***
«Егемен Қазақстан» газетінде «Құттықтау жеделхатын жолдады» деген материал берілген. Атап айтқанда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Георгий Маргвелашвилиге оның Грузия Президенті лауазымына сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады.
Жеделхатта Қазақстан Президенті Г.Маргвелашвилидің жоғары мемлекеттік лауазымдағы қызметі Грузияның одан әрі жан-жақты дамуы мен өркендеуіне септігін тигізетініне сенімін білдірді.
«Қазақстан мен Грузия арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық біздің елдеріміз халықтарының игілігі үшін өзара сенім мен құрмет жағдайында алда да дами беретініне сенемін», - деп атап өткен Мемлекет басшысы.
Бас басылымының жазуынша, кеше қуанышты хабар жетті. 14 жастағы қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева 2014 жылғы ақпан айында Сочиде өтетін XXII Қысқы Олимпия ойындарының көрсетілім сынағына қатысатын болыпты. «Біз Лиза туралы алғаш рет бұдан 2 жылға жуық уақыт бұрын, 2011 жылғы желтоқсан айында, ол Германияның Дортмунд қаласында жасөспірімдер арасында болып өткен халықаралық турнирде қола жүлде жеңіп алған кезде жазғанбыз. Сол жолы 11 жасар қыздың Қызылорда облысындағы Арал қаласының тумасы екенін де баяндаған едік. Лиза бала жасынан спортқа, соның ішінде мәнерлеп сырғанауға қызығып өсіпті. Қызының осындай ынтасын білген әкесі Байтақ Тұрсынбаев Мәскеу қаласына көшіп барады. Оның Лизадан жасы үлкен Тимур атты ұлы да бар екен. Қазір төрт адамнан тұратын отбасы Ресей астанасында тұрып жатыр»,-деп жазады мақала авторы «Үкілі үміт» деген тақырыппен берілген мақалада. «Менің қызым 14-ке енді ғана толатын болғандықтан, Олимпия ойындарының мәнерлеп сырғанаудан ересектер арасында өтетін негізгі жарысына жіберілген жоқ. Сондықтан ол мұнда тек көрсетілім сынағына қатысады», - деп түсіндірді Элизабеттің әрі менеджері болып табылатын әкесі Байтақ. Оның айтуына қарағанда, Лиза қазір алдағы желтоқсан айының 5-і мен 8-і аралығында Жапонияда өтетін жасөспірімдердің әлемдік Гран-приінің финалына дайындалып жатқан көрінеді. Еске сала кетейік, ол осы Гран-придің таяуда Минскіде өткен кезекті кезеңінде екінші орыннан көрінген еді.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Мемлекеттік университеттер жекешелендіріледі» деген мақала жарияланды. Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов осындай мәлімдеме жасады. Жақында білім беру саласының басшысы ауысқаны мәлім, ал жаңа басшының өз жаңалықтарымен келетіні де анық. Содан халық жаңа білім және ғылым министрінің қандай жаңа реформа бастайтынын күткен. Аслан Сәрінжіпов Министрлер кабинетінің кешегі отырысында өз ұсыныстарын жайып салды. Оларды министр алдағы екі жыл ішінде жүзеге асырмақ ниетте. Енді мемлекеттік университеттер жекешелендірілетін болады. БҒМ-ның жаңа басшысы «жүйелі шешім» ұсынылып отырғандығын хабарлады, ол ЖОО-ларды мемлекеттік меншіктен шығаруды қарастырады, сондай-ақ жоғары оқу орындары арасында «қаржылық ресурстар, студенттер, профессор мен оқытушылар» үшін күресті, бәсекені күшейту мақсатында оларға дербестік беруді көздейді.
