4 маусым. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 4 маусым. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 4 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.

4 маусым, ДҮЙСЕНБІ

Агрессияның жазықсыз құрбандары болған балалардың халықаралық күні. 1982 жылғы тамыздың 19-ында палестина мәселесі бойынша өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының төтенше арнайы сессиясының шешімімен, 1982 жылғы маусымның 4-дегі Израиль Қарулы Күштерінің Бейруттағы тұрғын үй аудандарын бомбалауының бір жылдығына орай, 1983 жылдан бастап атап өтіледі.

Тонга Корольдігінің Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздігін жариялаған күні (1970). Тонга Корольдігі Тынық мұхитының оңтүстік-батысында Вавау, Хаапай, Тонгатапу және басқа да шағын аралдарда орналасқан мемлекет. Әкімшілік жағынан 5 округке бөлінеді. Астанасы - Нукуалофа қаласы. Ресми тілі - тонга және ағылшын тілдері. Ақша бірлігі - паанга. Тонга Конституциялық монархия. Елді Король басқарады. Мемлекеттік заң шығарушы органы - Заң шығару жиналысы.

Ингушетия Республикасының құрылған күні. 1992 жылы РФ Жоғарғы Кеңесі Ресей Федерациясының құрамындағы Ингуш Республикасын құру туралы Заң қабылдады. 

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні. 1992 жылғы маусымның 4-де тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді - бұл күн ел тарихында жаңа мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі есте сақталады. Мемлекеттік рәміздер - мемлекеттің мызғымас негіздерінің бірі.

Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран мемлекеттің негізгі рәміздері саналады.

Көгілдір түсті туымыз бен ортасында шаңырақ бейнесіндегі алтын сәулелі күн орныққан елтаңбамыз бүкіл әлемге Қазақстан Республикасы аталатын жаңа тәуелсіз Мемлекет бейнесін паш етті. 1992 жылы суретші Шәкен Ниязбеков салған Мемлекеттік ту бекітілді. Егемен Қазақстанның бүгінгі Елтаңбасы екі танымал сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың қыруар еңбегінің жемісі болып табылады. 1992 жылы республикамыз әнұранның әні мен мәтініне конкурс жарияланды. Тұңғыш Қазақстан әнұран әнінің авторлары - Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамиди. 2006 жылы жаңа Мемлекеттік әнұран қабылданды.

Бақытты тағдыры өткен ғасырдың елуінші жылдарының екінші жартысынан басталған халық арасында кең танымал патриоттық ән «Менің Қазақстаным» жаңа Әнұран негізіне айналды. Қазақстан Республикасы жаңа Мемлекеттік әнұранның авторлары - Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекеттік рәміздер күні - Қазақстандағы мүлде жаңа мейрам, әйтсе де оны қазақстандықтар асқан патриоттық сезіммен мерекелейді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

20 жыл бұрын (1992) Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жалауы туралы», «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасы туралы», «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» Заңдар күшіне енді.

Қазақстан Республикасының мемлекеттiк негiзгi рәмiздердiң бiрi - Мемлекеттік туы. ҚР мемлекеттік туының авторы - суретшi Шәкен Ниязбеков. Мемлекеттік ту - көгiлдiр түстi тiк бұрышты кездеме. Оның ортасында арайлы күн, күннiң астында қалықтаған қыран бейнеленген. Ағаш сабына бекiтiлген тұста ұлттық оюлармен кестеленген тiк жолақ өрнектелген. Күн, арай, қыран және ою-өрнек - алтын түстi. Тудың енi ұзындығының жартысына тең. Бiрыңғай көк түс төбедегi бұлтсыз ашық аспанның биiк күмбезiн елестетедi және Қазақстан халқының бiрлiк, ынтымақ жолына адалдығын аңғартады. Бұлтсыз көк аспан барлық халықтарда әрқашан да бейбiтшiлiктiң, тыныштық пен жақсылықтың нышаны болған. Геральдика (гербтану) тiлiнде - көк түс және оның түрлi реңкi адалдық, сенiмдiлiк, үмiт сияқты адамгершiлiк қасиеттерге сай келедi. Ежелгi түркi тiлiнде «көк» сөзi аспан деген ұғымды бiлдiредi. Көк түс түркi халықтары үшiн қасиеттi ұғым. Түркi және әлемнiң өзге де халықтарындағы көк түстiң мәдени-семиотикалық тарихына сүйене отырып, мемлекеттік тудағы көгiлдiр түс Қазақстан халқының жаңа мемлекеттiлiкке ұмтылған ниет-тiлегiнiң тазалығын, асқақтығын көрсетедi деп қорытуға болады. Нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелейдi. Күн - қозғалыс, даму, өсiп-өркендеудiң және өмiрдiң белгiсi. Күн - уақыт, замана бейнесi. Қанатын жайған қыран құс - бар нәрсенiң бастауындай, билiк, айбындылық бейнесi. Ұлан-байтақ кеңiстiкте қалықтаған қыран ҚР-ның еркiндiк сүйгiш асқақ рухын, қазақ халқының жан-дүниесiнiң кеңдiгiн паш етедi.

