30 тамыз. Туған күн иелері

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 30 тамыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

116 жыл бұрын (1902-1966) кеңестік партия және мемлекет қайраткері, қазақ кеңестік партия номенклатурасының негізін қалаушы ШАЯХМЕТОВ Жұмабай Шаяхметұлы дүниеге келді.

Ресей Федерациясы Омбы облысының Шарбақты ауданында туған.

Полтавкадағы екі сыныпты қазақ-орыс училищесін бітірген (1917 ж). Мәскеудегі Н. Нариманов атындағы Шығыс институтында оқыған. Ж. Шаяхметов тарихи отанындағы еңбек жолын Текелі болыстық атқару комитетінің хатшысы болып бастап (1921-1923 жж.), уездік атқару комитетінің іс жүргізушісі болды. Халық ішкі істер комиссариатында 10 жыл жұмыс істеп, жедел уәкілдің көмекшісінен облыстық басқарма бастығының орынбасарлығына дейін өсті (1936 ж). 1938 жылы маусымда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің үшінші хатшысы болып сайланды. Бір жылдан кейін екінші хатшылыққа көтеріліп, Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстан бойынша Мемлекеттік қорғаныс комитетіне басшылық жасады.

1946 жылы сәуірде ол Қазақстан Компартия Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Бұл уақыт соғыстан кейінгі ауыр кезең болатын. Шаяхметов басшылықта болған кезде Қазақстан халқы артта қалған, ашаршылық пен саяси қуғын-сүргінді және соғысты бастан кешірген кезеңнен өтіп, аздап болса да ес жия бастаған болатын. 1946 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы құрылды, жоғары оқу орындарының ғылыми-техникалық базасы нығайды, жаңа оқу орындары ашылды. Бұрынғы ұсақ ұжымшарлар біріктіріліп, жаңадан кеңшарлар құрыла бастады.

1937-1949 жылдары республика КСРО-ның түкпір-түкпірінен қуғынға ұшыраған халықтар (Солтүстік Кавказ халықтары, немістер, корейлер, т. б.) зорлықпен көшіріліп әкелініп, Қазақстан көп этносты өлкеге айналды. Ж.Шаяхметов «Медеу» мұз айдынының, Шымбұлақ спорт базасының салынуына да көп еңбек сіңірді. Сондай-ақ, ол кеңес империясы парламенті палатасының бірі - КСРО Жоғары Кеңесі Ұлттар кеңесінің төрағасы болған және 1950 жылы КСРО-ның «Бейбітшілік туралы заңына» қол қойған бірінші қазақ.

1953 жылы КСРО-ны ұзақ жылдар басқарған И. Сталин қайтыс болды. Осыған байланысты Мәскеуде болған саяси тартыстардан кейін билікке Н.Хрущев келді. Ол КСРО-ны азық-түлік жетіспеушілігінен аман алып қалу үшін Қазақстан мен Батыс Сібірдің тың және тыңайған жерлерін игеру қажет деп есептеді. Шаяхметов өз кезегінде Қазақстанның географиялық ерекшеліктерін және осыған байланысты қазақ халқының негізінен мал шаруашылығымен айналысқанын ескере отырып, жерді жаппай жыртуға қарсылығын білдірді. Сондықтан Ж. Шаяхметов орнынан алынып, 1954-1955 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне дейін төмендетілді.

2002 жылы мемлекет қайраткері тұрған үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды. Сол жылы соғыс ардагері Қасым Мұхаметқалиев пен журналист Ермек Зәңгіров құрастырған Ж. Шаяхметов туралы естеліктер жинағы, журналист Мәдат Аққозиннің «Вернуть из забвения» атты кітабы жарық көрді. Ж. Шаяхметов үш мәрте «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.

63 жыл бұрын (1955) Алматы облысы Іле ауданының әкімі МЕДЕУОВ Қыдыркелді Өміржанұлы дүниеге келді.

