31 ШІЛДЕ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 31 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.

31 шілде, БЕЙСЕНБІ Африка әйелдерінің күні. 1962 жылы Бүкілафрикалық әйелдер конференциясының ұйымдастыруымен бекітілген. Гавайи туының күні. Гавайи туын монарх ойлап тапқан. 1816 жылы Ұлы Камеамеа патшасы ұлттық байрақтың дизайнын ұсынды. Горизонтальды түрде кезек-кезегімен орналасқан ақ, қызыл және көк сызықтар штаттың негізгі сегіз аралын - Оаху, Мауи, Ланаи, Кауаи, Кахоолаве, Молокаи, Ниихау және Үлкен аралды білдіреді. 1990 жылы Гавайи губернаторы ІІІ Джон Вайхее 31 шілдені Гавайи туының күні деп жариялады. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 85 жыл бұрын (1929) белгілі ғалым-астроном Николай Степанович Черных сансыз жұлдыздардың арасынан белгісіз №2402-ші ғаламшарды ашып, оны ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың есімімен атады. Шағын ғаламшар Жерге әрбір 5 жылда жақын келеді. 38 жыл бұрын (1976) Орал қаласында облыстық ғылыми-техникалық кітапхана ашылды. Онда ғылым мен техниканың әр түрлі саласынан, сондай-ақ өндірістік және әлеуметтік-экономикалық әдебиеттер жинақталған. Кітапханадағы кітап қоры шамамен 815 000 дана. 28 жыл бұрын (1986) КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының Жарлығымен қазақстандық интернационалист-жауынгер Шахворостов Андрей Евгеньевичке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 9 жыл бұрын (2005) «Қазпошта» АҚ «Сәулет» сериясынан Бейбітшілік және Келісім сарайы бейнеленген жаңа пошталық маркасын айналымға енгізді. Марканың тиражы - 50000 дана. Бейбітшілік және Келісім сарайы Қазақстан халықтарының конфессияаралық келісімдерін нығайтады. Оның құрылысы туралы шешiм 2003 жылы Әлемдік дәстүрлі діндер съезінде қабылданған болатын. Ғимарат Есіл өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан. 7 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Талдықорған қаласындағы «Гранита плюс» ЖШС-ның керамикалық-граниттік тақта өндіретін зауытын іске қосты. Құны 6 млн. евролық итальяндық «Сакми» фирмасы жабдықтаған кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 2 млн. шаршы метр керамикалық-граниттік тақтаны құрайды. 516 жыл бұрын (1498) Колумбтың төртінші экспедициясы Тринидад аралын ашты. 224 жыл бұрын (1790) АҚШ-қа алғашқы патент берілді. 50 жыл бұрын (1964) американдық «Рейнджер-7» ғарыш кемесі алғаш рет Жерге Айдың үлкен көлемдегі түрлі-түсті суретін жіберді. ЕСІМДЕР 108 жыл бұрын (1906-1977) жазушы, аудармашы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ШУХОВ Иван дүниеге келді. Солтүстік Қазақстан облысында туған. Петропавл педагогика техникумын, Омбы жұмысшылар факультетін, Мәскеудегі Әдебиет институтын бітірген. 1928-1934 жылдары «Рабочий путь» (Омбы), «Красная Башкирия» (Уфа), «Волжская коммуна» (Самара), «Советская Сибирь» (Новосибирск), «Сельскохозяйственный работник» (Мәскеу) газеттерінде әдеби қызметкер болып істеген. 1934-1937 жылдары Солтүстік Қазақстан облысындағы Пресновка аудандық «Ударник» газетінің редакторы болған. Шығармалары 1926 жылдан жариялана бастады. «Өшпенділік» романында әлеуметтік, саяси-экономикалық, адамгершілік мәселелері көтеріліп, орыстар мен қазақтардың жаңа заман орнату жолындағы еңбегі, достығы баяндалады. «Қасірет белдеуі» романы қазақ, орыс халықтарының Қазан төңкерісіне келу жолдарын суреттеуге арналған. Иван Шухов шығармашылығына Максим Горький зор баға берген, жазушының қазақтар өмірі тым қатал әрі нанымды етіп суреттелгеніне баса назар аударған. Солтүстік Қазақстандағы ұжымдастыру тақырыбы «Отан» романында жалғасын тапқан. «Майдандағы армия» романында көтерілген тарихи оқиғалар Бірінші дүниежүзілік соғыспен байланысты, Қазан төңкерісі, Азамат соғысы жылдарына арналған «Алтын алқап» кітабы, «Американың күндері мен түндері», «Югославия күнделігі», т.