408 техника және 700 жұмысшы: Астана қысты қарсы алуға дайын

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл қала көшелерін тазалау және күтіп-ұстау жұмыстары күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр. «Астана Тазалық» мекемесінің қоймаларында 1 200 м³-ден аса құм, 4 400 тонна көктайғаққа қарсы қоспалар және 1 000 тонна реагент сақтаулы. 

Қар қалың түсетін, желі қатты Астананың қысы — коммуналдық қызмет үшін нағыз сынақ. «Астана Тазалық» компаниясының басшылығы осы сындарлы кезеңге қалай дайындалғанын ашық әрі жан-жақты көрсетті.

Мекеме басшысы Замир Сагинов қала тазалығын қамтамасыз ететін жандардың еңбегін ерекше атап өтті.

— Қала таңын ашатын да, көшені қыстан аман алып шығатын да — осы еңбек адамдары. Қардың астында қалмайтын да, көктайғақта сүріндірмейтін де — олардың маңдай тері, — деді ол.

«Астана Тазалық» ЖШС-нің мәліметінше, биылғы қысқы маусымда қала көшелері мен жолдарын тазалау және күтіп-ұстау жұмыстары күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр. Күн сайын желіге 700 жол жұмысшысы шығып, орта есеппен 408 арнайы техника қар тазалау және ауа райының өзгеруіне жедел әрекет ету үшін дайын тұрады.

Фото: Астана Тазалық

— Қажетті материалдар қоры да толық көлемде жинақталған. Қоймаларда 1 200 м³-ден астам құм, 4 400 тонна көктайғаққа қарсы қоспалар және 1 000 тонна реагент сақтаулы. Ал арнайы техниканың үздіксіз жұмысын қала бойынша орналасқан үш сұйық реагент құю пункті қамтамасыз етеді. Олар «Есіл», «Нұра», «Сарайшық», «Алматы», «Сарыарқа» және «Байқоңыр» аудандарына қызмет көрсетіп, астаналықтардың жолда алаңсыз қозғалуына мүмкіндік береді, — деді мекеменің бас директоры.

Кәсіпорын алдағы маусымдық жүктемелерге толық дайын екенін мәлімдеп, қаланың коммуналдық инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданғанын атап өтті.

Бұдан бұрын елордада «Цифрлық жол қағазы» жүйесі іске қосылғанын жазған едік. Енді Астана көшелеріне шыққан әр техника қандай бағытта жүр, қандай көлемде реагент шашты, қай уақытта жұмыс бастады — бәрін нақты уақыт режимінде көрсететін болады.