«Жылыжайлар ауылы»... Павлодар қаласынан бар-жоғы он шақырымда жатқан Павлодар ауылын өңір тұрғындары осылай деп атайды. Десе дегендей, 7 мыңға жуық халқы бар шағын ауыл халқының жартысынан көбі күздің қарасуығында қызанағын қызартып, жылыжайдан табысын ажыратып отыр. Шарт буынып шаруаның қосын тартқан елдің қатарында Тұрсынхановтар отбасы да бар.
Астанада тұңғыш рет ұйымдастырылған республикалық инновациялық идеялардың фестиваліне «мен» деген «ақылымен дос, еңбегімен ерек» кіл мықтылар жиналған екен. Бірі ауыл шаруашылығы саласында малды семіртетін жаңа биоөнімді ойлап тапса, екіншісі ІТ технологияның екінің бірі түсіне бермейтін тың технологияларын жасап шығарған. Үшіншісі медицинаға қатысты жаңалығымен бөлісіп, енді бірі шыдамдылық мерзімі жиырма жылдан асатын шамдарды алып келген. Десе де, қатысушылардың ішінде талап-тілегі жарасқан ерлі-зайыпты Тұрсынхановтар жылыжай шаруашылығына қатысты әлемдегі барлық тәжірибелерді жинақтап, бір арнаға тоғыстыратын жобасын ала келіпті.
Үйдің отағасы Руслан Тұрсынханов отбасының жыл сайын жазда және күзде жылыжайда көкөністерді өсірумен айналысатынын тілге тиек етеді. Аққан тер, еткен еңбек - өз жемісін бермей жатқан жоқ. Бір еккенде 700 түп қияр мен қызанақтан түсетін түсім - жанұяның ішер асы, киер киімі. Отбасы бел жазбай нәпақасын тауып отыр.
«Жылыжай шаруашылығын дамыту үшін бүкіл әлемнің тәжірибелерін ақтарып, тың инновацияларды жинақтадық. Осы салада жүрген достарымыз да бар. Олардың идеясы тіптен қызық - мүлде электр қуатын қолданбайды. Біз де сол жобаға ұқсас модельді осы фестивальге әкелдік. Яғни, күн энергиясы және жел генераторларының қуаты арқылы жылыжайлардың жұмысын жандандыруды көздеп отырмыз. Біз қолданып отырған жел генераторлары үш қанатты немесе оның орнын басқан вертикальды генераторлар емес. Біздің таңдауымыз - трубиналы генераторлар», - дейді Руслан Тұрсынханов.
Оның сөзіне құлақ ассақ, заманның озық инновациясы болып отырған трубиналы генераторлар құстарға да зиянын тигізбейді. Екіншіден, генераторлардың қанаттары көп жағдайда ұшып кетіп, адамдарды жарақаттап жататындықтан, трубиналы генераторларда мұндай қауіп жоқ.
«Генераторларды тура жылыжайдың жанына қойып қоюға әбден болады. Әдеттегі жел генераторларында бар жиілігі төмен тербелістің зияны трубиналы генераторларда болмайды. Әдетте, генераторлардан келетін жиілігі төмен тербеліс 5-7 килогерцтік мөлшермен адамның миына зиянын тигізетінін көп адам біле бермеуі мүмкін. Бұған қоса ультрадыбыс айтарлықтай денсаулыққа кесірін тигізуі ықтимал. Сондықтан, жел генераторларының трубиналы түрінде мұндай мәселелердің барлығы шешілген. Десе де, олардың бір кемшілігі - жел генераторларын әрдайым жел соғып тұрған жаққа бағыттап отыру керек. Қаражат болған жағдайда біз трубиналы жел генераторларын Ресейден тапсырыс беріп әкелетін боламыз», - дейді үйдің отағасы.
Тұрсынхановтар жылыжайды қуат көзімен қамту үшін «екінші инновацияны» да қолданбақ. Яғни, еңбекқор отбасы геотермиялық энергияны пайдаға жаратпақ.
«Жерді қазсаңыз, жүз метрге дейін тереңдікте тұрақты ауа температурасы 5... 8 аралығында сақталады. Ауаның бұл температурасын ысытатын жылу сорғысы арқылы тартып алуға болады Бұл әлемдік тәжірибеде бар. Демек, жер асты ауа температурасы жылу сорғысына келіп, компрессорлар арқылы 100-120 градусқа айналады. Бұл градус жылыжайға тарағанша 70 градуспен түседі. Бұл ауа температурасы жылыжайды жылы еден арқылы жылытуға мүмкіндік береді», - дейді ол.
Ал осы тұрғыда компрессор жұмыс атқарып тұруы үшін жылу сорғыларына қуат көзі қайдан алынады? Төтеден келген сұраққа Руслан да тосылар емес.