Қазақстан Республикасының негiзгi мемлекеттiк рәмiздерiнiң бiрi - елтаңба. Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасының авторлары - Ж.Мәлiбеков пен Ш.Уәлиханов. Рәмiздiк тұрғыдан ҚР мемлекеттік гербiнiң негiзi - шаңырақ. Ол - гербтiң жүрегi. Шаңырақ - мемлекеттiң түп-негiзi - отбасының бейнесi. Шаңырақ - Күн шеңберi. Айналған Күн шеңберiнiң қозғалыстағы суретi iспеттi, Шаңырақ - киiз үйдiң күмбезi көшпелi түркiлер үшiн үйдiң, ошақтың, отбасының бейнесi. Тұлпар - дала дүлдiлi, ер-азаматтың сәйгүлiгi, желдей ескен жүйрiк аты, жеңiске деген жасымас жiгердiң, қажымас қайраттың, мұқалмас қажырдың, тәуелсiздiкке, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың бейнесi. Қанатты тұлпар - қазақ поэзиясындағы кең тараған бейне. Ол ұшқыр арманның, самғаған таңғажайып жасампаздық қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың кейпi. Қанатты тұлпар Уақыт пен Кеңiстiктi бiрiктiредi. Ол өлмес өмiрдiң бейнесi. Бiр шаңырақтың астында тату-тәттi өмiр сүретiн Қазақстан халқының өсiп-өркендеуiн, рухани байлығын, сан сырлы, алуан қырлы бет-бейнесiн паш етедi. Бес бұрышты жұлдыз елтаңбаның тәжi iспеттi. Әрбiр адамның жол нұсқайтын жарық жұлдызы бар.

Қазақстан Республикасының негізгі мемлекеттік рәміздерінің бірі - әнұран. 2006 жылғы қаңтардың 6-да Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні Қазақстан Республикасының әнұраны болып бекітілді.  

20 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Кәсіпкерлер одағы құрылды.

348 жыл бұрын (1664) Жаңа Амстердам қаласының  аты - Нью-Йорк болып өзгертілді.

5 жыл бұрын (2007) Астанада Шешенстан Республикасының Президенті Рамзан Қадыров Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Шешенстанның алғашқы президенті Ахмет Қадыровтың орденін ұсынды.

Қазақстан басшысына бұл орден екі ел арасындағы байланыстарды дамытуға қосқан үлесі және депортация жылдарында қазақ елінің шешен халқына көрсеткен қолдауы үшін ұсынылды.

5 жыл бұрын (2007) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Маңғыстау облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгеріс туралы» Жарлыққа қол қойды.

Жарлыққа сәйкес Маңғыстау облысының құрамында әкімшілік орталығы Маңғыстау ауылында болатын әкімшілік-аумақтық бірлік - Мұнайлы ауданы құрылды.

5 жыл бұрын (2007) Алматы-Атырау бағытында жаңа вагондардан жасақталған «Ақжайық» фирмалық жедел жолаушылар пойызы іске қосылды.

Жаңа пойыз Қытайдан алынған 19 вагоннан тұрады. Алматы-Атырау бағытының қашықтығын 4 сағатқа, Алматы-Ақтөбе бағытын 3 сағатқа қысқартуға мүмкіндік беретін жаңа пойыз жолаушылар үшін аса ыңғайлы.

3 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құжаттамалық қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Аталған Заң мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттаудың бірыңғай талаптарын белгілеуге, құжаттармен жұмысты ұйымдастыруды жақсартуға және құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.

