4 ақпан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 4 ақпанға арналған күнтізбесін ұсынады.

4 ақпан СЕЙСЕНБІ

Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасының (бұрынғы Цейлон) Ұлттық мерекесі - Тәуелсіздік күні. Ел 1948 жылы доминион құқында Ұлыбританиядан тәуелсіздік алды. Мемлекет Оңтүстік Азияда орналасқан. Әкімшілік астанасы - Джаяварданапура қаласы, нақты астанасы - Коломбо қаласы. Мемлекеттік тілі - сингаль, тамиль тілдері.

Қазақстан Республикасы мен Шри-Ланка Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы маусымның 15-інде орнатылды.

Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні. «Халықаралық онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі одақ» (Қатерлі ісікке қарсы одақ - UICC) жариялаған. Бұл халықаралық күннің мақсаты - қатерлі ісіктің қазіргі өркениеттің ең қауіпті ауруының бірі екендігі туралы хабардарлықты арттыру, осы кеселдің алдын алуға, анықтауға және емдеуге назар аудару. Қатерлі ісік бүкіл әлемде өлімге әкеліп соғатын кесел саналады.

Халықаралық зорлыққа қарсы күрес күні. Бұл күн 1985 жылдан бері аталып келеді. Адамды азаптаудың түрлері сан алуан.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1 60 жыл бұрын (1854) Верный бекінісінің негізі қаланды. 1867 жылы бекініс қала мәртебесін иеленді. 1921 жылы қаланың аты Алматы деп өзгертілді. 1929 жылдан бастап бұл қала Қазақстанның астанасы болды. Верныйда 1897 жылы алғаш жүргізілген халық санағы бойынша 22,7 мың адам тұратын болса, 1978 жылы 910 мыңға жеткен. Ал 1982 жылы Алматы қаласы КСРО бойынша тұрғындар саны 1 миллионға жеткен 22-ші қала ретінде тіркелді.

8 1 жыл бұрын (1933) орыс тілінде шығатын «Дружные ребята» республикалық апталық балалар газетінің алғашқы саны «Пионер Казахстана» деген атпен жарық көрді. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда шығуы тоқтаған газет 1957 жылдан бастап қазіргі атымен шығып келеді. Басылымның мақсаты балалардың шығармашылық қабілетін ұштау, танымын кеңейту, республикадағы қоғамдық өмірдің барлық саласында балалар құқығының қорғалуын назарға алу, оларды қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету болып табылады.

4 2 жыл бұрын (1972) Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Жарлығымен Арқалық қаласында Торғай облыстық тарихи-аймақтық мұражайы ашылды. Мұражайда 40 мыңнан астам экспонат бар.

2 2 жыл бұрын (1992) Францияның Тур қаласында өткен халықаралық кинофестивальде режиссер Ермек Шынарбаевтың «Кек» фильмі бірінші орынды иелесе, Сергей Әзімовтің «Өлі теңіз хроникасы» атты фильмі екінші жүлдеге ие болды.

2 2 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Бангладеш Халық Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы хаттама қабылданды.

2 1 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы мен Мальта Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.

9 жыл бұрын (2005) Алматыда «Қазақстан Республикасының Конституциясы» атты кітап шықты. Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясының 10 жылдығына арналған ғылыми-заңды түсінік. Елдегі басты заңға ғылыми-заңды түсінік берген, танымал ғалым-заңгерлер Ғайрат Сапарғалиев, Мақсұт Нәрікбаев, Бауыржан Мұхамеджанов және басқалар.

8 жыл бұрын (2006) Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармонияның концерт залында белгілі орыс жазушысы Никита Савичевтің (1820-1885) «Байырғы Орал. Көрген-білгендерімнен әңгімелер» атты кітабының таныстырылымы болды. Оралдың «Оптима» кітап баспасы шығарған жинақты құрастырып, алғы сөзін жазған жергілікті әдебиетші, филология ғылымдарының кандидаты Николай Щербанов. Орал қаласында туып-өскен Никита Савичев сурет салумен қатар әдеби-көркем туындылар да жазды. Ол, әсіресе, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы, Құрманғазы сынды қазақтың бірегей тұлғалары жөнінде очерктер жазып, алғашқылардың қатарында әділ бағасын берді. Жазушы өз туындыларында қазақтар өмірін де шынайы суреттей біліп, халықтар достығын ту етіп көтерді. Кітаптың тұсаукесерінде осындай әңгімелерден тартымды көріністер қойылып, өлеңдері оқылып, әндер шырқалды.

6 жыл бұрын (2008) Семей педагогикалық институтында «Шәкәрімтану мәселелері» атты сериялық ғылыми жинақтың таныстырылымы өтті.

