28 маусым. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 28 маусым. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 28 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.

28 маусым, СЕНБІ Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні. Әуелде Тәуелсіз Қазақстанның журналистикасы күні 10 мамырда атап өтіліп келді. Себебі 1870 жылы дәл осы күні қазақ тіліндегі алғашқы басылым - «Түркістан уәлаяты газетінің» алғашқы саны жарық көрді. 1997 жылы бұл дата өзгертіліп, журналистердің кәсіби мерекесі БАҚ туралы қазақстандық алғашқы заң шыққан күн 28 маусымға белгіленді. Ол «Баспа және өзге де бұқаралық ақпарат құралдары туралы» ҚазКСР Заңы деп аталды. Сол жылдан бастап тілшілер мерекесі маусымның соңғы жексенбісінде атап өтіліп келді. 2011 жылдың қазанында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі кәсіби және басқа да мерекелер тізімінің жаңа редакциясын мақұлдады. Оған сәйкес, 28 маусым Байланыс және ақпарат құралдары қызметкерлері күні болып бекітілді. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 80 жыл бұрын (1934) Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік тұқымдық инспекция құрылды. 19 жыл бұрын (1995) ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Мұнай туралы» Заң күші бар Жарлығы шықты. 19 жыл бұрын (1995) Алматыдағы Чапаев көшесі Манас көшесі болып өзгертілді. 12 жыл бұрын (2002) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстан облысының Лениногор қаласының атауын Риддер деп өзгерту туралы Жарлыққа қол қойды. 9 жыл бұрын (2005) «Хабар» агенттігі, «Дегдар» қайырымдылық қоры мен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару жоғары мектебі түлектерінің бастамашылар тобы қазақстандық жоғары оқу орындарындағы журналистика факультеті студенттері арасында «Хабардың» бас директоры болған, марқұм Жанар Әбділдинаны еске алуға арналған байқау жариялау туралы шешім қабылдады. Байқаудың мақсаты - болашақ жас журналистерге қолдау көрсету, олардың белсенділігін арттыру. Жанар Әбділдина (1969-2005) Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс институтын және мемлекеттік басқару жоғары мектебін бітіргеніне қарамастан 500-ден астам адам қызмет ететін, басым көпшілігін журналистер құрайтын шығармашылық ұжымды шебер басқарды және оның қызметін жаңа деңгейге көтерді. 9 жыл бұрын (2005) Өскеменде «АгромашХолдинг» АҚ сервистік орталығының ашылу рәсімі өтті. «АгромашХолдинг» АҚ сервистік орталығы комбайндарды, тракторларды, қосалқы бөлшектерді, пестицидтерді тікелей және лизинг арқылы сатады, техниканы кепілдіктен кейін кешенді және кепілдік қызмет көрсету, механизаторларды оқыту және қайта мамандандыруды іске асырады. Сервис орталығы қызметінің басты идеясы - әрқашан кез келген техниканы шығарушы-зауыттың бағасымен алуға болатын «Агромаркет» желісін құру. «АгромашХолдинг» АҚ-ның 9 сервистік орталығы бар. Олар Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Алматы облыстарында орналасқан. Бұлардың орналасқан жері Қазақстанның ең ірі егінді алқаптары болып табылады. 7 жыл бұрын (2007) Алматыда қазақстандық «The Choice» серіктестігі Қазақстан Республикасында іскерлік әдебиеттің алғашқы баспаханасының ашылғанын жариялады. Жоба «Манн, Иванов және Фербер» ресейлік баспаханасымен бірге жұмыс істей бастады. Қазақстандық баспахана шығарған алғашқы кітап танымал ресейлік консультант Глеб Архангельскийдің тайм-менеджмент саласындағы «Тайм-драйв: как успеть жить и работать» атты еңбегі болды. 4 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. 4 жыл бұрын (2010) Ақтөбе өңіріндегі бірегей индустриалды-инновациялық жоба - «Ақтөберентген» акционерлік қоғамы «Дженерал электрик» компаниясымен бірлесе шығарған алғашқы қазақстандық компьютерлік томографтың тұсаукесері өткізілді. 3 жыл бұрын (2011) Ислам конференциясы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясы өтті. Форумға қатысушылардың алдында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. ЕСІМДЕР 88 жыл бұрын (1926-1994) гидротехника мамандығын меңгерген алғашқы қазақ әйелдерінің бірі, техника ғылымдарының кандидаты ЖАМАНМҰРЫНОВА Бибі Телқызы дүниеге келді. Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында туған. Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының гидромелиорация факультетін сталиндік стипендиямен үздік бітірген. Сол институттың су энергетикасы мен гидравликасы кафедрасында ассистент, Шымкент ауыл шаруашылығы техникумында, Шымкент технологиялық институтында оқытушы болған. 1960-1967 жылдары Алматыдағы Қазақ энергетикалық ғылыми-зерттеу институтында қызмет еткен. 1968-1981 жылдары Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтында оқытушы, гидротехникалық құрылыстар кафедрасының доценті, кәсіпті жетілдіру жөніндегі проректоры қызметтерін атқарған. Ғалым Әмудария өзеніндегі аса ірі Қызылаяқ гидроторабын жобалауға қатысқан. Ондаған ғылыми еңбектердің авторы. 75 жыл бұрын (1939) медицина ғылымдарының докторы, профессор ҚАСЕНОВ Қожантай Оразұлы дүниеге келді. Батыс Қазақстан облысында туған. Ақтөбе медицина институтын бітірген. 