27 мамыр. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 27 мамыр. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 27 мамырға арналған күнтізбесін ұсынады.

27 мамыр, ЖЕКСЕНБІ

Жалпыресейлік кітапхана күні. 1995 жылдан бастап жыл сайып атап өтіледі.

Қырғызстанда кітапханалар күні. Қырғыз Республикасы Үкіметінің қаулысымен 1902 жылдың 27 мамырдағы Қырғызстандағы бірінші жалпыға бірдей кітапхананың ашылуына арналып 2008 жылдың 17 маусымында бекітілген.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

20 жыл бұрын (1992) Жамбыл облысының Шу ауданындағы Балуан Шолақ атындағы ауылда ақын, композитор Балуан Шолақтың ескерткіші ашылды.

7 жыл бұрын (2005) Ақмола облысы Степногорск қаласындағы Мәдениет үйінің атауы Достық және шығармашылық үйі болып өзгертілді. Осыған сәйкес қала орталығында орналасқан көркем ғимараттың қызмет бағыты да өзгертілді.

3 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің қатысуымен Қарағанды облысындағы 500 кВ-тық «Ағадыр» қосалқы стансасында «Ағадыр-ОҚМАЭС» учаскесі іске қосылды.

3 жыл бұрын (2009) саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай жазушы Қайым Мұхамедхановтың «Тағдыр және Карлаг» атты туындысы оқырмандар назарына ұсынылды. Шара «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығы» бастамасымен және Қазақстан-Британ техникалық университеттің қолдауымен өткізілді.

Қайым Мұхамедханов (1916-2004) - Мұхтар Әуезовтың ғылыми тұжырымдамаларының шәкірті және сенімді жалғастырушысы, өз өмірінің барлығын Абай өнерін зерттеуге арнаған, ұлы ойшылдың ақындық мектебін оқуды тереңдеткен. Ол қатал кезеңдерде де ұлттық мәдениет өкілдері - Шәкәрім Құдайбердіұлының, Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтардың өнерлерін батыл насихаттаған.

ЕСІМДЕР

69 жыл бұрын (1943) филология ғылымының докторы, профессор, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты ӘШІМХАНОВА Светлана дүниеге келді.

Алматы облысының Райымбек ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген. 1978 жылдан Қазақ мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі, аға ғылыми қызметкері болған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері ежелгі дәуірден 20-шы ғасырға дейінгі Батыс Еуропа әдебиетінің қалыптасып, даму аясын зерттеуге арналған. 40-тан астам ғылыми еңбегі жарық көрген.

97 жыл бұрын (1915-1993) акушер-гинеколог, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР еңбек сіңірген дәрігері ӨТЕГЕНОВА Камила Досқызы дүниеге келді.

Ресей Федерациясының Челябинск облысында туған. Қазақ медицина институтын (С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті) бітірген.

Қазақ медицина институты (С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті) акушерлік және гинекология кафедрасының клиникалық ординаторы, аға лаборанты, ассистенті, доценті, кафедра меңгерушісі, Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің бас акушер-гинекологы қызметтерін атқарған.

«Құрмет Белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.

71 жыл бұрын (1941) филология ғылымының докторы, профессор, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі СЕЙІТЖАНҰЛЫ Зұфар дүниеге келді.

Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1975-1991 жылдары аралығында Қазақ КСР ҒА М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында істеген. Қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәріс береді. «Рауан», «Таңшолпан», «Тау самал» өлең кітаптары және фольклорлық желі негізінде жазылған «Эпостық батырлар», «Салт-дәстүр» атты балаларға арналған кітаптары бар. Сонымен қатар «Тарихи эпос», «Шыңжаң қазақ әдебиеті» монографиялары жарық көрген.

78 жыл бұрын (1934) әнші, Қазақстанның халық әртісі ҚАРАЖІГІТОВ Нариман Нұрмұхамедұлы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысында туған. Алматы зооветеринарлық институтын, Алматы консерваториясын профессор Б.Жылысбаевтың сыныбында бітірген.  1963 жылдан Абай атындағы Қазақтың опера және балет театрының әншісі. 1968 жылдан - педагог, 1979 жылдан Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті.