«Шәкәрімтану» ғылыми-зерттеу орталығы дайындаған аталмыш бес томдықтың ішіне ұлы ойшыл әрі ақынның шығармашылығын зерттеумен айналысатын танымал қазақстандық ғалымдардың еңбектері кірді.

Бұл - еліміздегі жаңа ғылыми бағыты бар алғашқы ғылыми жинақ. Онда Шәкәрім шығармашылығын зерттеудің әр түрлі бағыттары бойынша көрнекті ғалымдардың жұмыстары жинақталған. Бұл - теология, философия, музыкатану, поэзия және өнер. «Шәкәрімтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Тұрдыкүл Шанбайдың айтуынша, ірі ғылыми еңбектерді осындай басып шығару тәсілі Ресей мен Еуропа елдерінде кеңінен қолданылады. Ол ақынның шығармашылығын зерттеудің жаңа мүмкіндіктері жайында айтып береді. Сериялық ғылыми жинақты Алматыдағы «Раритет» баспасы «Мәдени мұра» республикалық бағдарламасы аясында басып шығарды. Әр том 3 мың дана таралыммен жарық көрді.

6 жыл бұрын (2008) белгілі жазушы, халықаралық Михаил Шолохов сыйлығының иегері Сәбит Досанов Ресей әдебиет академиясының мүшесі болып сайланды.

Сәбит Досановтың қаламынан «Тау жолы», «Екінші өмір» «Жиырмасыншы ғасыр» романдары, «Ақ аруана» хикаясы, «Қазағым-ай, қайда кетіп барасың?» жыр жинағы туды. Сонымен қатар ол әдебиеттану монографияларының авторы.

Сәбит Досанов «Сегіз қырлы, бір сырлы дарын» жазушы ғана емес, драматург ретінде де елге етене таныс. Қаламгердің «Дауыл», «Ертең бюро», «Тозақ шеңбері» және т.б. пьесалары республиканың көптеген театрларында қойылып келеді. Ал жазушы өзінің "Ұйық" романында қазақ жұртының бостандық жолындағы күресі, жер-суына иелік ету жолындағы жанқиярлық әрекеттері туралы баяндайды

Құрамында Сергей Михалков, Юрий Бондарев, Владимир Мирнев, Юрий Поляков сынды көрнекті тұлғалары бар Ресейдің әдебиет академиясы мүшелерінің пікірінше, Сәбит Досановтың академик атануы оның талантының мойындалуы, қазақ әдебиетіне ресейліктер тарапынан көрсетілген құрмет болып табылады. Сәбит Досанов бұған дейін Ресейдің педагогикалық және әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі атанған болатын. 2012 жылы оған ҚР Мемлекеттік сыйлығы берілді.

5 жыл бұрын (2009) Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде археология мен этнологияның ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Зерттеу орталығы тас, қола, темір, ортағасырлар археологиясы мен Қазақ этнологиясы сынды 5 бөлімнен тұрады. Бұнда У.Шалекенов, А.Төлеубаев, М.Елеуов, Ж.Таймағамбетов, Б.Қалшабаева, А.Тоқтабай сынды танымал ғалымдар жұмыс істейді.

4 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Француз Республикасының Yкiметi арасындағы Қаржыландыру туралы хаттаманың (Алматы қаласының сумен қамтамасыз ету және кәрiз инфрақұрылымын оңалту мен жаңғырту жобасы) күшін жою туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

4 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік резервтердегі материалдық құндылықтарды пайдалану және сақтау, қалыптастыру жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік материалдық резерв мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

4 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің интеллектуалдық мектептер жүйесін басқаратын «Өркен» АҚ ресми сайтының жаңа нұсқасын ұсынды. Компанияның www. orken.org атты жаңа веб-порталының дизайны, құрылымы және мазмұны өзгерген.

«Негізгі 6 бөлімнен компанияның қызметі, құрылымы туралы білуге және мектепке қабылдау ережелерінің толық нұсқасын көшіріп алуға болады. Сондай-ақ интерактивті айдарда кез келген адам сұрағына жауап алып, басқа да пайдалы мағлұматтармен таныса алады.

4 жыл бұрын (2010) Өскемен қаласында алғаш рет балаларға арналған «Денсаулық күні» сауықтыру жобасы жүзеге асырылды. Бұл жоба Қазақстанда балалар туризмін дамытуға бағыттылаған алғашқы жоба болып табылады.

4 жыл бұрын (2010) Ванкувер қаласында Олимпиада ауылының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға Спорт комитетінің төрағасы Анатөлі Құлназаров бастаған барлық спорттық делегация қатысты. Ванкувердегі Олимпиада ойындары 12-28 ақпан күндері өтті.

