27 мамыр, СЕЙСЕНБІ Жалпыресейлік кітапхана күні. 1995 жылдан бастап жыл сайын атап өтіледі. Қырғызстанда кітапханалар күні. Қырғыз Республикасы Үкіметінің қаулысымен 1902 жылдың 27 мамырдағы Қырғызстандағы бірінші жалпыға бірдей кітапхананың ашылуына арналып 2008 жылдың 17 маусымында бекітілген. Нигерияда балалар күні. Осы елдегі үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдар атап өтеді. бұл күні бастауыш және орта мектептердің оқушылар сабақтан босатылады, олар үшін арнайы мерекелік шаралар ұйымдастырылады. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 22 жыл бұрын (1992) Жамбыл облысының Шу ауданындағы Балуан Шолақ атындағы ауылда ақын, композитор Балуан Шолақтың ескерткіші ашылды. 9 жыл бұрын (2005) Ақмола облысы Степногорск қаласындағы Мәдениет үйінің атауы Достық және шығармашылық үйі болып өзгертілді. Осыған сәйкес қала орталығында орналасқан көркем ғимараттың қызмет бағыты да өзгерді. 5 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің қатысуымен Қарағанды облысындағы 500 кВ-тық «Ағадыр» қосалқы стансасында «Ағадыр-ОҚМАЭС» учаскесі іске қосылды. 5 жыл бұрын (2009) саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай жазушы Қайым Мұхамедхановтың «Тағдыр және Карлаг» атты туындысы оқырмандар назарына ұсынылды. Шара «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығы» бастамасымен және Қазақстан-Британ техникалық университеттің қолдауымен өткізілді. Қайым Мұхамедханов (1916-2004) - Мұхтар Әуезовтың ғылыми тұжырымдамаларының шәкірті және сенімді жалғастырушысы, өз өмірін Абай өнерін зерттеуге арнаған, ұлы ойшылдың ақындық мектебін оқуды тереңдеткен. Ол қатал кезеңдерде де ұлттық мәдениет өкілдері - Шәкәрім Құдайбердіұлының, Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтардың өнерлерін батыл насихаттаған. ЕСІМДЕР 99 жыл бұрын (1915-1993) акушер-гинеколог, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР еңбек сіңірген дәрігері ӨТЕГЕНОВА Камила Досқызы дүниеге келді. Ресей Федерациясының Челябинск облысында туған. Қазақ медицина институтын (С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетін) бітірген. Қазақ медицина институты (С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті) акушерлік және гинекология кафедрасының клиникалық ординаторы, аға лаборанты, ассистенті, доценті, кафедра меңгерушісі, Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің бас акушер-гинекологы қызметтерін атқарған. «Құрмет Белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған. 77 жыл бұрын (1937) филология ғылымдарының докторы, академик, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері ЖОЛДАСБЕКОВ Мырзатай дүниеге келді. Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ақтөбе ауылында туған. Мемлекет қайраткері, ғалым, филология ғылымының докторы (1993), профессор (1993). 1954-1955 жылдары Ақкөл аудандық кеңесінің хатшысы болып қызмет атқарған. ҚазМУ-ді бітірген (1960). 1960-1964 жылдары осы университеттегі қазақ әдебиеті кафедрасында ассистент, 1964-1967 жылдары аспирант. 1970-1974 жылдары аға оқытушы, доцент, 1974-1977 жылдары филология факультетінің деканы болды. 1977-1987 жылдары Талдықорған педагогика институтының ректоры, 1987-1988 жылдары Қазақстанның оқу министрі, білім министрінің бірінші орынбасары, 1988-1990 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде бөлім меңгерушісінің бірінші орынбасары, бөлім меңгерушісі, 1990 жылдары Қазақстанның Мемлекет кеңесшісі, 1991-1993 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, 1993-1997 жылдары Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, 1997-2000 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі жанындағы Дипломатиялық академияның ректоры қызметтерін атқарды. 2000 жылдан Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР Президенттік мәдениет орталығының директоры болды. Жолдасбеков қазақ әдебиетінің алғашқы қайнар бастауларын, Жамбыл Жабаев шығармашылығын зерттеуге мол үлес қосты. Түрік қағанаты кезіндегі Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін қазақ ғалымдары арасында алғашқылардың бірі болып жаңаша зерделеп, қазақ тіліндегі аудармасын ғылыми айналымға енгізді. Жамбылдың ақындық мектебін зерттеп, оның тұстастары мен шәкірттерінің туындыларын жан-жақты талдады. «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендерімен марапатталған. Шығармалары: V-XIV ғасырлардағы көне әдебиет нұсқалары. Ертедегі әдебиет нұсқалары, А., 1967; Асыл арналар, А., 1986, 1990; Күлтегін, А., 1986; Тоқсан толғау (Н. Төреқұловпен бірге), А., 1992; Жүз жыл жырлаған жүрек, А., 1993; Асыл сөздің атасы, А., 1996; Ел тағдыры - ер тағдыры, А., 1997. 73 жыл бұрын (1941) филология ғылымының докторы, профессор, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі СЕЙІТЖАНҰЛЫ Зұфар дүниеге келді. Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1975-1991 жылдар аралығында Қазақ КСР ҒА М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет еткен. