44 жастағы әйел күйеуін ұрып өлтірді - ОҚО

ШЫМКЕНТ. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат - Сайрам ауданында өз күйеуін ұрып-соғып өлтірген 44 жастағы әйел ұсталды.

2012 жылдың 21 желтоқсанында Сайрам АІІБ-ның кезекшілік бөліміне жергілікті тұрғындардан жекеменшік үйлердің бірінен зорлық белгілері бар ер адамның мүрдесі табылғаны туралы ақпарат келіп түсті. Полицейлер Сайрам ауданының 1961 жылғы тумасы басына ауыр дене жарақаттарынан көз жұмғанын анықтады.

Жедел-іздеу шараларының барысында полицейлер жәбірленушінің аймақ мектептерінің бірінде мұғалім болып жұмыс істейін әйелін ұстады. Ол өз кінәсін мойындады.

Тергеу ерлі-зайыптылардың арасында жұбайының үнемі мас болып, әйелін ұрып-соғатындығы жиі болып тұрғанын анықтады. Сол күні жәбірленуші үйге қызара бөртіп келіп, екеуінің арасында кезекті жанжал туындап, ол зайыбын соққыға жыққан. Оған шыдай алмаған әйел жақын жерде жатқан кеспелтек ағаш алып, ерінің басынан бірнеше рет соққан. Соңынан оны үйге сүйрете кіргізіп, кереуетке жатқызған күйі жұмысына кеткен.

Аталған фактімен ҚР ҚК-нің 103 бабы («Жәбірленушінің өліміне әкеліп соқтырған ауыр дене жарақаттарын салу») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған азаматша қамауға алынды. Тергеу жүргізілуде.