3 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Мәдени бағдарламалар орталығында педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Закирияновтың «Шыңғысханның түркілік ғұмырнамасы» атты кітабының тұсаукесері өтті.

«Шыңғысханның түркілік ғұмырнамасы» кітабында Шыңғысхан мемлекетінің құрылуы, Шыңғысхан әулетінің генетикалық мұрасының мәселелері талданады, Түркі қағанаты кезеңіндегі моңғолдар тарихының мәселелері қарастырылады. Шыңғысхан мемлекеті мен Қазақстан тарихы арасындағы өзара байланыс сараланып дәлелденеді. Ру таңбаларының шығу тарихы ғылыми тұрғыдан түсіндіріледі.

Сонымен қатар осы кітап беттерінде ғалым Қайрат Закириянов қазақ халқының тұрғылықты мекені, басқа халықтармен және өркениеттермен байланысы, халық болып қалыптасу жолындағы жеңістері мен жеңілістері мәселелерін қарастырады. Автор қазақ ұлтының қазіргі Қазақстан территориясында қалыптасу мәселелерін саралайды. Кітап осы еңбекте Шыңғысхан мемлекеті мен Қазақстан тарихының жаңа белгісіз беттерінің ашылуымен ерекшеленеді.

68 жыл бұрын (1944) қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұловаға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Әлия (шын есімі Ілия, майданас достары «Лия» деп атапты) Нұрмұхамбетқызы Молдағұлова (1925 -1944) - Кеңес Одағының батыры, снайпер , ефрейтор .

Ақтөбе облысы, Қобда ауданының Бұлақ ауылында дүниеге келген. Бала кезінде анасынан айырылып, кейіннен Алматыда ағасының қолында тұрған, ал 1935 жылдан бастап Ленинград , Красногвардейский ауданы, Гурдин көшесіндегі №46-шы балалар үйінде тәрбиеленген. Оқудағы озаттығы және үлгілі тәртібі үшін Әлия Қырымдағы Бүкілодақтық пионерлер лагері - Артек ке жіберіледі. Артекте батырлар тақтасына Рубен Ибаррури , Тимур Фрунзе сияқты батырлармен қатар Әлия Молдағұлованың да суреті енгізілген. Соғыс басталған соң балалар үйімен бірге Ярослав облысының Вятское селосына эвакуацияланған. Вятское орта мектебінен 7-сыныпты бітірісімен Рыбинск авиациялық техникумына түседі, бірақ көп ұзамай (1942) ЖШҚӘ-ға (Жұмысшы-Шаруа Қызыл Әскері) майданға жіберу туралы өтініш жібереді. 1943 жылы Снайперлер дайындау орталық әйелдер мектебін аяқтайды. 1943 жылдан бастап 54-ші арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болған (22-ші әскер, 2-ші Балтық жағалауы фронты). Жау әскерінің 30-дан аса сарбаздары мен офицерлерінің көзін жойған. 1944 жылы 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза тапты. Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұловаға 1944 жылы 4 маусымда Кеңес Одағы Батыры атағы берілді. Ленин орденімен марапатталды. Новосокольники ауданының Монакова ауылында жерленген. Әлия есімімен көшелер, ондаған мектептер (Мәскеудегі № 891 орта мектебі, Шымкенттегі № 29 орта мектебі, Новосокольники № 72 орта мектебі, Оралдағы № 38 орта мектебі), Әскери-теңіз флотының кемелері, Каспий жүк таситын теплоходы аталған. Ақтөбе, Астана, Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербор, Новосокольники қалаларында ескерткіштер орнатылған. Ақтөбеде облыстық мемориалды музей жұмыс жасайды.

