30 маусым. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 30 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.

30 маусым, ДҮЙСЕНБІ Конго Демократиялық Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні. Конго Орталық Африкада орналасқан. Батысында және солтүстік-батысында Конго Республикасымен, солтүстігінде Орталық Африка Республикасымен, солтүстік-шығысында Суданмен, шығысында Уганда, Руанда, Бурунди, Танзаниямен, оңтүстігінде Замбиямен, оңтүстік-батысында Анголамен шектеседі. Әкімшілік жағынан 11 провинцияға бөлінеді. Елде 200-ден астам этникалық топтардың өкілдері тұрады. Астанасы - Киншаса қаласы. Ресми тілі - француз тілі. Ақша бірлігі - конго франкі. Беларусь елінде экономист күні. 2000 жылғы ақпанның 2-сінде Беларусь Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген. Жыл сайын атап өтіледі. Астананың 16 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралардың кестесі 19.00 - «La Scala» театрының «Дон Кихот» қойылымы. «Астана опера» опера және балет театры ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 95 жыл бұрын (1919) Өскемен түрмесіндегі саяси тұтқындар колчакшыларға қарсы көтеріліс ұйымдастырды. 31 жыл бұрын (1983) Қазақ КСР-нің Тұрғын үй кодексі қабылданды. 9 жыл бұрын (2005) С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде әлеуметтік зерттеу орталығы құрылды. Орталық халықты әлеуметтік қорғаудың жаңа технологияларын және атаулы әлеуметтік көмек жүйесін жақсарту ұсыныстарын құрастырады. 7 жыл бұрын (2007) Астанада Бейбітшілік және келісім сарайының алдында Халықтар достығы монументі ашылды. Монументтің салтанатты ашылу рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен елімізге жұмыс сапарымен келген Испания Королі Хуан Карлос І және Королева София қатысты. Аталған ескерткіштің авторлары - суретші Төлеуғазы Байғалиев, сәулетші Саматбек Тәженұлы, мүсінші Асқар Нартов. Ескерткіштің биіктігі 21 метр. Оның жоғарғы жағында еліміздегі саны 100 мыңнан асатын қазақ, орыс, неміс және кәріс ұлты қыздарының шаңырақты көтеріп тұрған мүсіні бейнеленген. Ескерткіштің ортасында Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстардың санына сәйкес керегелер мен масақ орналасқан. 5 жыл бұрын (2009) Астанадағы Тәуелсіздік сарайы және «Қазақ елі» монументі орналасқан Манас көшесінің аты Тәуелсіздік даңғылы деп өзгертілді. 5 жыл бұрын (2009) Ақмола облысы Целиноград ауданы Ақмола ауылындағы «Ақмола-Феникс» АҚ кеңсесінде Социалистік Еңбек Ері Иван Шарфты мәңгі есте сақтау мақсатымен мемориалды тақта ашылды. Иван Иванович Шарф (1930-2008) Қарағанды педагогикалық институтынан кейін ұстаздық етіп, соңынан Целиноград зооветеринарлық техникумында, Целиноград ауыл шаруашылығы институтында білімін жалғастырған. Еңбек жолын мектепте мұғалімдіктен бастап, талай жылдар қоғамдық, партия ұйымында, шаруашылық басшысы қызметтерінде жоғары бағаға ие болған. 1975 жылы Целиноград құс өсіру жөніндегі өндірістік бірлестіктің бас директоры қызметіне тағайындалған. Ол 1993 жылы «Ақмола-Феникс» акционерлік қоғамы болып қайта құрылған болатын. 1986 жылы Социалистік Еңбек Ері атанды, кейіннен «Құрмет белгісі», «Октябрь революциясы» ордендеріне ие болды. «Ақмола-Феникс» - елорданы құс етімен, жұмыртқамен, ұн және нан өнімдерімен тұрақты қамтамасыз етіп келе жатқан өндіріс орталығы. 4 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілерін «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» Кодекске сәйкес келтіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кедендік реттеу және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. ЕСІМДЕР 201 жыл бұрын (1813-1891) қазақтың көрнекті суырыпсалма ақыны БЕРТАҒЫҰЛЫ Орынбай дүниеге келді. Ақмола облысында туған. 