4 млн. астам теңгені жымқырған бухгалтер бес жылға бас бостандығынан айрылды

ОРАЛ. 12 желтоқсан. ҚазАқпарат - 4 млн. астам теңгені жымқырған «Нафта» сауда үйінің бухгалтері бес жылға бас бостандығынан айрылды.

Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, кассир міндетін қоса атқарған бухгалтер қызды Орал қалалық соты ҚР ҚК 176-бабы 3-бөлімі «б» тармағы бойынша  айыпты деп танып, мүлкін тәркілей отырып, бес жылға бас бостандығынан айыру, материалдық жауапкершілігі бар қызметті атқару құқығынан бір жылға айыру жазасын жалпы режимдегі түзету колониясында өтеуді белгілеген болатын. Сонымен бірге сот ҚР ҚК 72-бабы 1-бөлімін қолдана отырып, жазаны өтеуге бір жылға кейінге қалдырды.

БҚО қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы үкімді өзгеріссіз қалдырды.