Біржан («Біржан мен Сара, М.Төлебаев), Әубәкір, Адақ, Ақан («Айсұлу», «Жұмбақ қыз» және «Ақан сері - Ақтоқты» С.Мұхамеджанов), Айдар («Абай» А.Жұбанов пен Л.Хамиди), Кебек (Еңлік-Кебек» Ғ.Жұбанова), Дона Оттавио («Дон Жуан» Моцарт) партияларын орындады. Әншінің репертуарында - қазақтың халық әндері, орыс романстары, қазақ, орыс және шетел композиторларының әндері бар.

66 жыл бұрын (1946) филология ғылымының докторы, профессор ЫСҚАҚҰЛЫ Дандай дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Қазақ КСР ҒА М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аспирантурасын бітіріп, осы институттың кіші ғылыми қызметкері, Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің аға оқытушысы, доценті, филология факультетінің доценті қызметтерін атқарған. Қазіргі Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінде қызмет істейді. Оның қазақ әдеби сынының тарихи, теориясы мәселелеріне арналған «Стиль сыры», «Дәстүр және жаңашылдық», «Әдеби-көркем сын», «С.Мұқановтың тағлымы», «Қансонар», «Әдебиет өрнектері», «Жанр», «Мұхтар Әуезов әлемі», «Сын шын болсын», «Мұхтар Әуезов: Талант пен тағдыр» атты еңбектері жарық көрді.

56 жыл бұрын (1956) ҚР Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі НҰРҒИСАЕВ Серікбай Өрікбайұлы дүниеге келді.
Алматы облысы, Іле ауданы, Жаңа-Арна селосында жұмысшы отбасында дүниеге келді. 1974-1980жж. - Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің студенті 1980-1982жж. - №20 кәсіптік-техникалық училищесінің өндірістік оқыту мастері. 1982-1983жж. - №116 қалалық кәсіптік-техникалық училищесінің комсомол комитетінің хатшысы. 1983-1985жж. - Қазақстан ЛКЖО Алматы облыстық комитетінің сектор меңгерушісі. 1985-1989жж. - Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті бөлім меңгерушісінің орынбасары, жауапты ұйымдастырушы. 1989-1991жж. - Алматы политология және басқару институтының тыңдаушысы. .1991ж.-1991ж. - Алматы қалалық халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің ұлтаралық қатынас және қоғамдық ұйымдармен байланыс бөлімінің меңгерушісі. 1991-1992жж. - Алатау аудандық халық депутаттары Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1992-1993жж. - Алматы қаласының Алатау аудандық әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары. 1993-1994жж. - Алматы қаласы Совет аудандық әкімшілігінің басшысы. 1994-1996жж. - «Глоба Казахстана» қаржы корпорациясының президенті. 1996-1999жж. - Қызылорда облысы Әкімінің бірінші орынбасары. 1999-2004жж. - Қызылорда облысының Әкімі. 2004-2005жж. - Қазақстан Республикасы Президентінің Алматы қаласындағы арнайы өкілі. 2005ж.- 2005ж. - «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы орталық аппаратының жетекшісі. 2005ж.-2008ж. - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Әлеуметтік-саяси бөлімінің Бас инспекторы. 2008ж.- 2012ж. - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша аумақтық басқармасы мен Тәртіптік кеңесінің басшысы. 2012 жылдың қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.

«Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталды. Мамандығы математик; политолог; экономист. Ғылыми дәрежесі - экономика ғылымдарының докторы, профессор.

56 жыл  бұрын (1956) ҚР Конституциялық Кеңесінің мүшесі МАЛИНОВСКИЙ Виктор Александрович  дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген.

Еңбек жолын С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті заң факультетінің мемлекеттік құқық және совет құрылысы кафедрасының ассистенті, аға оқытушысы, деканның орынбасары, Алматы саясаттану институтының мемлекеттік құрылыс және құқық кафедрасының доценті болып бастады. 

Қазақстан Республикасы Президенті мен Министрлер Кабинеті Аппаратының Мемлекеттік-құқық бөлімінің референті, аға референті, Республика Конституциялық Сотының судьясы болып қызмет атқарды.

1995 жылдан 2006 жылға дейін Заңгерлік академиясы - «Әділет» Жоғары құқық мектебінің проректоры болып жұмыс істеді. Соңғы уақытта «Интерньюс-Қазақстан» мекемесінде заңгер, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университеті конституциялық құқық кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істеді.