13 жасынан өлең шығарып, сол кездегі белді ақындармен айтысқа түскен. Оның талантын Ш.Уәлиханов, В.Радлов, поляк зерттеушісі А.Янушкевич, Ы.Алтынсарин, С.Сейфуллин жоғары бағалаған. Оның өлеңдері жинақ болып жарыққа шықты. 113 жыл бұрын (1901-1991) геолог, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының, Лениндік сыйлықтың лауреаты МЕДОЕВ Георгий Цараевич дүниеге келді. Солтүстік Осетия Республикасының Дигора қаласында туған. Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) кен институтын бітірген. Қазақ геология тресінде, Семей геологиялық-барлау техникумында еңбек еткен. 1936 жылдан өмірінің соңына дейін қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде және Қазақстан ғылым академиясының Геология институтында қызметтер атқарған. Негізгі ғылыми еңбектері Қазақстанның геологиясы мен геоморфологиясын, тектоникасын, вулканизмдерді, соның ішінде, Қарағанды көмір алабының геологиялық құрылысын зерттеу мәселелеріне арналған. Сондай-ақ ол Орталық Қазақстанның металлогения картасын жасауға қатысқан. «Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған. 101 жыл бұрын (1913-1987) театртанушы, өнертану ғылымдарының докторы, Ресейдің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері КАЙДАЛОВА (Олидор) Ольга Николаевна дүниеге келді. Мәскеу қаласында туған. Мәскеу Театр өнері институтын, СОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасын бітірген. 1930-1949 жылдары Мәскеуде әр түрлі мәдениет мекемелерінде қызмет жасаған. 1952-1971 жылдары - «Кеңес энциклопедиясының» Театр, музыка және кино редакциясының меңгерушісі. 1957-1961 және 1972-1983 жылдары КСРО Мәдениет министірлігінің Бүкілодақтық өнер бөлімі ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметін атқарған. Кайдалованың еңбектерінде КСРО халықтары, соның ішінде қазақ театр өнері мәселелері туралы жазылған. 95 жыл бұрын (1919) ветеринария ғылымының докторы, профессор НОВАК Дмитрий Драгутинович дүниеге келді. Алматы облысында туған. Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтын бітірген. 1970-1986 жылдары Қазақ мал дәрігерлік ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі, ғылыми консультанты қызметтерін атқарған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері эпизоотология мәселелеріне арналған. Ол Қазақстанда мал туберкулезінің эпизоотологиясын, осы ауруды емдеу, анықтау, одан сақтану мәселелерімен шұғылданды. І дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, медальдармен марапатталған. 73 жыл бұрын (1941) жазушы, журналист, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ЮСУП Кеңес Сіләмханұлы (Түсіп Рахметуллин) дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында туған. Семейдегі өзен шаруашылығы училищесін тәмамдап, Жоғары Ертіс кеме шаруашылығында еңбек етті. Кейін Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) журналистика факультетін бітірді. 1968-1996 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінде, «Қазақстан коммунисі» (қазіргі «Ақиқат»), «Жұлдыз» журналдарында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарған. 1997 жылдан Қазақстан Республикасы Президенті Баспасөз қызметінің бас сарапшысы қызметін атқарған. Жазушының «Ақиқат сапар», «Қарашадағы көктем», «Охапка полевых цветов» повестері мен әңгімелер жинағы, «Желқайық» кітабы жарық көрген. Сонымен қатар оның терминология, қазақ тілінде іс жүргізу мәселелеріне арналған «Құжат тілі» кітабы 2001 жылы Павлодар облыстық «Алтын тіл» бағдарламасы шеңберінде жарық көріп, «Жалын» баспасы ұйымдастырған жабық бәйгенің екінші жүлдесін жеңіп алған. Сондай-ақ «Анықтама сөздігі», «Екі тілде іс жүргізу» атты кітаптары шыққан. Габриель Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романын, болгар жазушыларының «Гүлжазира» әңгімелер мен повестер жинағын қазақ тіліне аударған. Бірнеше медальдармен марапатталған. 