АҚШ-тың мемлекеттік борышы дегеніміз не және Америка қарыз алуға неліктен құмар?
АҚШ мемлекеттік борышының кезекте мәрте рекордтық деңгейге жеткені туралы хабарлама жаңалық емес, қалыпты дүниеге айналып кеткендей. «АҚШ-тың мемлекеттік борышы шырқау шегіне жетті», «Демократтар мен республикашылар мемлекеттік борыш жоғары шегін көтеру туралы ымыраға келді/келе алмады», «АҚШ Конгресі тарихи дефолттың алдын алды». Дәл осындай тақырыптармен әлемдік БАҚ үнемі түрлендіре жазып жатады.
АҚШ-тың мемлекеттік борышы – бұл федералды үкіметтің өзінің кредиторлары алдындағы қарызы. Ал АҚШ бюджеттегі тапшылықты жабу мақсатында ақшаны қарызға алады. Қарапайым тілмен айтар болсақ, федералды үкімет салықтар мен өзге де түсімдерден әлде қайда көп қаражат жұмсайды. Және де дәл осы жайт ұзақ уақыттан бері жалғасып келеді. 2001 жылы соңғы рет ел бюджеті артып қалған болатын. Ол кездегі мемлекет борыш мөлшері 5,8 трлн долларды құрады. Сол кезден бері Құрама Штаттар түрді дағдарыстар аясында мемлекеттік борышын арттыра түсіп отыр. Барлық қажетті шығындарды – инфрақұрылым салу, медицина саласын дамыту және басқаларына төлем жасау үшін федералды үкімет қарызға ақша алып келеді.
Нәтижесінде Америкада әлемдегі ең жоғары атаулы мемлекеттік борыш бар. Дегенмен, мемлекеттік борыштың елдің ішкі жалпы өнімінің көлеміне қатысы бойынша әлемде Жапония көш бастап тұр – 256 пайыз. Ал АҚШ-та оның мөлшері 123,4 пайыз.
Елдер неліктен АҚШ-тың мемлекеттік борышына инвестиция салады және ол қалай жұмыс істейді?
АҚШ өзінің шығындарына қарызға ақша алу үшін арнаулы борыш қағазын – қазынашылық облигацияларын (ағылшын тілінде Treasury bonds немесе T-Bonds, сондықтан да оны «трежерис» деп те атайды – ред. ескертпесі) әзірлейді. Бұл облигацияларды АҚШ Қаржы министрлігі (АҚШ Қазынашылығы) шығарады. Бұл облигацияларды (қарапайым сөзбен айтар болсақ, АҚШ-қа елдің болашақта пайызбен қайтару міндеттемесі бар қағаз орнына шынайы ақша беру – ред. ескертпесі) жеке тұлғалар, компаниялар, корпорациялар, инвестициялық қорлар, сондай-ақ өзге де мемлекеттер сатып алады.
АҚШ қазынашылық облигацияларының кірістілігі нарықтағы өзгерістерге байланысты ауытқып тұрады. АҚШ Қазынашылығының мәліметіне сәйкес, 2024 жылғы 15 тамыздағы жағдай бойынша ол міндеттемелердің мерзіміне байланысты жылдық 3,79 пайыздан 5,53 пайызға дейін болды. Бірақ, АҚШ бағалы қағаздарының кірістілігі олардың инвесторлар үшін тартымдылығындағы басты мәселе емес.
Мұндай жағдайда аталған қазынашылық бағалы қағаздар неліктен инвесторлар арасында танымалдыққа ие? Қарапайым жауап мынада: АҚШ экономикасы әлемдегі ең үлкен және АҚШ инвесторлар алдындағы қарызын төлей алмай қалуы мүмкін гипотетикалық сценарийлердің ықтималдығы шамалы.
Сарапшылар қандай да бір елдің мемлекеттік қарызы туралы айтқанда, оны ішкі және сыртқы деп бөледі. Ішкі – бұл бағалы қағаздардың ұлттық валютасында номинациялануы. Сыртқы – шетелдік валюта.
АҚШ мемлекеттік борышының ерекшелігі барлығының дерлік ішкі болуында. Өйткені қазынашылық облигациялар АҚШ долларымен шығарылады. Доллардың өзі де елдің ішінде басылады. Сондықтан экономистер елде нағыз дефолт (қарыз міндеттемелерін өтеуге доллардың тапшылығы – ред. ескертпесі) қаупі төніп тұрмағанына сенімді. Қарапайым сөзбен айтқанда, АҚШ-тың қазынашылық облигацияларына инвестиция салу арқылы инвестор, кем дегенде, салынған қаражаттың қауіпсіздігіне сенімді бола алады.
Инфляция және саясат
Салықтарды көтеру немесе бюджет «жыртығын жамау» үшін баспа станогын қосу мүмкін болып тұрған кезде қарыз облигациялары не үшін қажет? Қарапайым жауап - инфляция және саясат. Америка үкіметі бюджеттегі дәл сол «жыртықты» мысалы, салық жүктемесін арттыру арқылы жамауы да мүмкін. Дегенмен, саяси тұрғыдан мұндай шешім әрқашан өте ұнамсыз қадам болып шығады. Сонымен қатар, бұл адамдар ақшаны аз жұмсай бастайтын процесті бастайды. Демек, бизнес аз табыс табады. Бизнес адамдарды жұмыстан шығара бастайды, олар ақшаны одан да аз жұмсай бастайды және тағы басқалары.