2 жыл бұрын (2010) Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде аталмыш оқу орны мен Франция Білім министрлігі және «Шнейдер Электрик Қазақстан» ЖШС арасында энергетика мен электр техникасы және  Schneider Electric техникалық қызмет көрсетуінің автоматты жүйесі саласында Қазақстан-Француз білім орталығын құру туралы өзара келісімге қол қойылды. «Франция президенті Николя Саркозидің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары кезінде қол қойылған екіжақты келісімнің бүгін бір бөлігі орындалды.  Біздің бұл университетті таңдауымызда өзіндік мән бар. Себебі, бұл оқу орны қажетті ғылым кадрлары мен материалды-техникалық қорға ие», деді Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Жан-Шарль Бертоне. «Біздің компаниямыз университетке заманауи зертханалық жабдықтарды жеткізіп отыруға жауапты. Отандық мамандарды даярлау біздің Қазақстандағы басты бағыттарымыздың бірі болып табылады. Жаңадан құрылған орталық түлектері еңбек нарығында өнімді қызмет етеді деген сенімдемін», деді «Schneider Electric» компаниясының директоры Люк Шантели. Оның айтуынша, 7 жыл бұрын құрылған компания екі елге өз үлестерін көрсетіп, қолдау білдіріп келеді.

ЕСІМДЕР

54 жыл бұрын (1958) әнші, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, Барселонада өткен Ф.Виньяса атындағы Халықаралық вокалшылар конкурсының арнаулы Джино Бекки сыйлығының иегері ҮСЕНБАЕВА Нұржамал Пернебекқызы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласында туған. Алматы консерваториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген. Сол жылдан бастап Қазақ академиялық опера және балет театрының соло-әншісі. Осы театр сахнасында орындаған аса елеулі партиялары қатарында Қыз Жібек, Дана (Е.Брусиловский «Қыз Жібек», «Ер Тарғын»), Ажар (А.Жұбанов, Л.Хамиди «Абай»), Сара (М.Төлебаев «Біржан-Сара»), Зылиха (Б.Жұманиязов «Махамбет»), Розалида (И.Штраус «Жарқанат»), Виолетта (Дж.Верди «Травиата»), Антония (Ж.Оффенбах «Гофман ертегілері»), т.б. бар. Қазақ әндерін де («Шилі өзен», «Алқоңыр», т.б.) үлкен шеберлікпен орындайды. Биік деңгейдегі кәсіби шеберлік пен шынайылық, баурап алар сахналық тартымдылық пен табиғи талғампаздық оның әншілік өнеріне тән қасиет. Үсенбаеваның репертуарынан ұлттық және шет ел композиторларының әр алуан музыкалық шығармалары орын алған. Әнші гастрольдік сапармен Ресей қалаларында, сондай-ақ, 1997 жылы Татар академиялық опера және балет театрының құрамында Португалияда, 1998 жылы Санкт-Петербордың академиялық опера және балет театры кұрамында Жапонияда және басқа елдерде өнер көрсеткен. 2007 жылы «Карнеги-Холл» (Нью-Йорк) залында жеке концерт берген.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

77 жыл бұрын (1935-2009) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Райымбек ауданының Құрметті азаматы, Мұқағали Мақатаев атындағы Республикалық қордың және сыйлықтың иегері ІБІТАНОВ Еркін Жұмаділұлы дүниеге келді.

Алматы облысы Райымбек ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

Нарынқол аудандық мәдениет бөлімінде, аудандық «Хантәңірі» газеті редакциясында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтерін атқарған.

«Қойшылар», «Арман-әлем», «Хантәңірі, қайдасың?», «Қасіретті де қасиетті ғасырым» атты өлеңдері мен дастандар жинақтарының авторы. Бірқатар өлеңдері орыс тіліне аударылып, «Бүгінгі күн» жинағына енгізілген.

37 жыл бұрын (1975) спортшы, кикбокстен халықаралық дәрежедегі спорт шебері ҚАЙЫПЖАНОВ Елмұрат Мұқашұлы дүниеге келді.

Алматы облысында туған.

Азияның, Еуропаның 2 дүркін чемпионы. 1997 жылғы Әлем Кубогының жеңімпазы, 1997 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атанған.

86 жыл бұрын (1926-1997) қоғам қайраткері ИВАНОВ Борис Петрович дүниеге келді.

Ресей Федерациясының Челябі қаласында туған. Инженер-жылу технигі мамандығы бойынша Куйбышев индустриалдық институтын бітірген. 1948-1954 жылдары - Глубокое Жылу электр орталығы цехының бастығы, кезекші инженері, өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы. 1954-1960 жылдары - Өскемен жылу электр орталығы цехының бастығы. 1960-1969 жылдары - Соғрын жылу электр орталығының директоры. 1969-1970 жылдары - «Батысқазэнерго» республикалық энергетика басқармасының бас инженері. 1970-1978 жылдары - «Павлодарэнерго» республикалық энергетика басқармасының бастығы. 1978-1980 жылдары - Қазақ КСР Энергетика және электрлендіру министрінің орынбасары. 1980-1984 жылдары - Қазақ КСР Энергетика және электрлендіру министрі. 1984 жылдан бастап зейнет демалысына шыққан. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 10-шы шақырылымының депутаты болған.

Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

58 жыл бұрын (1954) Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің жауапты хатшысы НҰРҒАЛИЕВ Ерғазы Мейірғалиұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы Самара ауданының Еспе ауылында дүниеге келген. Өскемен құрылыс-жол институтының архитектуралық факультетін аяқтады (1972-1977 жж.). КСРО ЖК қатарына жедел әскери қызмет офицері ретінде шақырылды. Әскери қызметін 12253 ә/б бөлімшесінде «Байқоңыр» ғарыш айлағының құрылыс объектілерінде прораб, құрылыс учаскесінің бастығы қызметінде өтеді. 1979 - 1989 жылдары күрделі құрылыс басқармасында инженер-тексеруші, инженер-инспектор, 11284 ә/б 1 санаттағы инженері  қызметтерінде істеді.1989 жылы Ленинск қаласы атқарушы комитеті төрағасының бірінші орынбасарының м.а. болып шақырылды және 1990 жылы осы қызметке сайланды. 1992 - 1993 жылдары архитектура және қала құрылысы басқармасының бастығы - Ленинск қаласының бас архитекторы болып жұмыс істеді. 1993 жылы Ленинск қаласы әкімшілігі басшысының орынбасары, 1994 жылы әкімшілік басшысы орынбасары - Ленинск қаласының мемлекеттік мүлік жөніндегі аумақтық комитет төрағасы болып қызмет атқарды. 1995 жылы Ленинск қаласында «Байқоңыр» ғарыш айлағында Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы Өкілі болып тағайындалды. Ленинск қаласының Байқоңыр қаласына қайта ауыстырылғаннан кейін 1996 жылы «Байқоңыр» ғарыш айлағында Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы Өкілі болып қайта тағайындалды. Осы қызметте 2004 жылдың қыркүйегіне дейін жұмыс істеді. 1998 - 2001 жылдары Тәуелсіз халықаралық экологиялық-саяси университетінде (Москва қ.) оқыды. Университетті заңгер мамандығы бойынша бітірді. 2004  - 2005 жылдары Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті директорының орынбасары болып қызмет атқарды. 2005 жылы «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы «Бәйтерек» БК АҚ филиалы бас директорының орынбасары болып қызмет атқарды. 2007 жылғы 2 қыркүйекте «Бәйтерек» БК АҚ бас директорының бірінші орынбасары болып тағайындалды. 2007 жылғы 28 қазаннан бүгінгі күнге дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің Жауапты хатшысы болып қызмет атқарады.

.II дәрежелі «Достық» орденімен (2001 ж.), «КСРО Қарулы Күштеріне 60 жыл» (1978 ж), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл » (2003 ж.) медальдарымен марапатталған. .

56 жыл  бұрын (1956) Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының  әкімі ШӘКІМОВ Болат Әдиетұлы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында туған. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын, Алматы саясаттану және басқару институтын бітірген. 1979-1985 жылдары - арнайы кәсіптік-техникалық училищеде мұғалім, комсомол комитетінің хатшысы, Камен (қазіргі Тасқала) ауданында «Транссельхозтехника» автокөліктік кәсіпорны учаскесінің шебері, Орал көлік басқару автотізбегінің шебері. 1985-1989 жылдары - Камен аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, кеңшар партия комитетінің хатшысы. 1989-1991 жылдары - Алматы жоғарғы партия мектебін бітірген - Алматы саясаттану және басқару институтының тыңдаушысы. 1991-1992 жылдары - Орал облыстық Кеңес төрағасының референті, төраға орынбасарының көмекшісі. 1992-1993 жылдары - Батыс Қазақстан облысы әкімшілігінің бас инспекторы, референті. 1993-2004 жылдары - «Бота» ЖШС-інің, «Спецстрой» ЖШС-інің директоры. 2004-2012 жылдары - Батыс Қазақстан облысы Тасқала, Бөрлі аудандарының әкімі қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2012 жылдың қаңтар айынан бастап істейді.