3 жыл бұрын (2011) Берлинде өткен «World Money Fair» халықаралық көрмесінде ҚР Ұлттық Банкінің «Ұлы қолбасшылар» сериясынан «Аттила» ескерткіш күміс монетасына «Тарихи тақырып бойынша ең үздік монета» номинациясында «Жылдың ең үздік монетасы» наградасы берілді.

Бір жыл бұрын (2013) Астанада «Қазақ тілі. Тіл дарын» мультимедиалық оқулығы мен оқу-әдістемелік кешеннің тұсаукесері өтті. Оқу-әдістемелік кешен арқылы кез келген адам қазақ тілін ғаламтор арқылы қашықтан меңгере алады.

ЕСІМДЕР

11 5 жыл бұрын (1899-1950) биология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ЦЕЛИЩЕВ Аркадий Андреевич дүниеге келді.

Сібір мал дәрігерлік институтын, Омбы және Ленинградтағы мал дәрігерлері білімін жетілдіру институтын бітірген. Қазақ КСР Егіншілік халкомында, Қазақ КСР Ғылым академиясының Зоология институтында қызмет еткен. Ол Қазақстан гемоспоридиоздарын зерттеп, олардан арылу және қарапайым жәндіктерді тасымалдайтын кенелерді жою шараларын ұсынды.

10 5 жыл бұрын (1909-1998) ақын, драматург, әдебиеттанушы, филология ғылымының докторы, профессор, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ТӘЖІБАЕВ Әбділда дүниеге келді.

Қызылорда қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1932-1948 жылдары Қарсақбайдағы «Қызыл кенші», республикалық «Жас алаш» газеттерінде редактордың орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, төрағасы, Қазақстан ҒА Тіл және әдебиет институты Жамбыл бөлімінің меңгерушісі болды. 1948-1958 жылдары шығармашылықпен айналысты. 1959-1984 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің жауапты редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, Қазақстан ҒА Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, театр өнері бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Ә.Тәжібаевтың «Жүректілер» пьесалар жинағы, «Халқым туралы аңыз», «Жомарттың кілемі», «Көтерілген күмбез» атты драмалық дастандары, «Майра», «Жартас», «Жалғыз ағаш орман емес», «Көңілдестер», «Қыз бен жігіт», «Монологтар» атты драмалық шығармалары жарық көрген. «Дубай Шубаевич», «Той боларда» атты комедиялары бар. Ол әдебиеттану саласында да өнімді еңбек етті. Оның «Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы» атты зерттеуінде қазақ драматургиясының күрделі мәселелері жан-жақты қарастырылған. Ақынның «Жылдар, ойлар», «Жаданның хаттары», «Хаттар сөйлегенде», «Өмір мен ерлік» деген сын, эссе, проза кітаптарында әдебиет пен өнерге қатысты жайлар жөнінде толымды пікірлер айтылады. 1954 жылы Ә.Тәжібаевтың сценарийі бойынша «Жамбыл» фильмі түсірілді.

«Қазан төңкерісі», 2 мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

8 6 жыл бұрын (1928-1998) тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жаратылыстану ғылымдары академиясының, Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының, Педагогика ғылымдары академиясының академигі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жоғары мектеп қызметкері МҰСТАФИН Тілеміс Тілеуғабылұлы дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Қарағанды медицина институтының ассистенті, оқытушысы, кафедра меңгерушісі болған. 1975-1998 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің доценті, ғылыми коммунизм кафедрасының меңгерушісі, проректоры, саясаттану кафедрасының меңгерушісі. 1997-1998 жылдары Қазақстан Республикасы Саясаттану ғылымдары академиясының президенті қызметін атқарған. Ғалымның 270-тен астам ғылыми еңбектері бар.

«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.

8 5 жыл бұрын (1929) химия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Ә.Бектұров атындағы Химия ғылымдары институтының құрметті директоры, Нью-Йорк ғылым академиясының мүшесі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ЖҰБАНОВ Болат Ахметұлы дүниеге келді.

Ақтөбе облысында туған. Мәскеу химия-технология институтын және аспирантурасын бітірген. КСРО ҒА Элементорганикалық қосылыстар институтының кіші ғылыми қызметкері, Қазақстан ҒА Химия ғылымдары институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, директоры, Қазақстан ҒА Химия-технология ғылымдары бөлімшесінің академик-хатшысы, Қазақ мемлекеттік университеті жоғары молекулалық қосылыстар химиясы кафедрасының ұйымдастырушысы және меңгерушісі әрі профессоры болған. Негізгі ғылыми еңбектері макромолекула түзілу процесін зерттеуге, жаңа мономерлерді, жылуға және отқа төзімді, медицинада қолданылатын полимерлерді, композициялық материалдарды алуға арналған. Поликонденсациялық процестердің теориясы мен практикасын дамытуға үлкен үлес қосты. «Ассоциативті поликонденсация» деп аталатын полимер түзілудің жаңа процесінің негізгі принциптерін жасады. Бұл принциптер көп функционалды мономерлерді қолдану арқылы полимерлерді синтездеудің жаңа әдісін жасауға мүмкіндік туғызды. Б.Жұбанов полимерлер алуға мүмкіндік беретін поликонденсациялық процестер катализінің ғылыми негіздерін жасады. Жаңа дәрілік препараттар - анальгетиктер, анестетиктер, туберкулез бен қатерлі ісікке қарсы және кардиотропты заттар алды. Ғалымның 700-ден астам ғылыми мақаласы, 7 монографиясы, 120-дан астам авторлық куәлігі мен патенті бар.