Алматы облысы Қаскелең ауданы, Шамалған ауылында дүниеге келген. 1974-1979 жылдар аралығында Қазақтың Еңбек Қызыл ту орденді ауыл шаруашылық институтын тәмамдаған. 
1979-1981 жылдары Алматы облысы, Қаскелең ауданы Жандосов атындағы кеңшардың спорт әдіскері, кейіннен сол шаруашылықтың №8 бригадасының бригадирі, аға агрономы болып қызмет атқарды. 1981-1985 жылдары №6 Ұзынағаш селолық кәсіптік-техникалық училищесінің директоры. 1988-1994 жылдары №11 селолық кәсіптік-техникалық училищесінің директоры. 1988-1994 жылдары Жандосов атындағы кеңшардың бас агрономы, Шамалған ауылдық әкімшілігінің басшысы, Қаскелең аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы. 1995-1998 жылдары «Асар ЛТД» ЖШС директоры. 1998-2001 жылдары облыстық жер ресурстарын басқару комитетінің Қаскелең аудандық филиалының төрағасы. 2001-2005 жылдары Алматы облыстық жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы, Алматы облыстық аумақтық жер ресурстарын басқару басқармасының бастығы. 2005-2011 жылдары Қаратал ауданының әкімі, 2011-2014 жылдары Райымбек ауданының әкімі.

2014 жылдың тамызынан бері қазіргі қызметінде. 

57 жыл бұрын (1961) ҚР Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы ҚАЗБЕКОВА Меруерт Айтқажықызы дүниеге келді.

Көкшетау қаласында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын (1983), «Тұран» университетін, РФ Президенті жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясын бітірген. Саяси ғылымдардың кандидаты. 1983 - 1985 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік сақтандыруда инженер-экономист болып жұмыс істеген. 1986 - 1989 жылдары Көкшетау қалалық атқару комитетінде инженер-экономист, экономист, аға экономист болып жұмыс істеген. 1991-1992 жылдары - Көкшетау қаласында шаруашылық есептік-экономикалық топ жетекшісі. 1992-2006 жылдары - «Тілектес» ЖШС-нің директоры, «АВЗ - 007» ЖШС-нің қаржылық директоры. 2006-2008 жылдары - «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ Қаржы департаментінің басқарма бастығы. 2008 жылдан бастап «Қазақстанның кәсіпкер әйелдер одағы» Қоғамдық бірлестігінің төрайымы. 1998-2002 жылдары - Іскер әйелдер қауымдастығының Ақмола облыстық бөлімшесінің төрайымы (қоғамдық негізде). 2000 жылы АҚШ-та тағылымдамадан өткен. 2001 жылы АҚШ-та «SАBIT» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өткен. 2002-2006 жылдары - Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының төрайымы (қоғамдық негізде). 2012 жылғы қаңтардан бастап бесінші және 2016 жылдың наурыз айынан бастап алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы. 2002 жылдан «Ақ жол» ҚДП мүшесі. 2002 - 2005 жылдары «Ақжол» ҚДП-ның Ақмола облыстық бөлімшесінің төрайымы. 2012 жылдан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «Ақ жол» ҚДП фракциясының мүшесі. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталған.

158 жыл бұрын (1860-1900) орыс суретшісі, реалистік пейзаж шебері ЛЕВИТАН Исаак Ильич дүниеге келді.














147 жыл
 бұрын (1871-1937) ағылшын физигі, атом құрылысы және радиоактивтілігі туралы ілімді жасаушылардың бірі, Нобель сыйлығының лауреаты РЕЗЕРФОРД Эрнест дүниеге келді.










64 жыл
 бұрын (1954) Беларусь Республикасының президенті Александр ЛУКАШЕНКО дүниеге келді. Витебск облысының Оршан ауданында Копысь кентінде туған. 1975 жылы Могилев педагогикалық институтын, ал 1985 жылы Беларусь ауыл шаруашылығы академиясын бітірген. Армиядағы қызметін өтегеннен кейін комсомол, партия және шаруашылық жұмыстарында болды.1990 жылы депутаттық қызметін бастап, үш жыл бойы уақытша парламенттік комиссияда өкімет органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті басқарды. 1994 жылы алғашқы рет Беларусь Республикасының Президенті болып сайланды. 2001 жылы екінші мерзімге сайланды, 2004 жылғы қазанда үшінші референдум өткізіп, Конституциядағы бір адамның мемлекетті басқаруға екі мерзіммен шектелетін бабы алынып тасталды. Бұл Лукашенкоға тағы да мемлекет басшысы қызметіне сайлауға қатысу құқығын берді. 2006 жылы сайлаушылардың 83 пайызының дауысын жинап, үшінші рет жоғарғы мемлекеттік орынтаққа сайланды. 2010 жылғы желтоқсанда Лукашенко төртінші рет Беларусь президенттігіне сайланды. 2015 жылы қазанда бесінші рет президент болып сайланды.