташкент түбіндегі бау-бақша ісімен айналысады. 1916 жылдың жазында Әулиеата оязында отаршылдыққа қарсы қарулы көтерілісті ұйымдастырғаны үшін қамауға алынады. Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы жас интеллигенттердің саяси сауаттану мектебі болды және олардың тағдырын айқындап берген ұлы қозғалыс еді. 1917 жылғы революция кезінде патшаның тақтан құлағанын естіген Т. Рысқұлов Ташкенттегі оқуын тастап, Әулиеата оязындағы Меркі ауданына келеді. Онда еркіндік пен тәуелсіздік үшін күресу мақсатында 1917 жылдың басында «Қазақ жастарының революциялық одағын» құрады. 1918 жылы Әулиеата оязы Совдепі төрағасының орынбасары қызметін атқарады. Қазан айында Кеңестердің VІ съезінде ТүркОАК құрамына кіреді. Одан кейін Түркістан Республикасының денсаулық сақтау халкомы болып тағайындалады. Түрлі қызмет атқарып, 1920 жылы Түркістан Компартиясы ОК-нің мүшесі, Түркістан АКСР ОАК төрағасы болып сайланды. Рысқұловтың саяси, мемлекеттік қызметкер ретіндегі есімі Мұсылман бюросындағы қызметімен байланысты кеңінен белгілі болды. Оның басшылығымен Мұсбюро Орталықтың қысымы мен диктатына қарсы үнемі күрес жүргізді. Түркі Республикасы мен Түркі компартиясын құру жөніндегі Рысқұлов көзқарастары Мұсбюроның ІІ конференциясында қолдау тапты. Бірақ орталық араласып, түркістандықтардың ұлттық бағдарлануға деген еркіндігін басып тастады. Тұрарға пантюркизм мен ұлттық ауытқу жөнінде айып тағылып, өмірінің соңына дейін қамалды. Т. Рысқұлов 1920 жылы Бакудегі Шығыс халықтарының І съезінің жұмысына қатысты. 1920 жылы желтоқсанда РСФСР Ұлттар ісі жөніндегі халкомының орынбасары, 1922 жылы Түркістан Республикасы Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалды. 1924 жылы Монғолияға Коминтерннің өкілі ретінде жіберілді. 1925 жылы Қазрайком БКП (б) баспасөз бөлімінің меңгерушісі және «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы, 1926-1937 жылдары мақта жөніндегі тұрақты мәжіліс төрағасының орынбасары. Оның қаламынан ондаған кітап, кітапша, 100-ден астам мақала шықты. 1937 жылдың мамыр айында Мәскеуде қамауға алынған. 1934 жылы құрылған «Бүкілодақтық біріккен орталықты» ұйымдастырушы деген айып тағылған. 1938 жылдың 10 ақпанында ату жазасына ұшырады.

49 жыл бұрын (1972) Алматы қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Дархан Тұрсынұлы ҚАНАТБЕКОВ дүниеге келді.

Қарағанды облысында туған. ҚР ӘМ ҚАЖК Павлодар заң колледжін бітірген, бастапқы даярлық курстарының тыңдаушысы (2001); Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, құқықтану (2006).

Еңбек жолы: Қарағанды облысы бойынша ҚАЖКБ АК-159/18 мекемесінің бақылау қызметі бөлімінің бастығы (2001-2002); режим және қадағалау бөлімінің аға маманы-жедел уәкілі, режим және қадағалау бөлімінің аға маманы-аға жедел уәкілі, режим және қадағалау бөлімінің аға маманы-аға инспекторы-кезекші бөлімінің аға маманы-аға инспекторы (2002-2008); Қарағанды облысы бойынша ҚАЖКБ АК-159/11 мекемесі бастығының сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру және жалпы мәселелері жөніндегі орынбасары (2008-2009); Қарағанды облысы бойынша ҚАЖКБ АК-159/5 мекемесі бастығының жалпы мәселелер және сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру жөніндегі орынбасары (2009-2011); Қарағанды облысы бойынша ҚАЖ департаменті АК-159/11 мекемесінің бастығы (2011-2013); Қарағанды облысы бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары (2013-2015); Қарағанды облысы бойынша ҚАЖД бастығы (2015-2016); ҚР ІІМ ҚАЖ Комитеті төрағасының орынбасары (2016-2017); ҚР ІІМ ҚАЖК Қарағанды облысы бойынша ҚАЖД бастығы (2017-2019); Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы (04.2019-10.2019).

Атқаратын лауазымында – 2020 жылдың ақпан айынан бастап.

38 жыл бұрын (1983) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VII депутаты, Әлеуметті-мәдени даму комитетінің мүшесі, ақын Мақпал Мазаққызы ТӘЖМАҒАМБЕТОВА (Мақпал Мыса) дүниеге келді.

Алматы облысында туған. 2017 жылы Орталық Азия университетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолы: 2004-2010 жылдары – «Қапшағай» газетінің журналисі; 2011-2013 жылдары – «Книжник» ЖШС редакторы; 2014-2021 жылдары – «Өлке тынысы» ЖШС «Жетісу» газетінің журналисі.

Ресей Жазушылар одағының Балкар ақыны Керим Отаров атындағы алтын медалінің иегері. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы қорының «Алтын тобылғы» байқауының бас жүлдегері. Қобызшы Молықбай, Майра Уәлиқызы, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы әдеби сыйлықтарының иегері.

«Алақандағы бақыт», «Мен керекпін», «Аспантаудың көктемі», «Шоған абыз», «Ақ қанатты періште» атты жыр жинақтарының авторы.

2021 жылғы қаңтардан бастап қазіргі қызметінде.