29 шілде — Халықаралық жолбарыстар күні

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда бір кездері қазақ даласының айбынына айналған Тұран жолбарысын тарихи мекеніне қайта жерсіндіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба жойылып кеткен жыртқышты оралтумен қатар, Іле-Балқаш өңірінің табиғи экожүйесін қалпына келтіруге бағытталған маңызды экологиялық бастама болып есептеледі.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, Тұран жолбарысы кезінде қазақ даласын еркін кезген. Алайда адам әрекетінің салдарынан жыртқыш туған мекенінен біржола жойылып кеткен.

Қазіргі уақытта Қазақстан Тұран жолбарысын тарихи мекеніне қайтару бойынша халықаралық деңгейдегі ауқымды жобаны жүзеге асырып келеді. Оның негізгі алаңы — «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты. Мұнда жолбарыстың өмір сүруіне қолайлы табиғи орта қалыптастыру, қорек қорын көбейту және биоалуантүрлілікті сақтау бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Жоба аясында 2024 жылы Нидерландтан алғашқы Амур жолбарыстары жеткізілсе, 2026 жылы Ресей Федерациясынан тағы бірнеше дарақ әкелінді.

Қазіргі уақытта резерват аумағындағы арнайы вольер кешенінде жалпы саны алты жолбарыс бейімделу кезеңінен өтіп жатыр. Бұл — жануарларды болашақта табиғи ортаға жіберуге дайындықтың маңызды кезеңі.

— Жолбарыс — жай ғана жыртқыш емес. Ол — табиғаттың күш-қуатын, еркіндігін және экожүйенің саулығын білдіретін маңызды белгі. Жолбарыс бар жерде табиғаттың тепе-теңдігі сақталады, — делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда жаңа туған амур жолбарыстарына «Арыстан патша» кейіпкерлерінің есімі берілгенін хабарлағанбыз.