5 қазан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 5 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.

5 қазан. ЖЕКСЕНБІ Халықаралық мұғалімдер күні. 1994 жылдан бастап ЮНЕСКО шешімі бойынша атап өтіледі. 1966 жылы қазанның 5-інде Парижде өткен ЮНЕСКО бас конференциясында білім беру қызметкерлерінің құқықтық мәртебесі туралы алғашқы халықаралық құжат қабылданды. Португалия Республикасы күні. 1910 жылы монархия құлаған күн құрметіне атап өтіледі. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 84 жыл бұрын (1930) Қазақ ауыл шаруашылығы институты (қазіргі Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті) ашылды. 71 жыл бұрын (1943) Шымкентте Қазақ химия-технология институты ашылды. Білім ордасының алдына қойған міндеті - Қазақстанның құрылыс материалдары өндірісін инженерлермен қамтамасыз ету болды. Бастапқы кезде институттың бір ғана факультеті, 17 оқытушысы, 238 студенті болды. 21 жыл бұрын (1993) ақын Жұмекен Нәжімеденов тұрған үйге ескерткіш орнатылды. 9 жыл бұрын (2005) Павлодарда Бижан мешіті ашылды. Бұл мұсылмандардың мінәжат орны 1923 жылы салынған. Кеңес үкіметінің заманында ол мүлде жабылып қалды. Осыдан бес жыл бұрын мұсылмандар қаржы жинап, мешітті қалпына келтіруге кірісті. Ғимараттың ағаштан қиып салған қабырғалары кірпішпен алмастырылса да, оның бастапқы құрылысының сәулет ерекшеліктеріне нұқсан келген жоқ. Ашылу салтанатына ислам жолында жүргендер, қоғамдық бірлестік өкілдері, қала жұртшылығы қатысты. 9 жыл бұрын (2005) Алматыда белгілі режиссер, Қазақстан Республикасының кинематографтар одағының мүшесі Қ.Омаровтың «Мұнай тамшысындағы тағдырлар» атты деректі фильмінің тұсаукесер рәсімі өтті. Республикамыздың мұнай саласындағы ардагерлеріне арналған фильм үш бөлімнен тұрады. Фильмде отандық мұнай саласының дамуы, ардагерлердің суық климаттық жағдайларда аянбай еңбек еткендері туралы көрсетілген. Фильм «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы тапсырысы бойынша түсірілген. 5 жыл бұрын (2009) Павлодарда облыстың білім саласының үздік қызметкерлері таныстырылған «Алтын қор» жинағы жарық көрді. Басылымға ерен еңбектері үшін жоғары кәсіби баға алған үздік мұғалімдердің аты-жөндері енгізілген. 93 жыл бұрын (1921) Лондонда жазушылардың халықаралық бірлестігінің (ПЕН-клуб) негізі қаланды. ЕСІМДЕР 94 жыл бұрын (1920-1988) ақын Жұбан МОЛДАҒАЛИЕВ дүниеге келді. Орал облысының Ақжайық ауданында туған. Орал ауыл шаруашылығы техникумын бітірген. 1940-1947 жылдары әскер қатарында болған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1948-1952 жылдары - «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары. 1952-1954 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші. 1955-1956 жылдары - «Қазақ әдебиеті» газеті редакторының орынбасары. 1957-1963 жылдары - «Жұлдыз» журналының бас редакторы. 1963-1971 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы. 1973-1983 жылдары - КСРО Жазушылар басқармасының хатшысы. 1979-1983 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы қызметтерін атқарған. 1983-1988 жылдары - шығармашылық жұмыспен айналысты. Алғашқы өлеңі Орал облыстық «Комсомол ұрпағы» газетінде 1939 жылы басылған. 1949 жылы «Жеңіс жырлары» деген атпен тұңғыш өлеңдер жинағы шыққан. Содан бергі жылдар ішінде «Нұрлы жол», «Жыр туралы жыр», «Ғашық көзбен», «Заман тынысы», «Байқоңыр баспалдақтары», т.б. барлығы 60-тан астам кітабы, әр кезеңде қазақ, орыс тілдерінде таңдамалы шығармаларының бір томдығы, қос томдығы, үш томдығы жарық көрді. Өзі дүниеден өткеннен кейін шығармаларының екі томдығы шықты. 1970 жылы «Кісен ашқан» поэмасы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына, 1978 жылы «Қыран дала» және «Сел» поэмалары үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. КСРО Қорғаныс министрлігі сыйлығының лауреаты және А.Фадеев атындағы алтын медальдің иегері. Көптеген шығармалары ағылшын, неміс, француз, поляк, испан, венгр, араб, моңғол, словак және басқа да тілдерге аударылған. Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту, екі рет ІІ дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған. 1985 жылы «Қазақ КСР Халық жазушысы» құрметті атағы берілді. 90 жыл бұрын (1924-1988) белгілі сатирик, жазушы Шона СМАХАНҰЛЫ дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Жамбыл облысының Талас ауданында туған. Қазақ ұлттық педагогика университетін бітірген. 1943-1957 жылдары Жамбыл облысы Талас ауданында педагогикалық қызметте болған. 1957-1984 жылдары - «Мектеп» баспасының редакторы, «Қазақстан мұғалімі» газетінің әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, «Ара» - «Шмель» журналының фельетонисі, «Жазушы» баспасының редакторы, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Тұңғыш сатиралық өлеңдер жинағы «Тотияйын» 1959 жылы басылып шыққан. «Қу түлкінің сыбағасы», «Көріп жүр ғой көздерің, үкімін айт өздерің», «Шымшыма», «Ұры тіс», «Алтын жұмыртқа», «Ұр, тоқпағым, ұр», «Жүз шымшыма, қырық қышыма», «Қоңыраулы шеңгел», «Кездік», «Сандықтан шыққан шайтан», «Жымияды жеңешем», «Жасырайын несіне», «Өткірдің жүзі» сатиралық өлеңдер жинағы, тарихи тақырыпқа жазылған «Үміт жұлдызы» повесі жарық көрген. Бірқатар ән мәтіндерінің авторы. Орыс тілінде бірнеше кітаптары жарық көрген. Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен және медальдармен марапатталған. Алматы қаласындағы мектепке Ш.Смаханұлының есімі берілген. 81 жыл бұрын (1933-1999) физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі ЧАСНИКОВ Иван Яковлевич дүниеге келді. Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Қазақ КСР Ғылым академиясы Ядролық физика институтының аспирантурасын бітірген. 1956-1970 жылдары осы институттың кіші, аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі, директоры болған. 1970-1976 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясы Жоғары энергия физикасы институты директорының орынбасары. 1976 жылдан бастап аталмыш институттың директоры болды. Негізгі ғылыми еңбектері жоғары энергия физикасына, тәжірбие жүргізудің әдістемесіне, ғылыми зерттеулерді автоматтандыруға арналған. Ғалымның 300-ден астам ғылыми еңбегі жарық көрген. «Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған. 78 жыл бұрын (1936-2010) Социалистік Еңбек Ері, екі мәрте Ленин орденінің иегері, Қазан төңкерісі мен Еңбек Қызыл Ту ордендерінің, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстанның Жоғары Кеңесі шақырылымдарының депутаты, Қазақстанның мал шаруашылығына еңбек сіңірген қызметкері, қоғам қайраткері ТАМШЫБАЕВА Зылиха Жанболатқызы дүниеге келді. Талдықорған облысының Шанхай ауылы Гвардия ауданында дүниеге келген. 1954 жылы Қоғалы орта мектебін бітіреді. Өзінің еңбек жолын түлек бола жүріп бастаған ол жастардың сүт-тауарлық фермасын құрып, үш жылдан соң бригадир, Ш.Уалиханов атындағы колхоздың сүт-тауар фермасының меңгерушісі болды. 1963 жылдан 1969 жылдар аралығында Гвардия ауданы Шанхай ауылдық Халық депутаттар кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарды. 1969 жылдан 1970 жылдар аралығында Киров аудандық Халық депутаттар кеңесі атқарушы комитеті төрағасының орынбасары болды. 1970 жылы «Еңбекші» совхозының партиялық ұйым хатшысы болып тағайындалды, 1971 жылы директоры болып сайланды. Бір ауылда, бір шаруашылықта Зылиха Тамшыбаева 35 жыл бойы еңбек етті. 74 жыл бұрын (1940-1996) кескіндемеші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ТОҒЫСБАЕВ Тоқболат Төлепбайұлы дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ауданында туған. Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін (қазіргі О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжі) бітірген. Ол туған ел табиғатын бейнелеуде өзінің қайталанбас қолтаңбасын айқын аңғартты; заман мен адамды асқақ жырлаумен ұлттық бейнелеу өнері тарихында терең із қалдырды. «Гүл мен қыз», «Дала әуені», «Соғыс триптихы», «Дала балладасы», «Құрлысшылар сөзі», «Әнші таулар» атты кескіндемелік шығармалары айшықты әсемдігімен ерекшеленеді. Кескіндемеші портрет жанрында («Абай», «Айсұлу», «Ақын М.