«2015 жылдың ортасында, дәлірек айтқанда, 17 маусымда Қазақстан әлемнiң 119 елiмен қатар цифрлы хабар тарату жүйесiне көшедi. Межелi мерзiмге 1 жыл 6 ай қалғанымен, қазақстандықтардың басым бөлiгi хабар таратудың осы түрімен толық хабардар емес екен, тіпті бұл жайында мүлдем бейхабар адамдар да бар көрінеді. Бұл туралы Астанада өткен «Сандық дәуірдегі телевизия: қазақстандық болмыс пен жаһандық үрдіс» атты форумда айтылды»,-деп жазады «Айқын» басылымы «Сандық хабар таратуға көшіп үлгереміз бе?» деген тақырыппен берілген мақалада. Цифрлы телевизияның пайдасы, отандық телеарналар өнімі еліміздің шалғай өңірлері үшін де қолжетімді болады, телеарналар пакеті артады. Мысалы, бүгінгі таңда еліміздің оңтүстік өңірінде отандық арналардың бәрі бірдей көрсетілмейді, есесіне өзбекстандық арналардың үстемдігі байқалады. Ал цифрлы телевизия өз-ағалардың телевизиялық өнімдерін ығыстыруға мүмкіндік береді.
***
«Алаш айнасы» газетінің бастапқы бетіндегі «Қазақстанға сыраханада ағылшын тілін меңгерген мамандар не береді?» деген мақалаға кешегі Үкімет отырысында білім және ғылым министрінің жасаған баяндамасы негізге алынған. «Қазір технологиялар жыл сайын жаңарып тұрады. Сондықтан болашақта біз білмейтін мамандықтардың болатынын ескеріп, балаларды соған қарай дайындау қажет», - дейді Аслан Сәрінжіпов. Осы тұста шу еткен журналистердің «Ол қандай мамандықтар?» деген сұрағына министрдің: «Мен тіпті соны өзім де білмеймін», - деп жауап берген екен. Ал «Болашақ» түлектері білімі сапасына сын таққан Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы шетелден оқып келген мамандарды сыраханада отырып ағылшын тілін үйренгендер деп салды.
Сонымен қатар министрдің қазақ тілді білім ордаларын көбейтеміз дегені көпті қуантып тастапты. «Біз қазақ тілін дамыту ісіне ерекше ден қоятын боламыз. Болашақта қазақ тілінде сабақ беретін оқу орындары көбейеді. Ондай балабақшалар - 2 мыңға, мектептер - 4 мыңға, ал колледждердің саны 150-ге дейін жететін болады», - дейді Аслан Сәрінжіпов.
Газеттің тұрақты «Ой көкпар» айдары «Тұрғындарды су-газ электр қуатымен қамтамасыз етуді жекеменшіктен алып мемлекеттік кәсіпорындарға жүктеу керек пе?» деген сауалға арналған. Расында бұл қызметтердің мемлекет белгілеген бағасы жекеменшікке келгенде екі, тіпті үш есеге өсіп кететіндігі белгілі. Бұл ретте заңгер Дәурен Арын: «Нақ қазір инфрақұрылымы дамымаған елді мекендерде жұрт өз күшімен тұрғын үй салып алып жатыр. Ол баспананың құрылыс жұмысы өз алдына, газ, су, электр жарығын тартып алу үшін сол жекелеген тұрғынның қалтасынан 5-6 мың доллар қоса шығады. 1. G-4 газ есептегiшiнiң орнатылуымен - 97 735 теңге; 2. G-6 газ есептегiшiнiң орнатылуымен - 117 972 теңге болуы керек. Бұл «ҚазТрансГаз» АҚ ұсынып отырған ресми баға. Ал енді бұл бағаны жекелеген компаниялар өз еріктеріне салып мың құбылтып аспандатады. Жекелеген компаниялар бұл мәселеде өздерінің пайдасын ғана ойлап қызмет етуде. Себебі олар жекеменшік компаниялар болған соң өз жұмысын, шығындарын өздерінің пайдасына қарай есептейді» десе, экономист-ғалым Тоғжан Шаяхметова қарақұрым мемлекеттік кәсіпорындарды қаптата беру мәселені шешпейтіндігін алға тартуда.
«Алаш айнасы» басылымының «Қоғам» бетіндегі «3 миллион бала аборттың құрбаны болмағанда қазақ 20 миллионға жетер еді...» деген мақалада 20 жылдың ішінде Қазақстанда үш миллион бала тумай жатып, о дүниелік болып, аборттың құрбанына айналғандығы, ал сол үш миллион бала туылғанда бүгіндері қазақтың саны 20 миллионға жететіндігі өкінішпен айтылып, көрші елдердің статистикасы мысалға келтіріліп, жасанды түсікке заңды түрде тыйым салу мәселесі ұсынылады.