Дәстүрлі Жолдау еліміздің ішкі жағдайы мен сыртқы саясатының негізгі бағыттарына арналды.
Еске сала кетейік, Елбасы алғашқы Жолдауын 1996 жылдың қазан айында жолдаған болатын.
«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын биылғы Жолдау әлеуметтік желіде көп талқылауға ие болды. Елдің жағдайы мен хал-ахуалына бей-жай қарамайтын кез келген азамат бұл Жолдауды оқып шыққан болар.
Осы орайда алдымен, жаңғыру, яғни модернизация деген сөзге анықтама берейік. Себебі, желідегі қызу талқылау барысында бірінші және екінші модернизация нәтижесін көріп, сараптағысы келген адамдар қатары аз болмаған-тұғын.
«Жаңғыру»- артта қалған елдердің алдыңғы қатардағы елдердің деңгейіне жетуге бағытталған мемлекеттің саясаты.
Естеріңізде болар, Жолдауда да айтылды, осыған дейін еліміз екі мәрте жаңғырды. Бірінші кезеңі 1992-1997 жылдар аралығы болатын. Біз осыдан «25 жыл бұрын КСРО-ның қирандысынан шығып», қазіргі заманғы «әлем картасында болмаған жаңа мемлекет» құрдық. Қоғамдық сана қайта қалыптасып, «жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көштік». Бүгін тура 20 жыл өткен соң, сол кезде таңдалған саяси, әлеуметтік-экономикалық және сыртқы саяси дамудың бағыттары өз тиімділігін дәлелдей алғандығын айтсақ болады.
Екінші жаңғыру - дүниетанымымызға маңызды серпіліс әкелген «Қазақстан-2030» стратегиясының қабылдануымен және жаңа елорда - Астананың салынуымен басталды».
Соның арқасында бүгінгі таңда әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарынан алға ұмтыла отырып, дамыған 30 елдің қатарынан табылуды мақсат еттік. Қол жеткізген жетістіктеріміз бен алған асуларымыз аз емес.
Кеше ғана 57 мемлекеттен 2000 спортшы келіп, елімізде өтіп жатқан «Универсиада-2017» қысқы олимпиада ойындарына қатысты. Жазда өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне кем дегенде 100 мемлекеттен 5 млн.нан астам қатысушы келмекші. Өткен айда Таяу Шығыстағы ең маңызды, ең өткір проблемалардың бірі - Сирияаралық келіссөздерді өткізіп, Астанада қаншама елдің делегаттарының басын қостық. Байқасаңыздар, біз сонау 1991 жылы қирандының үстінен құрылған елден әлдеқайда алыстап, қарыштап кеттік.
Жалпы қазақ елі ғана емес, бүкіл «әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді».
Осы орайда, Елбасымыз «Қазақстанды Үшінші жаңғырту жөнінде міндет қойып отыр». «Болашағын айқындап, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді» деп, «Елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру» міндеті тұрғандығын баса айтуда.
Үшінші жаңғыру бес басымдық негізінде жүзеге аспақ.
- Бірінші басымдық - экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы;
- Екінші басымдық - бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту;
- Үшінші басымдық - макроэкономикалық тұрақтылық;
- Төртінші басымдық - адами капитал сапасын жақсарту;
- Бесінші басымдық - институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты.
«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты ЖолдауыЕлбасымыздыңалдағыҮндеулерінің қисынды жалғасы іспеттес. Сонымен бірге бұл Жолдау - перспективалық болашаққа бастайтын сенімді көпір.
Нәтижесін, жемісін жақын болашақта бүгінгіден де қуатты, бәсекеге қабілетті, өзіне сенімді, әл-ауқатты ел ретінде татитын боламыз деген сенімдемін.