65 жыл бұрын (1949) Қазақстан Композиторлар одағы Оңтүстік Қазақстан облыстық филилалының директоры, композитор, халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардың лауреаты ІЗТАЙ Тұрдықылыш дүниеге келді. Түркіменстанның Тахтабазар ауданында туған. Шымкент музыка училищесін, Құрманғазы атындағы консерваторияны, Ленинградтағы Н.Крупская атындағы мәдениет институтының аспирантурасын бітірген. 1973-1994 жылдары - Әл-Фараби атындағы Шымкент мәдениет институтының халық аспаптар кафедрасының доценті. 1994 жылдан Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі, халық аспаптар оркестрінің дирижері қызметтерін атқарған. Жиырмадан астам ғылыми және оқу әдістемелік жұмыстарының авторы. Әндері жеке альбом болып «Махаббат - өмір» деген атпен жарық көрді. Т.Ізтай облыстық мәслихаттың грамотасымен марапатталып, облыс әкімі белгілеген «2000 жылдың ең үздік композиторы» атағын алған. 65 жыл бұрын (1949) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ Ханбибі дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында туған. Еңбек жолын ұстаздық қызметтен бастаған. 1971-1976 жылдары - Сарыағаш аудандық «Қызыл Ту» газетінің қызметкері. 1976-1980 жылдары - Облыстық телерадиокомитетінің редакторы. 1980-1987 жылдары - облыстық халық шығармашылығы орталығының бас маманы. 1987-2007 жылдары - облыстық «Қайырымдылық» қорының төрайымы, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы, облыстық мәдениет басқармасының бастығы, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның директоры қызметтерін атқарған. Шымкенттегі саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының директоры. «Қанат қақты», «Бұлтсыз аспан», «Жұлдызым», «Жангүлім», «Жан айқайы», «Махаббат мәңгілік», «Жыр кітабы», «Сыр кітабы», «Шындыққа қарай жүздім» атты прозалық кітаптардың авторы. «Парасат» орденімен және «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталған. 60 жыл бұрын (1954) кинорежиссер, Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ӘЗІМОВ Сергей Жұмабайұлы дүниеге келді. Өзбекстан Республикасында туған. Бүкілодақтық кинематография институтын бітірген. «Қазақфильм» киностудиясының кинорежиссері, Қазақстан Кинематографияшылар одағының хатшысы, Қазақстан Республикасы Президенті баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1997-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені бас директорының орынбасары, Алматы телеорталығының директоры. 2001-2002 жылдары - «Хабар» агенттігінің бас продюсері. 2002-2007 жылдары Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық компаниясының бас директоры. «Шеңбер», «Ұлдар», «Мен Абайды әке деймін», «Қиянат», «Астана - жаңа ел ордасы», «Мүмкін емес ештеңе жоқ», «Бейтаныс Назарбаев», т.б. толық және қысқаметражды деректі фильмдерді қойып, кейбірінің сценарийін жазды. 43 жыл бұрын (1971) шахматтан халықаралық дәрежедегі шебер БАЛАБАЕВ Тимур Фаритұлы дүниеге келді. Алғашқы жаттықтырушысы - әкесі, Балабаев Фарит Ғазизұлы. Қазақ мемлекеттік университетінің механика және қолданбалы математика факультетін бітірген (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті). Сібір, Орталық Азия және Қиыр Шығыс студенттер спартакиадасының ҚазМУ командасы құрамындағы жеңімпазы (Алматы, 1992). Новокузнецк қаласында өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы (2002, Чехия)