5 млн. адам тамашалауға мүмкіндік алатын ЕХРО-2017 көрмесін өткізуге кететін шығын 1,5 млрд. долларды құрайды

АСТАНА. 12 наурыз. ҚазАқпарат - 5 миллон адам тамашалауға мүмкіндік алатын ЕХРО-2017 көрмесін өткізуге кететін шығын 1,5 млрд. долларды құрайды.

Бұл туралы бүгін елордада БАҚ өкілдерімен ұйымдастырылған дөңгелек үстел барысында ҚР Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Рапиль Жошыбаев мәлім етті.

«Біз 2017 жылы өткізуді жоспарлап отырған көрме елорда құрылысының жоспарында көрініс тапқан. Болжамды шығыны шамамен 1,5 млрд. долларды құрайды», - деді ол.

Көрме 2017 жылдың жаз айларында өткізілетіндігін атап өткен оның айтуынша, аталған шараларға бюджет қаражатынан бөлек Халықаралық көрмелер бюросының тарапынан да қаржы тартылмақ. Жалпы елімізге бескүндік сапармен келген аталған бюроның қызметкерлері көрме өткілгеннен кейінгі уақытта шараға арнайы салынған нысандардың пайдаланылуы қалай жүргізілетіндігін де зерделемек. «Болашақ энергиясы» тақырыбында өткізілетін ЕХРО-2017 көрмесі аясында балама энергетика және жаңғырмалы энергия саласындағы соңғы ғылыми жетістіктермен қатар, жаңа ғылыми жаңалықтар,  алдыңғы қатарлы технологиялар көрсетілетін болады. «Яғни көрме қарапайым азаматтармен және туристермен қатар, ғылыми ошақтардың зор қығушылығын тудыратын орын болады деп санаймыз. Жалпы көрмені тамашалауға 5 миллионға жуық адамның келуі күтілуде», - деді ол.

Р.Жошыбаевтың атап өтуінше, бұл халықаралық ауқымды шараны өткізуге дайындық барысында еліміз осындай көрмелерді өткізудегі тәжірибені жан-жақты зерделеген. «Біз түрлі көрмелерді өткізу шығындары мен кірісін зерттедік. Бұл жобаның қаржылық шығыны айтарлықтай емес. Шығыны да кірісі де тең болады. Мемлекет тарапынан бөлінген қаражат жарнамадан, павильондардағы орындарды сатудан қайтарылады», - деді ҚР СІМ өкілі.