«Қазан төңкерісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

74 жыл бұрын (1940) ғалым, медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылымдар Академиясының академигі ҚҰЛҚЫБАЕВ Ғабдолла Әбдіқожаұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысында туған.

Қарағанды мемлекеттік медицина институтын (Қарағанды мемлекеттік медицина академиясы) бітірген.

Қарағанды медицина институтында ғылыми-педагогикалық қызметпен шұғылданған. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі кардиология ғылыми-зерттеу институтының директоры, Еңбек гигиенасы мен кәсіби ауруларды зерттейтін ұлттық ғылыми орталығының директоры қызметтерін атқарған.

Ғылыми еңбектерінің негізгі бағыты теориялық токсикология, өндірістік гигиена және медициналық экология мәселелеріне арналған. Фосформен улану потогенезінің негізгі механизмдерін алғаш анықтады. Құрамында әр түрлі антиаксиданттық витаминдер, амин қышқылдары, май қышқылы және тағамдық талшықтары бар тағамның (тамақтың) улануға қарсы модификация ықпал ететіндігін анықтады. Республикадағы гигиена-экология ғылыми-зерттеулер бағытының тұжырымдамасын жасады.

Қарағанды қаласының құрметті азаматы.

71 жыл бұрын (1943) кинорежиссер, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ҚАСЫМБЕКОВ Қанымбек дүниеге келді.

Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын бітірген. 1969 жылдан «Қазақфильм» киностудиясында қоюшы-режиссер ретінде еңбек еткен. Ол түсірген «Шоқ пен Шер» толық метражды көркем фильм 1972 жылы Монте-Карло қаласында өткен Халықаралық фестивальде балаларға арналған кино туындылары арасынан бас жүлдені, соныдай-ақ аталмыш фильм Ташкент кинофестивалінде КСРО Киноматография одағының жүлдесін жеңіп алған. Оның «Қызыл отау», «Қоштасқым келмейді», «Ұш, тырнашым, ұш», «Соңғы түлкі», «Саған күшік керек пе» атты көркем фильмдері бар.

8 1 жыл бұрын (1933-2012) кеңестік және ресейлік театр және кино актері, тележүргізуші, РСФСР халық әртісі Игорь КВАША дүниеге келді.

6 9 жыл бұрын (1945) кеңестік және әзірбайжан әншісі және композитор, Әзірбайжан халық әртісі Полад БЮЛЬ-БЮЛЬ ОГЛЫ дүниеге келді.

63 жыл бұрын (1951) Қазақстан Республикасының Ауғанстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Өміртай Мақашұлы БІТІМОВ дүниеге келген.

Семей қаласында дүниеге келген. 1972 жылы Семей педагогикалық институтының физика, математика факультетін тәмамдады. 1975 жылы Минскідегі КСРО МҚК жоғары курсының тыңдаушысы, 1979 жылы КСРО МҚК институтында білім алды. 1972-1975 жылдары - орта мектепте оқытушы, оқу ісінің меңгерушісі. 1973-1974 жылдары Кеңес әскері қатарында. 1976 жылдан - Семей облысы Аягөз ауданында МҚКБ аудандық бөлімшесінде төтенше уәкіл. 1979 жылдан КСРО МҚК бас басқармасында, 1992 жылдан ҚР МҚК қызметінде. ҚР Сыртқы істер министрлігінде қызымет етті. 1997 жылдан - департамент бастығы, ҚР ҰҚК "Барлау" ақпараттық-талдау орталығының бастығы. 2002 жылдан 2009 жылға дейін ҚР ҰҚК "Барлау" қызметінің бастығы. 2011 жылдың маусымынан бастап Қазақстан Республикасының Ауғанстандағы Төтенше және өкілетті елшісі. Генерал-майор, Ұлттық қауіпсіздік органдарының құрметті қызметкері, «Қызыл жұлдыз» орденімен, бірнеше мемлекеттік және ведомстволық медальдармен марапатталған.