б. очерктер жинағы, «Туған ел және жат жер» атты прозалық топтамасы, «Пресновка әсерлері» атты өмірбаяндық повестер шоғырының алғашқы бөлімі, «Қазақстан желі өтінде» очерктер жинағы жарық көрді. Көркем аударма саласында жемісті еңбек етіп, Сәбит Мұқановтың «Ботагөз», «Өмір мектебі» романдарын, Мұхтар Әуезовтің, Ғабит Мүсіреповтің, Ғабиден Мұстафиннің, Әлжаппар Әбішевтің бірқатар шығармаларын орыс тіліне аударған. «Халықтар достығы» орденімен, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған. Алматы қаласындағы бір көше, мектеп, Петропавл қаласындағы бір көше мен орталық қалалық кітапхана, Преснов стансасындағы мектеп жазушының есімімен аталады. Жазушының туған жерінде әдеби-мемориалдық мұражай үйі ашылған. 94 жыл бұрын (1920-1944) Кеңес Одағының Батыры СУХАМБАЕВ Ағаділ дүниеге келді. Жамбыл облысының Байзақ ауданында туған. 1939 жылы Диқан орта мектебін бітірген. Туған ауылы Қарасуда тракторшы болып жұмыс істеген. 1940 жылғы қазанда Қызыл әскер қатарына шақырылған. Әскери борышын Томск қаласында өтеп жүрген жерінен соғысқа аттанған. 31-ші әскердің 628-ші Қызыл Ту атқыштар полкі құрамында неміс басқыншыларына қарсы соғысып, автоматшылар бөлімшесінің командирі болған. 1944 жылы шілде айында поляк деревнясын азат ету үшін болған ұрыста Александр Матросов ерлігін қайталап, дзоттың ауызын кеудесімен жапқан. Батырдың сүйегі Литва Республикасының Друскиненкай қаласында жерленген. КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен 1944 жылғы наурыздың 24-інде оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 2005 жылы Тараз қаласында оған ескерткіш орнатылған. Авторы - мүсінші Сейіткерім Момыш, сәулетшісі - Рүстем Бодаубеков. Ескерткіш қалалық әскери комиссариаты ғимаратының алдында, Абай мен Қонаев көшелерінің қиылысында. 66 жыл бұрын (1948) Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры ДӘУКЕЕВ Ғұмарбек Жүсіпбекұлы дүниеге келді. Семей қаласында туған. Қазақ политехникалық институтын және аспирантурасын бітірген. Алматы энергетика институтының аға оқытушысы, кәсіподақ комитетінің төрағасы, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің нұсқаушысы қызметтерін атқарған. 1989-1994 жылдары - Алматы энергетика институты партия комитетінің хатшысы, проректоры. 1994-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ғылым және техника жөніндегі жоғарғы кеңестің аппарат жетекшісі - жауапты хатшысы. 1996-1997 жылдары - Қазақ ұлттық техникалық университеті энергетика және телекоммуникациялар оқу-ғылыми кешенінің директоры. 1997 жылдан бастап - Алматы энергетика және байланыс институтының ректоры. 50-ден астам ғылыми еңбектің және 5 авторлық куәлік пен патенттің авторы. 59 жыл бұрын (1955) журналист, әдеби сыншы, «Central Asia Monitor» газетінің бас редакторы ҒАБДУЛЛИН Бигелді Қайырдосұлы дүниеге келді. Ақмола облысының Макинка ауданында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. «Ленинская смена» газетінің әдеби бірлестігінде жетекші, «Казахстанская правда» газетінде тілші, Қазақстан Жазушылар одағы насихаттау бюросы директорының орынбасары, «Жібек жолы» халықаралық қорының бас директорының орынбасары, «Таң» телекомпаниясының бас редакторы, «Новое поколение» газетінің бас редакторы, «Биік Ел» ЖШС-ның бас директоры, «XXI век» газетінің бас редакторы, Вашингтон қаласында Languages «Institute Inlingua» оқытушы, «Азаттық» радиосында тілші қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2004 жылдың желтоқсанынан. 