4 қазан. БЕЙСЕНБІ
Адамзат үшін ғарышты игеру дәуірінің басталған күні. 4-10 қазан - Дүниежүзілік ғарыш апталығы
1957 жылы 4 қазанда Байқоңыр ғарыш айлағынан ғаламшар тарихында алғаш рет жердің жасанды серігі ұшырылды. 1967 жылдың қыркүйек айында Халықаралық астронавтика федерациясы бұл күнді мереке ретінде жариялады. Ғарыш ғылымы мен технологиясының жер бетіндегі адамзаттың өмірін жақсартуға қосқан үлесін ескеру мақсатында 1999 жылғы 6 желтоқсандағы БҰҰ Бас Ассамблеясының 54/68 қарарына сәйкес атап өтіледі.
Астрономия күні
Астрономия күнін тойлау идеясы Солтүстік Каролина Астрономиялық қауымдастығының президенті Дуг Бергерге тиесілі. Ол алғаш рет 1973 жылы жарияланды.
Халықаралық жануарлар күні
Флоренциядағы Табиғатты қорғаушылар қозғалысы белсенділерінің халықаралық конгресі шешімімен 1931 жылдан бері католик мерекесі - Әулие Франциск күні атап өтіледі.
Лесото корольдігінің Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1966)
Лесото - Африканың оңтүстігінде орналасқан мемлекет. Астанасы - Масеру қаласы. Мемлекеттік тілдері - ағылшын және сото тілдері. Ақша бірлігі - малоти (лоти). Мемлекеттік құрылысы - парламенттік демократия элементтері бар конституциялық монархия. Мемлекет басшысы - король. Үкімет басшысы - Премьер-Министр.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1920 жылы Орынборда Қазақстан кеңестерінің Құрылтай съезі өтіп, Қазақ АКСР-нің (Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы) Декларациясы қабылданды. Декларация РКФСР құрамына кіретін Қазақ АКСР-нің құрылғанын жариялады. С. Меңдешев басшылық еткен Орталық Атқару Комитеті және В. Радус-Зенкович басшылығындағы Халық комиссарларының Кеңесі сайланды. Ресей құрамындағы Қазақ АКСР-інің астанасы Орынбор қаласы болды. Осыған орай Орынбор губерниясы 1920 жылғы қыркүйекте Қазақ АКСР құрамына кірді. Семей, Ақмола, Торғай, Орал облыстары, Маңғыстау уезі, Красновод уезі, Астрахань губерниясынан құралған Республиканың жер көлемі 2 млн шаршы шақырымды құрап, халқының саны 5 миллионға жетті.
1931 жылы Қарағанды облысының «Қарағанды пролетариаты» атты газеті шыға бастады (қазіргі «Орталық Қазақстан»). Соғыстан кейінгі жылдары оның атауы «Советтік Қарағанды» деп өзгертіліп, кейіннен «Орталық Қазақстан» деп аталды. Бұл газетте жазушылар Ғабиден Мұстафин, Әлжаппар Әбішев, публицист Саттар Ерубаев сынды тұлғалар қызмет етті.
1957 жылы Қазақстанда Байқоңыр айлағынан құрлықаралық баллистикалық зымыран көмегімен орбитаға алғашқы жасанды серік ұшырылды. Ол жердің жақын нүктесі перигейде 228 шақырым және алыс нүкте - апогейде 946 шақырымға көтеріліп, жылдамдығы 28 565 км/сағ. дейін жетті.
1991 жылы Гурьев қалалық Халық депутаттары кеңесі облыс орталығының атауын Атырау қаласы деп өзгерту туралы шешім қабылдады.
1994 жылы Ангола Республикасымен Дипломатиялық қарым-қатынастар орнату туралы хаттамаға қол қойылды.
1995 жылы Қазақстан Республикасы 1961 жылғы Сыртқы сауда арбитражы туралы Еуропа Конвенциясына қосылды.
1996 жылы Алматыда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан Республикаларының Президенттері және Ресей Федерациясының Премьер-Министрі бас қосты. Кездесу барысында Ауғанстан жерінде басталған ұрыс қимылдары талқыланып, бірлескен мәлімдемеге қол қойылды.
1996 жылы қазақ халқының XVIII-XIX ғасырдағы атақты шешені Бөлтірік Әлменұлының 225 жылдығы аталып өтті.
1999 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының сол кездегі төрағасы, Норвегияның Сыртқы істер министрі К.Воллебекті қабылдады. Кездесу барысында Н.Назарбаев пен К.Воллебек Қырғызстандағы жағдай, Ыстанбұлда өтетін ЕҚЫҰ саммиті және республикадағы парламенттік сайлауды өткізуге дайындық барысы туралы пікір алмасты. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы мен ЕҚЫҰ-ның төрағасы әлемдегі және Орталық Азиядағы қоғамдық өмірді демократияландыру үрдісін кеңейту мен тереңдетудің ахуалы және келешегін талқылады. Әңгіме барысында сонымен қатар көлік және коммуникация, сумен жабдықтау, экология салаларында Қазақстан Республикасы мен Норвегия Корольдігі арасындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтудің болашағы қарастырылды.
2005 жылы ОҚО Созақ ауданы орталығы Шолаққорған қаласында жаңа мектеп ашылды. Бұл жаңа үлгідегі үлкен ғимарат 1266 орынға бағытталған.
