5 тамыз, СЕЙСЕНБІ АТАУЛЫ КҮНДЕР Халықаралық бағдаршам күні. 1914 жылы болған оқиғаға байланысты 5 тамыз күні атап өтіледі. Осы күні Американың Кливленд қаласында заманауи құрылғылардың алғашқы үлгілері пайда болды. Оның қызыл және жасыл шамдары болды, ал түстерін ауыстырған кезде дыбыс сигналын шығарып тұрды. Не дегенмен, ең алғашқы бағдаршамды британдық Джей Найт 19-ғасырда-ақ ойлап тапқан болатын. Бұл аппарат 1868 жылы Лондон парламенті ғимаратының алдына орнатылды. Үш жылдан кейін бағдаршам өздігінен жарылып, полицейді жарақаттады. Бұдан кейін бағдаршам 50 жылға ұмытылды. Тек 1910 жылы екі түсі бар алғашқы автоматты бағдаршам құрылғысы патенттелді. Қазіргі қолданыстағы үш түсті бағдаршамдарды алғаш рет 1920 жылы Детройт пен Нью-Йорк қалаларының тұрғындары көрді. Уақыт өте келе құрылғылар Америка мен Еуропаның түрлі қалаларында кең қолданыла бастады. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 296 жыл бұрын (1718) бүгінде үлкен қалаға айналған Семей әскери бекінісінің іргесі қаланды. Қазір қалада жақсы сақталып қалған бірегей және тарихи ескерткіштер баршылық. XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың бас кездерінде салынған ғимараттар мен нысандардың құндылықтары ерекше. Олардың көбісі әлі жұмыс істеп тұр. Оның ішінде бір және екі мұнаралы мешітті, бүгінде оқу мекемелері орналасқан ұлдар мен қыздар гимназияларын, мұғалімдер семинариясын атауға болады. Ал көпес Сахноның бұрынғы қонақүйінде бүгінде «Бинар» қонақүйі, ал губернатор үйінде тарихи-өлкетану мұражайының залдары орналасқан. 17 жыл бұрын (1997) Қазақстанның Бейжіңдегі елшілігінде Елбасы Н.Назарбаевтың қытай тілінде жарық көрген «Ғасырлар тоғысында» кітабының тұсаукесер рәсімі өткізілді. 15 жыл бұрын (1999) Қазақстан, Эквадор, Ирландия, Малайзия мен Тунис жаппай қарусыздану жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы конференциясының құрамына кірді. 9 жыл бұрын (2005) Оралға «Татарстан-Қазақстан» бейбітшілік және достық автокеруені келді. Автокеруен Қазан қаласының 1000 жылдығына және Набережные Челны қаласының 75 жылдығына, Қазақстан Республикасы Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 10 жылдықтарына арналған. Керуен құрамына 30 адам кірді, оның 20-ы мүгедек-спортшылар. Ұйымдастырушысы - «Еділ-Жайық» қайырымдылық қоры. Автокеруенге қатысушылар Орал қаласының көз тартарлық жерлерімен танысып, шахматтан және дойбыдан жолдастық кездесулер, Достық үйінде ұлттық мәдениет орталықтар өкілдері қатысқан кездесулер өткізілді. 7 жыл бұрын (2007) Алматыда қазақ тілінде әлем ертегілері енгізілген алғашқы CD-дің тұсаукесер рәсімі өтті. Барлық материалдарды Қазақ радиосының редакциясы тапсырған. Бұл үнтаспаның бір ерекшелігі, барлық материалдар қазақ тіліне аударылған. Ертегілер мемлекеттiк тiлдi үйренгісі келген адамдарға арналған бағалы оқу құралы болып табылады. Жалпы 6 үнтаспа шығарылған, әрқайсысының ұзақтығы - 100 минут. Әр CD-ға 10-12 ертегі енген, соның ішінде «Мысық пен қоян», «Арыстан мен түлкі», «Ақылды адам» және т.б. ертегілер бар. 6 жыл бұрын (2008) Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Есіл» ауданы құрылды. Ол Астана қаласының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан, Елорданың «Алматы», «Сарыарқа» және Ақмола облысының Целиноград аудандарымен шектеседі. Жалпы ауданы - 31,2 мың гектар жерді құрайды. Ауданға кіретін тұрғын алаптары - Пригородный, Ильинка, Шұбар, Тельман, Қараөткел, Заречный. Ауданда «Керуен», «Мега», «Сарыарқа» сияқты ірі сауда орталықтары бар. 431 жыл бұрын (1583) ағылшын теңіз саяхатшысы Х.Джилберт Ньюфаундленд аралын Британияның меншігі деп жариялап, онда алғашқы халықты қоныстандырды (Солтүстік Америкадағы алғашқы ағылшын колониясы). 