«Ұңғыманы 60 метр тереңге қазып, онда құбырларды түсіру керек. Осы құбыр арқылы аталған тереңдікке су жіберіледі. Әлбетте, 60 метр тереңдікте су жылиды. Жұмыстың қағидатын қарапайым желдеткішпен салыстыруға болады. Желдеткіш жылу немесе салқын ауа бөлсе, мұндай құбырлар арқылы салқын жел төменге бөлініп, жылыну арқылы қайтадан жылыжайға таратылады», - дейді үйдің отағасы.
Жылыжайға қажетті қуат көзін Тұрсынхановтар күн батареялары арқылы да алуды көздеуде. Бұл үшін арнайы құрылғы термомассалар керек. Қыстыгүні күн батареяларын қолданудың ешқандай пайдасы бола бермейтіні белгілі. Ал жаз бойы термомассаларға жиналатын қуат қыс бойы термомассалар арқылы жылыжайдың пайдасына жарайтын көрінеді. Сондықтан, есеп бойынша қуаттылығы 10 киловаттық қана жел генераторларының қауқары 500 шаршы метрлік жылыжайды жылытуға қауқарлы екен.
«Жобамыз «Терросоветум» деп аталады. Демек, терро - жер, солнце - күн, ветпен - желді меңзеп отырмыз. Жылыжайлардың тағы бірі түрі вегетарий әдісі арқылы да тұрғызу ойымызда бар. Вегетарий әдісі бойынша күншығыс жаққа бейімделе келе жылыжайдың солтүстік жағы жылытылатын болады. Вегетарий әдісінде моншанікіндей жылу таратқыш тастар жылыжайдың төменгі жағына орналастырылады.
- Ал қазіргі уақытта жылыжайларыңыз қандай әдіспен жұмыс жасауда?
- Қазіргі таңда тек биологиялық жылытқыштар арқылы жылыжайды ұстап отырмыз. Демек, жер жарты метрдей қазылғаннан кейін сол қабатқа малдың тезегі мен желінбей қалған шөбі араластырылып, бетіне сұйықтық құйылады да, оның бетіне құнарлы қабат жабылып, осы араласқан қабат жылу бөледі. Бұл қосынды топыраққа жылу таратады.
- Сіздер айтып отырған инновациялар мен тенологиялар Қазақстанда бар ма?
- Біз айтқан инновациялардың барлығы қазіргі таңда әлемнің түкпір-түкпірінде пайдаға асып жатыр. Тек бұл технологиялар Қазақстанда жоқ. Демек, олар бөлек-бөлек жұмыс атқарып жатқанымен, біз осының барлығын біріктіруді көздеп отырмыз. Баламалы қуат көздерінің барлығын бір жылыжайға біріктіре алсақ, бұл электр энергиясыз жұмыс атқаратын жылыжайға айналады.
- Мұндай озық жылыжайларды жасап шығару үшін қанша қаражат керек? Мемлекеттік субсидияға өтінім беріп көрдіңіздер ме?
- Қазіргі уақытта мұндай жылыжайды орнату үшін айтарлықтай қаражат керек. Трубиналарды бір-бірден сатып алып, жеке қолданғаннан ешқандай пайда жоқ. Субсидия сұрамадық. Әлбетте, мемлекет ақша бөлсе, жұмыс атқаруға дайынбыз. Нәтиженің оңды боларына сеніміміз зор. Себебі, Қазақстанда бұны әлі ешкім қолға алған жоқ. Шамамен 1000 шаршы метрлік жылыжайды іске қосу үшін 25-30 миллион теңгедей қаражат керек. Қазір Павлодардың нарығында күз болсын, көктем болсын басқа жақтан жеміс-жидек пен көкөністер әкелінеді. ...Қазақстанның барлық қаласында солай. Осындай 100 жылыжай орната алсақ, Астана халқы тұтынатын жемістер мен көкөністердің 10 пайызын өндіре алар едік. Біздің ауылымызға келген жаңа әкім жобамызға зор қызығушылық танытып отыр. Егер жылыжай бойынша жылдар бойы жинақтаған тәжірибемізді іске асыра алсақ, бүкіл ауыл осы шаруаға араласып, жалпы нарықта жемістердің бағасы арзандай түсер еді. Қыста да жаңа ғана піскен көкөністер жаздағы бағасынан қымбат болмас еді.
- Егер Сіздерге мемлекеттен 25 млн. Теңге субсидия берілсе, қорықпай істі жүзеге асыруға кірісіп кетер ме едіңіздер? Бір сөзбен айтқанда, «күйіп кетуден» қорықпайсыздар ма?
- Тәуекел түбі жел қайық - өтесің де кетесің. Қолдау болып жатса ешқандай үрейіміз жоқ. Біз қандай бағытта жұмыс жүргізу керектігін жақсы білеміз.