2005 жылы Ақмола облысының Бұланды ауданындағы еліміздің біртуар ұлы, атақты балуан, әнші, композитор, ақын Балуан Шолаққа (Нұрмағамбет Баймырзаұлы) мемориалдық ескерткіш ашылды.
Биіктігі 16 метрлік сәулеттік шешімі ерекше ескерткіш Балуан Шолақтың (1864-1919 жж.) өмірі мен сан қырлы дарынынан мол мағлұмат береді. Мемориал Жамбыл облысындағы Қордай жерінен арнайы жеткізілген қызыл граниттен тұрғызылған. Қазақтың біртуар ұлының өмірі туралы баяндама қабырғаға қашалып жазылған. Шолақтың ата-бабалары Жетісу өңірінен Сарыарқа даласына келген болатын, ол жас кезінде бірде-бір күрестен жеңілмей Балуан құрмет атағына ие болды. Бірақ Шолақтың басты қызығушылығының бірі - ән айту мен домбырада күй тарту. Ол Біржан сал мен Ақан серінің шығармаларын керемет орындайтын. Жарық дүниеде бар болғаны 55 жыл ғана өмір сүрген, ол артынан ондаған өлеңдерді қалдырып кетті, соның ішінде халыққа кеңінен таралғаны «Ғалия», «Қыркүйек», «Талды-Көл», «Сарын» және басқалары. Қазақтың танымал жазушысы Сәбит Мұқанов өзінің дастанын атақты әнші, композитор, ақын Балуан Шолаққа арнаған. Оның есімі Алматыдағы Спорт сарайына берілген.
2011 жылы Астанадағы Тәуелсіздік сарайында KAZENERGY-2011 VI Еуразиялық форумы басталды.
2012 жылы Қарағанды облысы Нұра ауданының Киевка кентінде ақын, жазушы, қазіргі қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, қоғам және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің ескерткіші ашылды. Ескерткіш авторы - қарағандылық мүсінші Бейбіт Мұстафин.
2012 жылы «Қазпошта» АҚ режиссер Мәжит Бегалиннің 90 жылдығына арналған көркемсуретті марканы айналымға енгізді.
2012 жылы Астанада өткен VII «Kazenergy» энергетикалық форумы аясында Энергетика саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстандық-норвегиялық жұмыс тобының кезекті IV отырысы өтті.
2012 жылы Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының ғалымдары Шымкентте қазба жұмыстарын жүргізіп, өрнегі бар 2 алтын дискіні тауып алды. Олардың диаметрі шамамен 7 см.
2013 жылы Ирандағы археографиялық экспедиция Тегерандағы Меджлис (парламент) кітапханасынан «Мәджмуә уә джунг» сарай дипломатиялық құжаттар жинағын тапты. Онда сәфәви билеушілерінің қазақ хандарымен жазысқан хаттары сақталады.
2014 жылы Алматыда «Қайрат» ФК футзалдан Әлем суперкубогының финалында Мәскеудің «Динамосын» ұтып, осы жүлдені алғаш рет жеңіп алды. Бұдан тыс, «Қайрат» футзалдан Әлем суперкубогының иегері атанған алғашқы азиялық команда болды.
2015 жылы Астанада Сирия оппозициясы өкілдері келіссөздерінің екінші кезеңі аяқталды. Кездесу нәтижелері бойынша қорытынды декларацияға қол қойылып, онда Сирия дағдарысына қарсы күрес бойынша одан әрі кездесулерді ұйымдастыру белгіленді.
2016 жылы ҚР Тәуелсіздік Сарайында ХІІІ Қазақстан мен Ресей аймақаралық ынтымақтастығы форумы өтті. Оған екі мемлекеттің басшылары - Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин қатысты. Форум қорытындысы бойынша экономиканың азық-түлік өнеркәсібі, химия, металлургия, инновация, машина жасау, фармацевтика, құрылыс материалдарын өндіру сияқты маңызды салаларындағы 30-дан астам екіжақты келісімдерге қол қойылды.
2016 жылы Астанада Татарстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы өкілетті өкілдігінің жаңа ғимараты ашылды. Сол салтанатқа Астана әкімі Әсет Исекешев пен Татарстан президенті Рустам Минниханов қатысты. Татарстан президенті Қазақстан басшылығына елімізде тұратын татар диаспорасына көрсетіп отырған қолдауы және 2017 жылы Астанада Татарстан күндерін ұйымдастыру мүмкіндігі үшін алғыс айтты.
2016 жылы Брюссельде «Қазақстан Республикасы - Еуропа одағы» Ынтымақтастық кеңесінің 15-отырысы болды.
2017 жылы Астанадағы «Қазмедиа» орталығында «Astana Media Week» қазақстандық медиаапталығы басталды. 4-6 қазан аралығында өтетін шара Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевтың бастамасы - Қазақстанның рухани жаңғыруының негізгі басымдықтарын орындау мақсатында елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылды. «Astana Media Week» қазақстандық медиааптасы - бұл кең көлемдегі салалық іс-шаралар сериясы. Жыл сайын Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тапсырысымен өткізілетін Орталық Азиядағы ең ірі медиа-оқиға. Astana Media Week 2017 негізгі мақсаты - отандық медиа сфераны дамыту және өңірлік деңгейде индустриядағы іскерлік қатынастарды ілгерілету.