44 жыл бұрын (1968) «Алматықұрылыс» ұлттық холдингі компаниясы» АҚ вице-президенті  CҰЛТАНҒАЗИН Алмас Әбенұлы дүниеге келді.

Талдықорған облысының Алакөл ауданындағы арқарлы ауылында туған. Қазақ мемлекеттік құрылыс-сәулет академиясын бітірген, инженер-экономист.

1994 жылдан "Алматықұрылыс" Ұлттық холдинг компаниясының құрылыс саласында қызмет атқарып келеді, 2006 жылдың маусымынан "Алматықұрылыс" Ұлттық холдинг компаниясының вице-президенті

37 жыл бұрын (1975) Атырау облысы әкімінің орынбасары АЙДАРБЕКОВ Серік Кенғанұлы дүниеге келді.

Әл - Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, Қазақ мемлекеттік университетін, Э.Маттей атындағы Жоғары мектебін (Милан, Италия), Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін экономист, экономика бакалавры, экономика магистрі, тау инженері - мұнайшы мамандықтары бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын 1996 жылы Мұнай және газ өнеркәсібінің инвестициялық саясаты департаментінде жетекші маман қызметінде бастаған. Стратегиялық жоспарлау департаментінде, «Қазақойл» Ұлттық компаниясының жобаларын басқару департаментінде талдаушы, бас талдаушы, Қазақстан Республикасы Премьер - Министрінің Кеңсесінде өнеркәсіп және инфрақұрылым бөлімінің кеңесшісі, мемлекеттік органдармен өзара қарым - қатынасты үйлестіру және қолдау көрсету жөніндегі кеңесші, Гаага қаласында (Нидерланды) эксперименталдық бағдарламалар жобасында Agip KCO компаниясының қазақстандық үлесін дамыту жөніндегі департаментінің менеджері (бөлім бастығы), Лондон қаласында «КЕР» ЖШС-ның бизнесті дамыту жөніндегі директоры, қазақстандық - канадалық кәсіпорын «ПауэрКомм» ЖШС-ның бас директоры, «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдинг» АҚ-ның мұнай газ активтерін басқару жөніндегі топтың бас сарапшысы, Қазақстан Республикасы Премьер - Министрінің  кеңесшісі болды.
2008 жылдың қазан айынан бастап Қазақстан Республикасы Премьер - Министрі Кеңсесі индустриялды - инновациялық даму бөлімінің меңгерушісі.

44 жыл бұрын (1968) «БТА Банкі» АҚ басқарма төрағасы БАЛАПАНОВ Ерік Жұмаханұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туылған.1989 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын, 1997 жылы Еуразиялық нарық институтын тәмамдаған. 2001 жылы Экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болған. 1995-1998 жылдары - «Нан Өнімдері» ЖШС Директорлар кеңесінің Төрағасы қызметін атқарған.
2000 жылы «Алматы коммерциялық банкі» ЖАҚ Басқарма Төрағасының м.а. қызметіне тағайындалған. 2001-2002 жылдары - «Қазақстан Даму Банкінің» ЖАҚ Басқарушы директоры. 2002-2003 жылдары - «Каспий өнеркәсіптік-қаржы тобы» ЖШС Бас директорының орынбасары. 2003-2012 жылдары «Казкоммерцбанк» АҚ Басқарушы директоры - Басқарма мүшесі қызметіне тағайындалған. 2009-2012 жылдары «Казкоммерцбанк» АҚ еншілес ұйымдарының Директорлар кеңесінің Төрағасы қызметін атқарған: «Grantum» Жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ, «Grantum Asset Management» ЗАИБЖҰ» АҚ, «Казкоммерц-Полис» Сақтандыру компаниясы» АҚ, «Казкоммерц-Life» Өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ.
2011 жылғы желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» құрмет медалімен марапатталды.2012 жылғы 11 сәуірде «БТА Банкі» АҚ Акционерлерінің жалпы жиналысының шешімімен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ өкілі ретінде «БТА Банкі» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды. 2012 жылғы 16 сәуірде «БТА Банкі» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен «БТА Банкі» АҚ Басқарма төрағасы болып сайланды.