156 жыл бұрын (1858) тұңғыш трансатлантикалық телеграф ашылды. Патшайым Виктория мен АҚШ президенті Джеймс Бьюкенен бір-бірімен сәлемдемемен алмасты. 153 жыл бұрын (1861) АҚШ әскерінде денеге жарақат сала отырып жазалауға тыйым салынды. 130 жыл бұрын (1884) Нью-Йорктың Бедлоу аралында «Бостандық» статуясының алғашқы іргетасы қаланды. 124 жыл бұрын (1890) Британия Мадагаскарды Францияның меншігі деп санауға келісті. 98 жыл бұрын (1916) Американың сағыздары алғаш рет Францияның нарығына түсті. 90 жыл бұрын (1924) Түрік үкіметі көп әйел алуға тыйым салды. 74 жыл бұрын (1940) Латвия КСРО-ның құрамына қабылданды. 50 жыл бұрын (1964) Америка авиациясы Вьетнам Демократиялық Республикасын бомбалай бастады. 13 жыл бұрын (2001) Американың саяхатшысы Стив Фоссетт әуе шарымен дүниежүзілік саяхатқа алтыншы рет аттанды. ЕСІМДЕР 92 жыл бұрын (1922) авиация генерал-майоры, екі мәрте Кеңестер Одағының Батыры БИГЕЛДИНОВ Талғат Жақыпбекұлы дүниеге келді. Ақмола облысы Майбалық ауылында туған. Саратов және Орынбор әскери авиациялық училищесін бітірген. Балалық және жастық шақтарын Бішкекте өткізді. 16 жасында аэроклубқа оқуға түсті. 1943 жылдың қаңтарында Бигелдинов Калинин майданына келді және алғашқы шайқастарда-ақ жеңіске жетті.1944 жылдың 26 қазанында оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Бұл уақытқа дейін ол 200 әскери ұшулар жасады. Т.Бигелдинов Берлин үшін шайқасқа да қатысты. 1945 жылдың 27 маусымында оған екінші мәрте Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ол Кеңес Одағының Батыры атағын екі рет иеленген 65 әскери ұшқыштың бірі болды. Бигелдинов Отан соғысындағы өзінің әскери жолын құрметпен аяқтап, 1945 жылдың 24 маусымында Жеңіс шеруіне қатысты. 1950 жылы Бигелдинов әскери-әуе академиясын аяқтады және 1956 жылдарға дейін КСРО Қорғаныс Күштерінің қатарында командир орынбасары және авиациялық полк штабы басшысы қызметтерінде жұмыс істеді. 1956 жылы авиацияның генерал-майоры Бигелдинов запасқа кетті. 1957-1970 жылдар аралығында - Азаматтық авиацияның қазақ территориалдық басқармасының аға инспекторы және бастықтың орынбасары. 1968 жылы Бигелдинов Мәскеу инженерлік-құрылыс институтын сырттай бітіріп, ұзақ уақыт бойы ҚазКСР мемлекеттік құрылымы жүйесінде басшылық қызметтерде жұмыс істеді. Т.Бигелднинов сондай-ақ Ленин орденімен, екі рет Қызыл Ту орденімен, Отан соғысының ІІ және ІІІ дәрежелі ордендерімен, Қызыл Жұлдыз, Александр Невский, ІІІ дәрежелі Даңқ, және өзге де отандық және шетелдік ордендермен және медальдармен марапатталған. 90 жыл бұрын (1924) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері ТӘНЕКЕЕВ Сәйдәлім Нысанбайұлы дүниеге келді. Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1947-1949 жылдары - Алматы облысы Ұйғыр аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім бастығы. 1952-1959 жылдары - Алматы облысы Жамбыл аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Іле аудандық атқару комитетінің төрағасы, Ұйғыр аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық мәдениет басқармасының бастығы, Панфилов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1960-1978 жылдары Қызылорда облыстық партия комитетінің хатшысы, екінші хатшысы, Республикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан тұтынушылар одағының төрағасы қызметтерін атқарған. 1963-1986 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. 1988 жылдан Қазақстан мүгедектер қоғамының төрағасы қызметін атқарады. Екі рет І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз», төрт рет «Еңбек Қызыл Ту», екі рет «Құрмет белгісі» ордендерімен, Моңғолияның «Құрмет» орденімен, төрт рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, Халықаралық кооператив альянсінің «Құрмет белгісі» грамотасымен, бірнеше медальмен марапатталған. 