49 жасында садақ ата бастаған: ШҚО мұғалімі қалай көшпенділер ойындарының чемпионы атанды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Осыдан екі жыл бұрын ғана Аяш Қабдолла садақ атуды үйрене бастаған еді. Ал бүгін 30 жылдық еңбек өтілі бар 51 жастағы мұғалім — Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының VI додасының жеңімпазы атанып отыр. Kazinform тілшісі оны әңгімеге тартып, үлкен спортқа қалай келгенін біліп көрді.

Фото: Спорт және дене шынықтыру істері комитеті

Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы дәстүрлі садақ атудан жарысқа 52 елден 196 спортшы қатысты. Аяш Қабдолла 60 метр қашықтықтан «Пута» нысанасына садақ атудан алтын медаль жеңіп алды.

— Көшпенділер ойындарының чемпионы атанғанда қандай сезімде болдыңыз?

— Жеңістің әсері әлі басылған жоқ. Өте бақыттымын! Мұнда әлемнің кілең мықты спортшылары жиналды, сондықтан бәсеке өте тартысты өтті. Әйелдер арасында Малайзия, Қырғызстан және Якутиядан келген садақшылардың шеберлігі ерекше болды. Финалда Қырғызстан өкілімен сайыстым. Ол — бірнеше дүркін әлем чемпионы. Садақ атумен он жылға жуық уақыт айналысып келеді. Ал мен бұл спортқа келгеніме небәрі екі жыл болды.
Әрине, қарсыласымның тәжірибесі мол екенін түсіндім. Бірақ бар назарымды өзімнің дайындығыма және дәл атуға аударуға тырыстым.

Қырғызстанның қонақжайлығы да ерекше әсер қалдырды. Бізді өте жақсы қарсы алды. Сондықтан бұл ойындардан жүрегіміздегі жылы естеліктермен қайтамыз.

— Садақ атуды 2024 жылы ғана бастағаныңыз таңғалдырады. Оның үстіне, спорттық мансапты мүлде жоспарламаған екенсіз…

— Иә, ондай жоспарым болған жоқ. Барлығы кездейсоқ басталды деуге болады. Облыстық жарыстарға ер адам мен әйелден құралған жұп керек болды. Жолдасым садақ атумен айналысады. Ол маған бірге қатысуды ұсынды.

Жарысқа дейін небәрі бір апта қалған еді. Сол уақыт ішінде жолдасым маған садақ атуды үйрете бастады. Ол кезде қашықтық 15 метр болатын, бұл салыстырмалы түрде жеңіл санат. Бір апта ғана жаттығып, жарысқа аттандық.

— Алғашқы жарыс қалай өтті?

— Жолдасым екеуміз бірден бірінші орын алдық. Бәрі, бәлкім, сол сәттен басталды. Садақ ату маған ұнады. Қызығушылығым артып, ары қарай айналысқым келді.

Содан кейін күн сайын жаттығатын болдым. Жұмыстан кейін үй шаруаларын реттеп, міндетті түрде садақ атуға уақыт табатынмын. Отбасыма, балаларыма, немерелеріне бұрынғыдай көңіл бөлемін. Бірақ жаттығу да өмірімнің бір бөлігіне айналды.

Алдымен шағын жарыстарға қатыстым. Кейін Шығыс Қазақстанның чемпионы атанып, республикалық деңгейге шықтым. Өткен жылы Оңтүстік Кореяның Ульсан қаласында өткен әлем кубогына қатысып, бірінші орын алдым. Ол кезде әлі ұлттық құрама сапында болған жоқпын. Ал қазір Көшпенділер ойындарындамын. Бір кездері 15 метрден бастаған болсам, бұл жолы 60 метр қашықтықтан бақ сынадым.

Фото: Спорт және дене шынықтыру істері комитеті

— Сіз 30 жыл бойы мұғалім болып еңбек еттіңіз. Спортпен кәсіби түрде айналысуға тым кеш деген ой болмады ма?

— Жоқ. Садақ атуда жас шектеуі жоқ. Бұл — кез келген адам айналыса алатын әмбебап спорт түрі. Менің оқиғам адамның өзіне өзі шектеу қоймауы керектігіне дәлел деп ойлаймын.

Жас — өзіңе ұнайтын іспен айналысудан бас тартуға себеп емес. Егер ниет болса, кез келген нәрсені байқап көруге болады.

— Биыл ұлттық құрама сапына өту үшін іріктеуден де өту керек болды. Бұл кезең қаншалықты қиынға соқты?

— Жазда Қазақстанда іріктеу — Чемпиондар лигасы өтті. Мен екінші орын алып, ұлттық құрама сапында өнер көрсетуге мүмкіндік алдым.

Ел ішіндегі іріктеуден өту кейде халықаралық жарыстарға қатысудан да қиын. Бізде садақшылар өте мықты, бәсекелестік жоғары. Әлем кубогі, Көшпенділер ойындары және басқа да ірі халықаралық турнирлерде ел намысын қорғау үшін алдымен өз еліңде өз мүмкіндігіңді дәлелдеуің керек.

Фото: Спорт және дене шынықтыру істері комитеті

— Садақ ату сіздердің отбасыларыңызда сүйікті спорт түріне айналған екен. Жолдасыңыз — Қазақстан чемпионы, келініңіз Ажар Рахметқызы — ұлттық құрама мүшесі. Енді кім кімге жаттықтырушы?