1964 жылдан Ақтөбе медицина институтының ассистенті, доценті, профессоры, кафедра меңгерушісі болған. Ғалым жылан уының ағзада иммунитеттің қалыптасуына тигізетін әсерін зерттеді. Бір және екі зиготадан (ұрықтан, аналық жыныс жасушасынан) дамыған эмбрионның серпіліс күшін салыстырып, оған сипаттама берді. Медицина ғылымының 12 кандидатын және 2 докторын даярлаған. 59 жыл бұрын (1955) техника ғылымдарының кандидаты, Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті профессоры, Қазақстан Республикасы спортының құрметті қайраткері НЫҒМАТУЛИН Арғын Зайроллаұлы дүниеге келді. Қарағанды қаласында туған. Қарағанды политехникалық институтын, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. 1977-1996 жылдары Қарағанды көмiр бассейні шахталарында басшылық қызметтер атқарған. 1996-2007 жылдары - Қарағанды облысы әкімі аппаратының басшысы, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі жылжымайтын мүлік орталығының директоры. 2007 жылдары - «Сарыарқа» хоккей клубының директоры, Қазақстан Республикасы Хоккей федерациясының атқарушы комитетінің мүшесі, 2012 жылдан Қарағанды облыстық мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі. «Құрмет» орденімен, медальдармен, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. 58 жыл бұрын (1956) философия ғылымдарының кандидаты, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі КАН Георгий Васильевич дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген. 1980-1988 жылдары осы институттың оқытушысы, аға оқытушысы болған. 1988-1991 жылдары - Алматы жоғары партия мектебінің доценті. 1991-1998 жылдары Қазақ КСР Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитет басқармасының бастығы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің доценті, аға ғылыми қызметкері, тарих факультетінің деканы, шығыстану кафедрасының меңгерушісі, профессоры. 1998 жылдан - «Әділет» жоғары құқық мектебінің саясаттану және экономика пәні кафедрасының меңгерушісі, Қазақстан тарихы, философия және әлеуметтану пәні кафедрасының меңгерушісі, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университеті саясаттану кафедрасының меңгерушісі. Қазақстан кәрістері қауымдастығының вице-президенті, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық кеңестің мүшесі болып табылады. Ол 100-ден астам ғылыми еңбектің және «Қазақстан кәрістері: тарихи очерктер», «Қазақстандағы кәрістердің тарихы» және «Қазақстан тарихы» кітаптарының авторы. Бірнеше медальдармен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған. 57 жыл бұрын (1957) ҚР Өңірлік даму министрі ЖӘМІШЕВ Болат Бидахметұлы дүниеге келді. Алматы облысы Гвардия ауданының Алтынемел ауылында туған. 1981 жылы Қазақ Ауыл шаруашылығы институтын, Қазақ экономика және АӨК ұйымдастыру ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітірді, экономика ғылымдарының кандидаты. 1974 жылдан бастап Қазақ экономика және АӨК ұйымдастыру ғылыми-зерттеу институтында ғылыми қызметкер, ғылыми хатшы болып жұмыс істеді. Мемлекеттік қызметті 1993 жылдан Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінде бастады. Зерттеулер және статистика департаменті директорының орынбасары, Перспективалық зерттеулер орталығының директоры болып қызмет атқарды. 1997 жылы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ұлттық зейнетақы агенттігінің төрағасы етіп тағайындалды. 1997 жылдан бастап 1999 жылды қоса алғанда Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі. 1999-2001 жылдары, сондай-ақ 2002-2003 жылдары Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі және бірінші қаржы вице-министрі болып жұмыс істеді. 2001-2002 жылдары Қазақстан Республикасының Ішкі істер вице-министрі. 2003-2004 жылдары Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары. 2004-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің төрағасы. 2006-2007 жылдары - Еуразия Даму Банкі басқарма төрағасының орынбасары - Жобалау қызметі жөніндегі басқарушы директор. 2007 жылғы 13 қарашадан бастап Қазақстан Республикасының Қаржы министрі болды. Қазіргі таңда ҚР Өңірлік даму министрі. Арнайы және мерзімді басылымдарда экономикалық мәселелер жөніндегі ғылыми жарияланымдары жарық көрді. «Құрмет» орденімен, мерейтойлық медальдармен марапатталды. 55 жыл бұрын (1959) танымал суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі НАЗАРҚҰЛ Аманат дүниеге келді. Жамбыл облысында туған. Алматы көркемсурет училищесін, В.Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік академиялық көркемсурет институтын бтірген. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің аға оқытушысы қызметін атқарған. Қылқылам шеберінің «Қорқыттың үш бұлағы», «Азия бибі», «Бабалар рухы», «Үш грация», «Томирис», «Түнгі жолаушы», «Аралды аңсау», т.б. туындылары бар. Оның өнер туындылары Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың, Мәскеу мэрі Ю.Лужковтың жеке коллекциясында сақтаулы. 65 жыл бұрын (1949) ресейлік актер, режиссер, қоғам қайраткері, Ресейдің халық әртісі ПАНКРАТОВ Александр Васильевич дүниеге келген.