79 жыл бұрын (1935) Дағыстан мәдени орталығының төрағасы, Қазақ КСР еңбек сіңірген ұстазы, Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі, Қазақ КСР халықтық білім беру ісінің үздігі, КСРО ағарту ісінің үздігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі, Құрметті теміржолшы УВАЙСОВ Мусаннип Зиятдинулы дүниеге келді. Дағыстан Республикасында туған. Ақтөбе педагогикалық училищесін, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. 1957 жылдан Алматы қаласы мектептерінде бастауыш сыныптар мен математика пәнінің мұғалімі болған. 1964-1974 жылдары - №77 орта мектебі директорының орынбасары, №17 орта мектептің директоры. 1974-1983 жылдары - Алматы қаласы Ленин аудандық (қазіргі Жетісу) халықтық білім беру бөлімінің бастығы. 1983-1989 жылдары - Алматы темір жол оқу орындары бөлімінің бастығы. 1989-1991 жылдары - Алматы қаласы халықтық білім беру басқармасының бастығы. 1991-1996 жылдары Алматы темір жол оқу орындары бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған. 1996 жылы зейнеткерлікке шығып, сол жылдан Дағыстан мәдени орталығының төрағасы мен «Центр» ПИК басқарма төрағалары қызметін атқарады. «Құрмет Белгісі», «Достық» ордендерімен, «Еңбек ардагері», «За доблестный труд», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне - 10 жыл», «Қазақстан темір жолына - 100 жыл» медальдарымен марапатталған. 75 жыл бұрын (1939) күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ЖЕЛДІБАЕВ Әбдімомын дүниеге келді. Жамбыл облысында туған. Жамбыл мәдени ағарту училищесін, Алматы консерваториясын бітірген. 1964 жылдан Шу аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болды. 30 жылдан астам уақты «Шу еркесі» халық аспаптар ансамбліне жетекшілік етті. Композитордың «Арман құс», «Абай арманы», «Жамбыл толғауы», «Тұран елі» сияқты 70-тен астам күйі мен әні бар. Оның «Ерке сылқым» күйі халыққа кеңінен таралған. «Құрмет» орденімен марапатталған. 65 жыл бұрын (1949) суретші, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі ТАЛҚАМБАЕВ Бақтыбек Омарұлы дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Мәскеу сәулет институтының сәулет факультетін, КСРО Суретшілер одағы жанындағы Е.А.Роземблюмнің дизайн орталық оқу-әдістемелік студиясын бітірген. Қылқалам шебері ұзақ жыл бойы қолданбалы өнердің сан түрлі саласында жемісті еңбек етіп келеді. Ол қазақ үйге қажетті есіктер, кебежелер, ыдыс-аяқтарды ағаштан ойды. Сәулетші ретінде Шымкент қаласындағы бірқатар ғимараттардың жобасын жасады. Оның көптеген өнер туындылары Жапония, АҚШ, Франция, Болгария, Норвегия және ТМД елдерінің жеке коллекционерлерінің қорында сақтаулы. 61 жыл бұрын (1953) актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі ЛЕБАЕВА Жібек Рахымбердіқызы дүниеге келді. Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген. 1975 жылдан Талдықорған (қазіргі Алматы облысы) драма театрында қызмет істеген. Қазір Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар және жастар театрының актрисасы. Осы театр сахнасында Ақтоқты, Ұлпан (Ғ.Мүсірепов «Ақан сері - Ақтоқты», «Ұлпан»), Қарагөз (М.Әуезов «Қарагөз»), Елена Андреевна (А.Чехов «Дядя Ваня»), Катерина (У.Шекспир «Асауға тұсау»), Гүлдариға (Д.Исабеков «Алтын бесік») рөлдерін ойнаған. 170 жыл бұрын (1844) орыстың ұлы суретшісі Илья Ефимович РЕПИН дүниеге келді. 164 жыл бұрын (1850) француздың ұлы жазушысы Ги де МОПАССАН (Анри Рене Альбер Ги де Мопассан) дүниеге келді.
84 жыл бұрын (1930) словак саясаткері, Словакияның 1993-1998 жылдардағы тұңғыш президенті Михал КОВАЧ дүниеге келді.