300-ден астам жарияланған жұмыстардың авторы. Қ.Жұмаділовтің «Атамекен», Х.Рахимованың «Сеңгір сырлары», Т.Жұртбаевтың «Алып тұлға» романдарын орыс тіліне тәржімалаған. 48 жыл бұрын (1966) Алматы облысының әкімі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты МҰСАХАНОВ Аңсар Тұрсынханұлы дүниеге келді. Алматы облысында туған. Алматы мал дәрігерлік институтын, Қазақ ұлттық аграрлық университетін бітірген, мамандығы бойынша - мал дәрігері, мемлекеттік және жергілікті басқару менеджері. Еңбек жолын Күрті ауданындағы «Құйған» кеңшарында қарапайым жұмысшы болып бастады. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін әр жылдары КСРО-ның 60 жылдығы атындағы кеңшарда мал дәрігері, Күрті ауданының бас мал дәрігері, Жамбыл ауданы Ұзынағаш стансасы мал учаскесінің меңгерушісі, Теміржол ауылдық округінің әкімі, Ақсеңгір тәжірибелік шаруашылығының директоры, «Қазыбек бек» ЖШС директоры болып жұмыс істеді. Алматы облысының мемлекеттік басқару органдарында басшы лауазымдарда қызмет атқарды. 2003-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Қарасай аудандық аумақтық басқармасының бастығы. 2005-2006 жылдары - Іле ауданы әкімінің орынбасары. 2006-2009 жылдары - Жамбыл және Қарасай аудандарының әкімі. 2009-2010 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы. 2010-2011 жылдары - Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. 2011 жылдың сәуір айынан қазіргі қызметінде істейді. Екі медальмен марапатталған. 160 жыл бұрын (1854-1932) американдық бизнесмен әрі өнертапқыш, Eastman Kodak компаниясының негізін қалаушы ИСТМЕН Джордж дүниеге келді. Американың Уотервилл қаласында туған. Дж.Истмен 24 жасында Санто-Домингоға барып демалып, қаланың барлық әсем жерін фотопленкаға түсіріп алмақ болады. Бірақ сатып алған фотоаппараты тым үлкен әрі ебедейсіз болып, алып жүруге қолайсыздық тудырады. Осы кезден ол аталған қиын үдерісті жеңілдету жолдарын ойластыра бастады. 1879 жылы Истмен құрғақ бромды-желатинді фотографиялық пластинка дайындайтын машина құрастырып, бір жылдан кейін алғашқы өнімін шығарады. 1881 жылы «Истменнің құрғақ пластинка компаниясы» тіркелді. 1883 жылы оның фирмасы барлық фотоаппаратқа сәйкес келетін орамды пленка шығара бастады. 1888 жылы жаз айында Kodak маркасымен алғашқы фотоаппарт шығарылды. Бастапқы құны 25 долларды құрады. 1888 жылы қыркүйектің 4-інде Kodak тауар белгісі ретінде тіркелді. 1889 жылы Eastman Company концерні құрылды. 1901 жылы компания Нью-Джерси штатында Eastman Kodak Company of New Jersey атауымен тіркелді, ол қазір де осы атауымен қызмет жасайды. 100 жыл бұрын (1914) француз киноактері Луи де ФЮНЕС дүниеге келді. Көптеген фильмдерге түскен. Комедия жанрын аса ұнатқан актердің 1960-шы жылдардан бастап оның атағы бүкіл әлемге жайылған. 70 жыл бұрын (1944) американдық киноактриса, Чарли Чаплиннің қызы ЧАПЛИН Джеральдин дүниеге келді. Ол 8 жасынан киноға түсе бастаған. Ең алғаш сомдаған бейнесі - «Доктор Живаго» атты фильмдегі басты кейіпкердің әйелі. Оның Андрон Михалков-Кончаловскийдің «Одиссей» фильміндегі бейнесі елге танымал етті. Өз әкесі туралы Р.Аттенборо түсірген «Чаплин» атты кинобиографияда әжесінің бейнесін сомдауы Джеральдин өміріндегі ұлы оқиға болды. 77 жыл бұрын (1937) кеңестік және ресейлік эстрада әншісі және актрисасы, КСРО халық әртісі ПЬЕХА Эдита Станиславовна дүниеге келді. 69 жыл бұрын (1945) кеңестік және ресейлік тележүргізуші, актер, продюсер, сценарист ЯКУБОВИЧ Леонид Аркадьевич дүниеге келді.