«Отандық жүк тасымалдаушылардың өтуін қамтамасыз ету мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстандық тасымалдаушылар қауымдастығының өкілдерімен бірлесіп, жат жерде қалып қойған көліктердің тізімін жасады. Сондай-ақ, Варшава және Вильнюс қалаларындағы ҚР Елшіліктерімен бірлесе отырып, Польша және Литваның көлік саласындағы уәкілетті органдарымен қазақстандық автокөліктердің шығуына рұқсат беру жөнінде келіссөз жүргізді», - деп мәлім етті көлік комитетінен.
Ведомство дерегінше, кеше Литваның көлік және коммуникация министрлігімен бірлескен комиссия отырысы өткен.
Кездесуде Польша аумағында қалған қазақстандық көліктерді Литва арқылы өткізу мәселесі келісілді.
Сондай-ақ, жүк тасымалын қамтамасыз ету үшін биылға арналған рұқсат бланкілерінің квотасы бекітілген.
«Қазіргі уақытта Литваға қазақстандық көліктердің тізімі ұсынылды. Оған сай, аталған ел олардың өз аумағы арқылы кедергісіз өтуін қамтамасыз етеді», - деп хабарлады көлік комитетінің баспасөз қызметінен.