Көптеген ат спорты ойындарының жүлдегер, жеңімпазы Жания Сатылғанова қазір көкпар аттарынан бөлек, бәйгеге қосатын асыл тұқымды жүйріктерді де баптаумен айналысады. Оның Қамбар ата түлігіне деген қызығушылығы мал дәрігері мамандығын меңгеруге жетелеген екен.
«Атам Мұратхан Қартабаев – ауданымызға танымал атбегі. Сол кісінің қасында жүріп, жылқыға жақын болып өстім. Қатарластарым ойыншықпен ойнап жүрсе, мен қорада атамның жанынан шықпай, қолғабыс ететінмін.
Алғаш рет 18 жасымда Қордай ауылында Наурыз мерекесіне орай өткен бәйгеге қатыстым. Бір жылдан соң кілең үздіктер жиналатын Қазақстан Республикасы Президентінің кубогында бақ сынадым. Өкінішке қарай, ол жорға жарыста жүйрігімнің бабы келіскенімен, бағы жанбай, тек алтыншы орынды місе тұттым. Оған дейін бірінші орындарды жеңіп алып жүрдім, бірақ олардың барлығы аудандық деңгейде болатын. Одан да биік белестерді бағындырсам деген алдымда үлкен мақсат тұрды. Көздегеніме жеттім. Бір бәйгеде бас жүлде – түйе ұтып алдым. Бұл мені одан әрмен шабыттандыра түсті. Көптеген жетістіктеріме Қызылкүрең атты жүйрігімнің арқасында қол жеткіздім», – дейді шабандоз ару.
Жәния атбегіліктен бөлек, асау үйретіп, көкпарға шапқанды, түрлі трюктар жасағанды жақсы көреді. Басына құрық тимеген шу асауды үйретуден ерекше қуат аламын, дейді. Айтуынша, осы уақытқа дейін 15-тен астам асауға тұсау салыпты. Атбегіні бірнеше жыл бұрын Ресейге ат баптау үшін арнайы шақырған да екен. Бірақ батыр қыз бұл ұсыныстан бас тартқан. «Мақсатым, өзге емес, өз еліміздің атын әлемге әйгілі ету», – дейді ол. Қазір ол 4 аламанды бәйгеге баптап, дайындау үстінде.
Ауылдастары Жанияны «қайтпас, қайсар қыз» дейді екен. Айтса айтқандай-ақ, әрбір сөзі мірдің оғындай нақты, қимылы ширақ. Жылқыны қолға үйрету барысында, көкпарға шапқанда бірнеше рет денесін жарақаттап алған кездері де болған. Бірақ, қайсар қыздың Қамбар ата түлігіне деген қызығушылығын бұл бір мысқал да азайтпапты. Керісінше, «Әрбір атты жуасытқанда, желмен жарыса бәйгеге шапқанда ерекше күй кешемін. Жылқы үстінде отырсам, қанаттанып кететіндеймін. Құлап қалам-ау деген ой, үрей мүлдем болмайды. Ат үстінде еркін отырамын. Онымды жануар да сезеді. 35 келіге дейінгі салмақтағы серкелерді емін-еркін көтеремін. Көкпарда шауып келе жатқан күйі жерде жатқан серкені іліп алып кеткен кездерім де болды.
Жалпы, жылқы малы өте ақылды, сезімтал жануар ғой. Атпен жұмыс істегенде көңіл-күйіне мән беру маңызды. Суын, жемін, азығын, рационын дұрыстау керек. Бүкіл ат жүйрік болмайды. Жетістікке жету үшін көп еңбек пен дайындық қажет. Ұзаққа шабатын, керісінше алысқа шыдамайтын аттар болады. Соны ажырата білу керек. Бәйгеге дайындағанда таңғы сағат 5-тен тұрып, суын, жем-шөбін беремін, қаңтарамын. Түсте бір шалдырып аламын да, қайтадан қаңтарып қоямын, арасында суытамын. Кеудесін ашу үшін алғашында ақырындап 5-6 айналым жасаймын. Ал жорға жарысына дайындайтын кезде, ең бастысы, белгіленген қашықтыққа жете алатындай етіп дайындау керек. Бәйгеде аттың басын көтеріп қойсақ, жорғаға дайындағанда төмен жібере береміз. Шынын айтсам, ат баптағанда оның жанында 24 сағат бойы болу керек десем, артық болмас. Көп уақыт, көп көңіл бөлуді қажет етеді.
Баптаған жүйріктерімнің бәрін бірдей жақсы көремін, бірақ соның ішінде Ерке-Серім ерекше. Ол шынымен де ерекше жануар, жігерлі, қайсар рухы бар. Онымен кәдімгідей тілдесу керек, сонда ғана ырқыңа көнеді», - дейді ол.
«Қыз баласы тек әдемі әшекейлер мен көйлек-көншекке қызығуы тиіс» деген ұстаныммен мүлдем келіспейтін Қордай ауданының аруы осылайша өзінің өмірлік жолын, кәсібі мен нәсібін тек тұлпарлармен байланыстырады.
«Алдағы уақытта Таразда, Қызылордада үлкен бәйгелер өтеді. Біз түйеден бастап, жылқы, тана, торпақ, қошқар ұтып, ақшалай да жүлделерге ие болдық. Енді алдағы аламандардың бірінен көлік мінуге дәмеліміз», – деп жымиды Жания, «Бірақ, біз үшін бастысы жүлде емес. Тұлпарым аламаннан келгенде алдымен жүгіріп барып аяқтарын, денесін түгел шолып, жарақаттап, ауыртып алмады ма екен деп қарап шығамын. Шауып келгенше «атым аман келсінші» деп тілеумен боламын. Ал ауырып қалса, жарақат алса, атам екеуіміз өзіміз емдеп, дәрісін егіп, дәруменін құйып, жазып аламыз», - дейді атбегі.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл өңіріндегі қолөнершімен сұхбат жазған едік. Оның қолынан шыққан қамшыны биылғы наурыз айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сатып алған болатын.