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәріскер. «Рауан», «Таңшолпан», «Тау самал» өлең кітаптары және фольклорлық желі негізінде жазылған «Эпостық батырлар», «Салт-дәстүр» атты балаларға арналған кітаптары бар. Сонымен қатар «Тарихи эпос», «Шыңжаң қазақ әдебиеті» монографиялары жарық көрген. 71 жыл бұрын (1943) филология ғылымының докторы, профессор, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты ӘШІМХАНОВА Светлана дүниеге келді. Алматы облысының Райымбек ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген. 1978 жылдан Қазақ мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі, аға ғылыми қызметкері болған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері ежелгі дәуірден 20-шы ғасырға дейінгі Батыс Еуропа әдебиетінің қалыптасып, даму аясын зерттеуге арналған. 40-тан астам ғылыми еңбегі жарық көрген. 68 жыл бұрын (1946) филология ғылымының докторы, профессор ЫСҚАҚҰЛЫ Дандай дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Қазақ КСР ҒА М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аспирантурасын бітіріп, осы институттың кіші ғылыми қызметкері, Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің аға оқытушысы, доценті, филология факультетінің доценті қызметтерін атқарған. Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінде қызмет істеді. Оның қазақ әдеби сынының тарихи, теориясы мәселелеріне арналған «Стиль сыры», «Дәстүр және жаңашылдық», «Әдеби-көркем сын», «С.Мұқановтың тағлымы», «Қансонар», «Әдебиет өрнектері», «Жанр», «Мұхтар Әуезов әлемі», «Сын шын болсын», «Мұхтар Әуезов: Талант пен тағдыр» атты еңбектері жарық көрді. 58 жыл бұрын (1956) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі НҰРҒИСАЕВ Серікбай Өрікбайұлы дүниеге келді. Алматы облысы, Іле ауданы, Жаңа арна селосында жұмысшы отбасында дүниеге келді. 1974-1980 жылдары - Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің студенті, 1980-1982 жылдары - №20 кәсіптік-техникалық училищесінің өндірістік оқыту шебері. 1982-1983 жылдары - №116 қалалық кәсіптік-техникалық училищесінің комсомол комитетінің хатшысы. 1983-1985 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Алматы облыстық комитетінің сектор меңгерушісі. 1985-1989 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті бөлім меңгерушісінің орынбасары, жауапты ұйымдастырушы. 1989-1991 жылдары - Алматы саясаттану және басқару институтының тыңдаушысы. 1991 жылы - Алматы қалалық халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің ұлтаралық қатынас және қоғамдық ұйымдармен байланыс бөлімінің меңгерушісі. 1991-1992 жылдары - Алатау аудандық халық депутаттары Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1992-1993 жылдары - Алматы қаласының Алатау аудандық әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары. 1993-1994 жылдары - Алматы қаласы Совет аудандық әкімшілігінің басшысы. 1994-1996 жылдары - «Глоба Казахстана» қаржы корпорациясының президенті. 1996-1999 жылдары - Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары. 1999-2004 жылдары - Қызылорда облысының әкімі. 2004-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің Алматы қаласындағы арнайы өкілі. 2005 жылы - «Нұр Отан» ХДП орталық аппаратының жетекшісі. 2005-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі әлеуметтік-саяси бөлімінің бас инспекторы. 2008-2012 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша аумақтық басқармасы мен Тәртіптік кеңесінің басшысы. 2012 жылдың қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты «Нұр Отан» ХДП мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған. «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталды. Мамандықтары - математик, саясаттанушы, экономист. Ғылыми дәрежесі - экономика ғылымдарының докторы, профессор. 58 жыл бұрын (1956) ҚР Конституциялық Кеңесінің мүшесі МАЛИНОВСКИЙ Виктор Александрович дүниеге келді. Алматы қаласында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген. Еңбек жолын С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті заң факультетінің мемлекеттік құқық және совет құрылысы кафедрасының ассистенті, аға оқытушысы, деканның орынбасары, Алматы саясаттану институтының мемлекеттік құрылыс және құқық кафедрасының доценті болып бастады. Қазақстан Республикасы Президенті мен Министрлер кабинеті аппаратының Мемлекеттік құқық бөлімінің референті, аға референті, Республика Конституциялық Сотының судьясы болып қызмет атқарды. 1995 жылдан 2006 жылға дейін заңгерлік академиясы - «Әділет» жоғары құқық мектебінің проректоры болып жұмыс істеді. Соңғы уақытта «Интерньюс-Қазақстан» мекемесінде заңгер, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университеті конституциялық құқық кафедрасының меңгерушісі болды. 137 жыл бұрын (1877-1927) американдық биші, Сергей Есениннің әйелі ДУНКАН Айседора дүниеге келді.
80 жыл бұрын (1934) Ресей және кеңестік театр мен кино актері, РСФСР халық әртісі ШАЛЕВИЧ Вячеслав дүниеге келді.
47 жыл бұрын (1967) ШУКШИНА Мария Васильевна дүниеге келді. Актер, режиссер, сценарист Василий Шукшин мен Лидия Федосеева-Шукшинаның үлкен қызы. Алғаш рет киноға 1969 жылы 1,5 жасында түскен. Әлі де фильмдерге, телевизиялық жобаларға түсуде.