Мұнан бөлек, Федералды резерв жүйесі инфляцияға байланысты бюджеттегі «жыртықты» жамауға қажетті соманы шығармайды. Тауарлар мен қызметтердің бірдей көлемі кезінде ақша әлдеқайда көп болғанда бірінші кезекте не орын алады? Бұл жағдайда сол тауарлар мен қызметтердің бағасы көтеріледі. Ал ақша массасын жай ғана шығарып жіберу қалаған нәтижеге әкелмейді. Оның орнына елдер сыртқы нарықтан қарыз алуды жөн көреді, сондықтан олар бағалы қағаздарды шығарады.
Қай елдер америкалық мемлекеттік облигацияларды сатып алады?
Облигациялардың едәуір бөлігі америкалық реттеуші – АҚШ Федералды резервтік жүйесінде. Бірақ америкалық облигациялардың құндылығын бірқатар ел мойындайды. 2024 жылдың сәуіріндегі жағдай бойынша Жапония АҚШ мемлекеттік облигацияларына 1,15 триллион доллар инвестиция салып, америкалық мемлекеттік қағаздардың ең ірі ұстаушысы болып қала берді. Екінші орында 770,7 миллиард доллармен Қытай, үшінші орында 710,2 миллиард доллармен Ұлыбритания тұр.
АҚШ қарыз алуын қашанға дейін жалғастырмақ?
Қарызды өтеу бойынша міндеттемелерді орындау мүмкіндігінің жоқтығы дефолт тәуекелімен байланысты. Ел үшін дефолт кредиторларға төлеуге өз қаражат болмаған кезде пайда болады және де бұл орайда мемлекет ескі қарыздарын өтеу үшін жаңадан қарыз алу мүмкіндігін жоғалтады.
АҚШ қазынашылық облигациялары доллармен номинацияланған және оны өздері басып шығарады. Сондықтан, Америкада бюджеттегі «жыртықты» жамау үшін іс басындағы үкіметтің жаңа несиелер алу мүмкіндігін шектеуге бағытталған мемлекеттік қарыздың шегі сияқты құрал бар. Бұл шекті АҚШ Конгресі бекітеді. 1940 жылдан бері АҚШ-тың мемлекеттік борыштың ең жоғары шегі 100 рет жуық көтеріліп, бар болғаны 5 рет қана (барлық жағдай 1963 жылға дейін – ред. ескертпесі) төмендетілді. Ал конгресмендер 2023 жылдың мамырындағы соңғы шешімімен ымыра жоспарын бекітті. Оған сәйкес мемлекеттік борыштың ең жоғары шегі 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін толығымен алынып тасталды. Бірақ алдағы 10 жылдың ішінде бюджет тапшылығы 1,5 триллион долларға қысқартылуы тиіс.
Сарапшылар мемлекеттік борыш жоғары шегіне жеткен жағдайдағы Конгресс үшін «шайқас» соңғы уақытта тек саяси сипатқа ие болатынына сенімді. Республикашылдар мен демократтар билікте кімнің болуына байланысты бюджеттің маңызды әлеуметтік-экономикалық шығыстар бөлігін қолдау құралынан бір-бірін айыруға тырысады.
Шындығында, сарапшылар егер АҚШ-қа дефолт қаупі төнсе, онда оның тек техникалық сипатта орын аларына сенімді. Бұл үкіметте ақша бар, бірақ оны пайдалана алмайды дегенді білдіреді.
Әлемдік экономика үшін қандай тәуекелдер бар?
Халықаралық валбта қорының болжамынша, АҚШ үкіметінің қазіргі саясаты кезінде Американың мемлекеттік борышы 2032 жылға қарай ЖІӨ-нің 140 пайызынан асуы мүмкін. Есеп авторлары бұл америкалдық та, жаһандық та экономикаға қауіп төндіреді деп есептейді. Кез келген елдің мемлекеттік борышы тек сол мемлекеттің ғана проблемасы саналады, бірақ тек АҚШ жағдайында емес. Америка жағдайында әлемнің қалған бөлігі осал саналады. Өйткені доллар негізгі сауда валютасы болып қала береді.
Теориялық тұрғыдан алғанда, АҚШ-тың мемлекеттік борышының өте жоғары деңгейі инвесторлардың алаңдаушылығын тудыруы мүмкін. Бұл өз кезегінде АҚШ долларының құнсыздануына әкелуі ықтимал. Тәжірибеде ірі елдер – АҚШ-тың қарыз облигацияларын ұстаушылардың өздері инвестицияланған қаражаттарын сақтау үшін осы елдің қаржылық-экономикалық тұрақтылығына мүдделі.
2023 жылғы кезекті ықтимал дефолт қарсаңында жарияланған Moody's Analytics есебінде сарапшылар АҚШ-тың дефолтқа ұшырауы жаһандық экономикадағы дамудың күрт баяулататындығына, шикізатқа сұранысты құлдырататындығына сенімді. Сондай-ақ ол тізбекті реакция арқылы проблемалы елдерде қарыз дағдарысын тудырса, әлемдік қаржы нарықтарындағы хаос адам төзгісіз болады.
Жалпы, АҚШ доллары мен осы ел экономикасының әлемнің басқа елдеріне ықпал ету деңгейінің жоғары болғаны соншалық, сарапшылар АҚШ-ты үнемі өзінің мемлекеттік қарызына қатысты жағдайға барынша дұрыс қарауға шақырады.
Сонымен қатар, қазіргі жағдайда америкалық тараптан арам ойын элементтерін байқау қиын емес. Яғни, ел техникалық тұрғыда оны өз бетінше жабуға мүмкіндігі бола тұра кез келген ағымдағы мәселелерін шешу үшін борыш міндеттемелерімен нақты ақшаны қарызға алып отыр. Мүдделі елдер бұл мәселенің шешімін долларсыздандыру үдерісінен көреді.