— Біз бір-бірімізге қолдау көрсетеміз. Жолдасым да садақ атумен айналысады, Қазақстан чемпионы. Ажар ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді. Екеуміз үнемі бірге жаттығамыз.
Жалпы, бүкіл отбасымыз осы спортпен айналысады. Жолдасымның анасы, балаларымыз, немерелеріміз — бәрі бізді қолдайды. Ұлым қаржылай көмектеседі, тіпті біздің демеушіміз деуге болады. Ал жолдасым мен Ажарға қажет жебелерді өзі жасап береді.

Отбасының қолдауынсыз мұндай нәтижеге жету маған әлдеқайда қиын болар еді деп ойлаймын.

— Қазір келініңіз Ажар облыстық федерацияны басқарады, өзі балаларды жаттықтырады. Шығыс Қазақстанда дәстүрлі садақ ату қаншалықты дамып келеді?

— Қызығушылық өте жоғары. Қазір Ажардың 32 тәрбиеленушісі бар. Облыстың барлық ауданында шәкірттеріміз бен жаттықтырушыларымыз бар. Глубокое ауданында бізге өте жақсы қолдау көрсетіледі.

Алайда әлі шешімін таппаған мәселе бар — толыққанды жаттығуға арналған орнымыз жоқ.

— 2024 жылы Kazinform агенттігіне берген сұхбатында Ажар Өскеменде жаттығуға лайықты орын жетіспейтінін айтқан еді. Демек, бұл мәселе әлі шешілмеген бе?

— Өкінішке қарай, шешілген жоқ. Ажар Өскеменде өз залын ашуға тырысты. Ол небәрі алты айдай ғана жұмыс істеді. Оның өзінде ай сайынғы жалдау ақысы шамамен 600 мың теңге болды. Оған несие мен басқа да шығындар қосылды. Ажар залды өз қаражатына ұстап тұруға мәжбүр болды.

Біздің мақсатымыз — жай ғана коммерциялық тир ашу емес, осы спортты дамыту, спортшылар даярлау еді. Ажар бизнесті қатар жүргізіп, спортты дамыту өте қиын екенін түсінді. Ақыры залды жабуға тура келді.

Фото: Аяш Кабдолланың жеке архивінен

— Онда чемпионаттарға қай жерде дайындаласыздар?

— Негізінен далада жаттығамыз. Өз залымыздан айырылғаннан кейін Төтенше жағдайлар департаментімен келісіп, біраз уақыт олардың залында жаттықтық. Кейін ол зал жөндеуге жабылды да, біз қайтадан далада қалдық.

Оның үстіне, кәдімгі спорт залы мәселені толық шеше алмайды. Дәстүрлі садақ ату үшін үлкен қашықтық қажет: 70, 90, ал кейбір спорт түрлерінде 145 метрге дейін барады.

Глубокое ауданында бізге дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде жаттығуға мүмкіндік беріп, қолдау көрсетіп отыр. Бірақ оның диагоналі бойынша небәрі 30 метрдей қашықтық бар. Сондықтан маңызды жаттығулар бәрібір далада өтеді.

— Сонда парадокс болып тұр ғой: Шығыс Қазақстан спортшылары халықаралық жарыстарда жеңіске жетеді, ал өздері далада жаттығуға мәжбүр.

— Иә. Ал Шығыс Қазақстанда қыс жеті-сегіз айға созылады. Сондықтан бізге толыққанды садақ ату алаңы — лукодром өте қажет.

Сапарларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Мысалы, Кореяда өнер көрсеткен кезде Глубокое ауданы бізге үлкен көмек көрсетті. Бұл қолдау үшін өте ризамыз.

Егер арнайы садақ ату алаңы болса, мүмкіндігіміз әлдеқайда артар еді. Нәтиже бар, жаттықтырушылар бар, спортпен айналысқысы келетін балалар бар. Енді осы спортты одан әрі дамытуға жағдай қажет.

— Көшпенділер ойындарындағы жеңістен кейін өзіңізге аз да болса демалыс бересіз бе?

— Әзірге демалуға уақыт жоқ. 11-15 қыркүйек аралығында Атырауда Қазақстан чемпионаты өтеді. Одан кейін дәл сол жерде әлем кубогі ұйымдастырылады. Сондықтан үйге оралған соң қайтадан жаттығуға кірісеміз.

— Осыдан екі жыл бұрын садақты кездейсоқ қолға алдыңыз, ал бүгін Көшпенділер ойындарының чемпионы атандыңыз. Жаңа дүниені бастауға өзіме кеш деп ойлайтын адамдарға не айтар едіңіз?

— Ештеңеден қорықпаңыздар. Мұны жастарға да, тек жастарға ғана емес, баршаға айтқым келеді. Алдыңызға таудай мақсат қойсаңыз, бәріне қол жеткізуге болады.

Біздің де үлкен отбасымыз, үйдегі шаруамыз, жұмысымыз аз емес. Бірақ бәрі қолдау көрсетеді. Бұл да алға қарай жылжуға күш береді.

Мен өзім осы спортпен небәрі екі жыл бұрын айналыса бастадым. Сондықтан алдын ала «менің қолымнан келмейді» деп өзіңізге айтудың қажеті жоқ. Әрекет жасап, еңбектеніп, мақсатыңызға қарай ұмтылу керек.

Еске салсақ, осыған дейін дәстүрлі садақ атудан Қазақстанның әлемдік бәсекедегі деңгейі қандай екендігін жазғанбыз