Шахановтың портреті», «Т.Ордабековтің портреті», «Е.Брусиловскийдің портреті». «Ә.Қашаубаевтың портреті») бейнелейтін адамның сыртқы ұқсастығынан гөрі ішкі парасатты ой толғанысы мен психологиялық-шығармашылық сезім дүниесін ашуды басты мақсат тұтты. Оның қылқаламынан туған туындылары кезінде республикалық, бүкілодақтық және халықаралық көрмелерге қойылған. Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты. 1997 жылы оның туған ауданындағы орта мектепке есімі берілген. 73 жыл бұрын (1941-2011) жазушы, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Жаңақорған ауданының құрметті азаматы ИСАЕВ Базарбай дүниеге келді. Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы қазіргі Манап аулында туған. Қызылорда қаласындағы педагогикалық (қазіргі Қорқыт ата атындағы) институтының филология факультеті қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін бітірген. Шиелі аудандық «Өскен өңір», Қызылорда облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы»), «Жас алаш», «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінің редакцияларында істеген. 1977-1986 жж. Қазақ КСР Ішкі істер министрлігінің аппаратында жауапты қызмет атқарды. 1986-1990 жж. «Жалын» баспасында аға редактор, 1990-1995 жж. ҚР Ішкі істер министрлігінің «Сақшы» - «На страже» газетінде тілші, редактордың орынбасары, редактор, 1996 жылдан бастап шекара әскерлері әскери институтының редакциялық-баспа бөлімі бастығының орынбасары, 1997 жылдан «Ұлан» - «Гвардия» газетінің бас редакторы, «Қазақстан сарбазы - Воин Казахстана» газеті жауапты редакторының орынбасары болған. ҚР Қарулы Күштерінің запастағы полковнигі, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы. «Отызыншы көктем», «Ақ жауын», «Ақ қайнар»,»Көктем шерткен күй», «Бақыт құсы», «Қауышу мен қоштасу» , «Сезім селі», «Мөлдір», «Арайна» атты жыр жинақтары жарық көрген. А.Чайковскийдің «Алыс жұлдыздың жарығы» повесін, Н.Думбадзенің «Алаң болма, апа!» романын, С.Радионовтың «Магнитофондағы жазу» повесін қазақ тіліне аударған. Жазушының «Өң мен түс», «Алтынай, ақ көйлек», «Көрбала және тергеуші», «Жігіт пен жендет» атты прозалық шығармалары бар. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты (1994). 55 жыл бұрын (1959) боксшы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері НҰРҚАЗОВ Серік Төкенұлы дүниеге келді. Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Ақтау кентінде туған. Алғашқы бапкерлері - Л.Тілеубаев, Я.Фетисов. Қазақстанның және халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы, «Трудовые резервы» бүкілодақтық ерікті спорт қоғамы біріншілігінің финалисі. КСРО халықтары спартакиадасының күміс және қола жүлдегері. Еуропа чемпионы және қола жүлдегері. КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы атанып, күміс және қола жүлделерді иеленген. Әлем Кубогінің күміс жүлдегері. 185 жыл бұрын (1829-1886) АҚШ-тың 21-ші президенті (1881-1885), мемлекет және саяси қайраткері ЧЕСТЕР Алан Артур дүниеге келді. 84 жыл бұрын (1930-1993) кеңестік және тәжік партия және саяси қайраткері, 1973-1982 жылдардағы Тәжік КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, 1982-1985 жылдардағы Тәжік КСР Компартиясы ОК бірінші хатшысы, 1991-1992 жылдардағы Тәжікстан Президенті НАБИЕВ Рахмон Набиұлы дүниеге келді. 78 жыл бұрын (1936-2011) Чех Республикасының бірінші президенті, Чехословакияның соңғы президенті, драматург, жазушы, көптеген әдеби сыйлықтардың лауреаты ГАВЕЛ Вацлав дүниеге келді. 73 жыл бұрын (1941) Аргентинаның 2002-2003 жылдардағы президенті Эдуардо Альберто Дуальде Мальдонадо дүниеге келді. 70 жыл бұрын (1944-2012) кеңестік және ресейлік театр және кино актері, Ресей халық әртісі МИХАЙЛОВ Александр Яковлевич дүниеге келді. 62 жыл бұрын (1952) Тәжікстан Президенті РАХМОН Эмомали Шарифұлы дүниеге келді. 38 жыл бұрын (1976) Шешен Республикасының президенті ҚАДЫРОВ Рамзан Ахматұлы дүниеге келді.